Ақпараттық портал

Ер есімі – ел есінде

Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы екені белгілі. Сондықтан оны еске алып, жас буынның жадына тоқыған үлкендердің үлесі. Әсіресе, ата-әжелердің балалығын ұрлаған Ұлы Отан соғысындағы батырлардың жанкештілігін, ұйқысыз түндерді, күлкісіз күндерді естен шығармау қажет. Өйткені, бұл нәубетті жылдар қазақ халқының жүрегіне жазылмас жара қалдырды.
Биыл жанкешті ата-әжелеріміз жақындатқан Жеңістің 80 жылдығы. Мемлекет басшысы оны кең көлемде атап өту қажеттігін айтып, ауқымды шараларды ұйымдастыруды тапсырды. Ондағы мақсат – сұрапыл соғыста фашизмнің отын өшірген майдангерлеріміздің ерлігін келешек ұрпаққа жеткізу, олардың бойында патриоттық тәрбиені шыңдау.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1941 жылдың қыркүйек айының соңында басталған Мәскеу шайқасында Қазақстанда құрылған генерал И.В.Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясы үлкен маңызға ие болды. 16 қарашада Панфиловтың дивизиясы Ұлы Отан соғысының аңызына айналған шайқасқа қатысты. Бұл шайқаста 28 панфиловшылар Дубосеково торабының қарсаңында неміс танк батальонының жолына тұрып, 20-дан астам танкіні жойып, тоқтатқан болатын. Панфиловтың жиырма сегіз батырының ерлігі Мәскеу үшін шайқастың жарқын үлгілерінің бірі болып, екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы бетбұрысы болғаны мәлім.
Оқ пен от бораған қан майданға қатысқан жауынгерлер арасында жерлестеріміз де жетерлік. Олардың қатарында Кеңес Одағының батырлары атанған Саттар Естемесов пен Сәду Шәкіров сынды аталарымыз бар. Олар көзсіз ерліктерінің арқасында бірі майдан даласында қаза тапса, бірі бейбіт күндегі тіршілікті тіктеуге атсалысты.
Шу өңірінде елді ұжымшарларға ұйымдастыру кезінде өзінің үлгілі ісімен елге елеулі еңбек етіп, есімі тарихта қалған беделді тұлға бар. Ол – Хати Сауранбаев. 1941 жылы қасіреті мол екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ел басына ауыртпалық түскен сол бір зұлмат жылдарда жамбылдықтар танк колоннасы мен әскери ұшақ құрылысына 18 миллион 184 мың сом қаржы жинаған. Оның ішінде 180 адам 10 мыңнан, 20 адам 15 мыңнан, 5 адам 60 мыңнан және 5 адам 75 мың сомнан ақша жинағанда Белбасар ұжымшарының басқарма төрағасы Хати Сауранбаев 100 мың сом ақша аударған. Және армияны жоғарғы дәрежеде керек-жарақпен қамтамасыз етудегі еңбегі үшін Хати Сауранбаевқа СССР Қорғаныс Министрінің Алғыс хаты беріліп, «Еңбек Қызыл Ту» ордені және бірнеше медальдар кеудесіне тағылған.
Баһадүр ардагерлерді еске салу шарасы тер төгіп жүрген саламызда да жолға қойылған. Оның ішінде жас оқырмандармен етене байланыс орнатып, оларға арналған арнайы танымдық сағаттар өткізіледі. Сонымен қатар тарихи кітаптардың мазмұнымен танысады.
Бүгінгі таңда өкінішке қарай, ауданымыз бен ауылда ҰОС ардагерлері қалмады. Тыл шебінде тер төккен жандардың да қатары сиреп барады. Кітапханашы ретіндегі біздің міндет сол аталардың есімдері мен ерліктерін дәріптеу, танымдық һәм тәрбиелік мәні бар іс-шараларды ұйымдастыру.
Бізге бүгінгідей бейбітшілік пен Жеңісті жақындатқан барша ардагерлерге алғыс айтып, ерліктерін құрметтейміз. Рухтары шат болсын дейміз!
Жеңіскүл Байларова,
Еңбекші ауылдық кітапханасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.