Абайдағы ескерткішке елу жыл
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурызда өткен IV Ұлттық құрылтайда халыққа ономастика саласындағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы айта келіп: «Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет. Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Сөз жоқ. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет» деген болатын. Осы орайда, ел ішінде «Дота ағай» атанған әкемнің Абай ауылында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арнап соққан «Мәңгілік ескерткіші» жайында ой қозғауды перзенттік парызым деп санаймын. Дота Қазақбаевтың ескерткішті мектеп оқушыларының атынан орнатқаны – болашақ ұрпаққа үлгі.
Жарты ғасыр ғұмырын мектеп қабырғасында өткізген ұлағатты ұстаздың тәрбиесін алғандар елге адал қызмет еткен жандар, алды зейнеткерлікке шыққан тұлғалар. Дота ағайдың балаға берген білімі мен тәрбиесін Абай ауылының тұрғындары осы күнге дейін ұмытқан емес. Кеңес үкіметі кезіндегі жанқиярлық қызметі өз алдына.
Дота Қазақбаев 1927 жылы Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген. Танымал ұстаз, еңбек ардагері. КСРО және ҚКСР «Халық ағарту ісінің озық қызметкері». Тәуелсіздік жылдары мектеп директоры болған Шу ауданының Құрметті азаматы.
Әкесі Қазақбай ақынның азан шақырып қойған есімі Досеке болатын. Қуғын-сүргіннің құрбаны болған әкесінен ерте айырылған баласын анасы Алтынай апамыз оқытуға бел буып, білім жолына салады. Ашаршылық жылдары мен соғыс уақытында бала оқыту оңай болған жоқ. Ішерге ас болмаған. Білімге құштар болған бала Дота осындай қиыншылықтарды өткеріп, ерте есейді.
1942 жылы Өндіріс ауылында жеті жылдық мектепті тәмамдаған. Жасынан зерек болған шәкірт Новотроицк қазақ орта мектебінде 8-9 сыныпта оқып жүріп селода ашылған бес айлық ауданаралық мұғалімдер курсын сәтті аяқтайды. Білімге деген құштарлығының арқасында 1948 жылы Жамбыл педагогикалық училищесін бітірген. Он жеті жасынан ұстаз атанған Дота Қазақбаев 1949 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық интитутының тарих факультетін сырттай тәмамдаған.
Алғашқы педагогикалық еңбек жолын 1944 жылы 16 тамызда Шу қаласындағы Қосқұдық отын даярлау өндірісіне қарасты нөмірі 51-ші бастауыш мектебінде меңгеруші болып екі жыл қызмет атқарудан бастаған. 1946-1951 оқу жылдары Ақтөбе, Еңбек бастауыш мектептерінің меңгерушісі болған.
1951-1954 оқу жылдары Ақтөбе жетіжылдық мектебінің оқу ісінің меңгерушісі. 1954-1956 оқу жылдары Көктөбе (Жамбыл) мектебі, 1958 жылдан зейнетке шыққанға дейін әр жылдары Алға сегізжылдық мектебі мен Абай орта мектебінің директоры қызметін атқарған.
Дота Қазақбаев атақты Сауытбек сал мен Жидебай шешеннің үзеңгілес досы болған Қазақбай ақынның ұлы. Сауытбек пен Қазақбай қуғын-сүргіннің құрбаны болғаны баршаға аян. Қазақбай Алматы қаласындағы абақтыда болған сегізінші айында жазған өлеңінде:
Орыс, жөйт, персиян, түрік, араб,
Әрқайсысы келіп жатыр әрбір жайдан.
Қытай, дүнген, тараншы, қырғыз, тәжік,
Бұларды дейтін емес «келдің қайдан?».
Адам атын білмейтін әртүрлі жан,
Кеп жатыр төңкеріс боп осындаймен.
Алматыда бас қостық үш жүз түгел,
Орта Жүз ‒ Қоңырат, Қыпшақ, Арғын, Найман, ‒ деп, тек бір қазақ емес, барлық ұлттардың қызыл империя құрбаны болғанын күйіне жазады.
Туған жерінің амандығын тілеп, елдің қамын бірге ойлаған жан жолдастарының тағдырына алаңдайды, жүрегі ауырады.
Ескі Аша, аман болғын, қайран елім,
Тройске, Қорағаты ‒ қайран жерім,
Күнту, Қыпшақ, Сарүйсін әм Боқайнат,
Бестерек, Шымырдағы барлық бегім.
Ерлерім ел ішінде жолдас болған,
Басқаша өзгелерден, бөлек жөнің.
Сауытбек, Әтібекпен төңкеріс боп,
Бұл жерде көзім көрді жөнелгенін, –
деп, жанжолдасы Сауытбек сал мен Әтібекті атап, олардың айдауға кеткені туралы маңызды дерек жазып қалдырады.
Дота Қазақбаев та кеңес үкіметінің қыспағына көнбей, әкесі Қазақбай секілді елдің бірлігі мен бала тәрбиесіне қатты мән берген, оны өмірлік ұстанымына айналдырған. 1959-1960 жылдары заман бейбіт болғанмен, үлгілі ұстаздың әулетіне қара бұлт үйірілген қасіретті кезең болды. Соңынан түскен тыңшылар Дота ағайдың үстінен домалақ арыз түсіріп, жала жауып, КГБ-ға «доклад» берген. Мектеп ішіндегі келеңсіз жайларды сылтау ретінде пайдаланып, әкесі Қазақбайдың «крупный бай-кулак» екенін алға тартып, оның шығарған өлең жолдарын ел арасына таратқан. Әкесінің Совет үкіметіне қарсы ойларын насихаттап жүр, «умышленно проповедовал антисоветские взгляды своего отца – интернированного кулака» деп айып тағады. Совет үкіметі өкілінің шешімдерінің ішінен төмендегіні оқимыз: «3.Дело о распространении среди населения антисоветских высказываний, содержащихся в письме его отца, передеть в органы КГБ».
Рухани бай әулетте тәрбиеленген Дота Қазақбаев бұл қиындықтан сүрінбей өтті. Оның алғышарты – халық ішінен шыққан ақындар мен шешендердің аталы сөздерінен нәр алғандығы болса керек. Сол себепті де алдағы мақсаты айқын, ойы анық болатын. Анасы Алтынайдан, әкесінің көзін көрген шалдардың әңгімесінен бабаларының тереңнен сөз қозғаған, ел қамын ойлаған жандар екенін жақсы білетін. КГБ-ның құйтырқы істері қаншалықты ауыр тигенімен асылдың сынығы, тектінің тұяғы – Дота Қазақбаевтың абыройы асқақтады.
1929 жылы НКВД қамауға алғаннан кейін, әкесі Қазақбай ауылдағы ағайынға:
Сендерге нар деп салды жүкті Құдай,
Ерлік қып көтеріңдер мұны шыдап.
«Сен-мен» деместен, ынтымақ қыл,
Бірігіп жан сақтаңдар ақыл сұрап, –
деп сәлем жолдап, елін ынтымақ пен бірліке шақырады.
Елдің тыныштығын, бірлігін аңсаған әкесі Қазақбай секілді ел ынтымағын нығайту жолын, білім саласы мен балалар тәрбиесін таңдаған Дота Қазақбаев барлық сыннан аман өтіп, халқының ыстық ықыласына бөленді. Мектеп қабырғасындағы тәжірибесі мен өмірдегі жалғыздықтан көпшіл қауымға айналған өз әулетінің биік рухы мен табандылығының арқасында ел құрметтейтін үлкен тұлғаға айналды. Ардақты, сыйлы кісі болды. Шу ауданының Құрметті азаматы атанды. Еңбек ардагері атанған мектеп директоры ғұмырының соңына дейін ауылдағы ағайынның мұң-мұқтажына көңіл бөлген. Көше тәртібі мен бала тәрбиесіне аса ыждаһаттылықпен қараған ұстазды туған ауылы осы күнге дейін тамсана еске алып, үлкен мақтанышпен Дота ағай деп ардақтап келеді.
1941 жылы Абай ауылынан соғысқа аттанғандар аз болған жоқ. Дота Қазақбаев соғыста мерт болғандардың тізімін жасайды. Оның барлығы дерлік оққа ұшқан соғыстан кері ауылдарына қайтпағандар. Сұм соғыста ерлік көрсеткен жерлестерінің есімін ұрпақ санасында сақтау үшін, елім деп жан тапсырған жауынгерлердің құрметіне Ұлы Отан соғысының 30 жылдығына орай Абай ауылының орталығына еңсесі биік «Мәңгілік ескерткіш» орнатады. Бұл ескерткішке биыл елу жыл толып отыр.
Дота Қазақбаевтың ескерткіш алдында соғыс ардагерлерімен, ауыл тұрғындарымен бірге түскен суреттері сақталған. Бір суреттің сыртына «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қаза болған 95 жауынгер жерлесімізге мектеп оқушылары атынан орнатылған Мәңгілік ескерткіш. 1975 жыл 9 май. Дота Қазақбаев» деп өз қолымен жазған. Осы ескерткіш қазіргі таңда ауылдың көркін кіргізіп тұр. Айналасында Дота ағайдың өз қолымен отырғызған ағаштары көздің жауын алардай әсем саябаққа айналды. Ауылдағы айтулы іс-шаралар осы ескерткіштің түбінде өтеді.
Дота ағай осындай есте қалар ескерткіштің тағы бірін көрші ауылға да тұрғызған. Бұрынғы Алға совхозында, қазіргі Сауытбек ауылының орталығына Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап зәулім ескерткіш орнатқан. Осының бәрін елі үшін аса зор сүйіспеншілікпен жасаған.
Жерімізді жаудан қорғаймыз деп соғысқа аттанғандардың қатарында Дота Қазақбаевтың бауырлары Қадыр мен Мырзахан да болған. Екі бауыры да елге оралмаған. Архив құжаттарында Мырзахан Қазақбаев 1923 жылы туған, 77 атқыштар дивизиясының жауынгері, Беларусияда 1944 жылы 6 қаңтарда қаза болған деп көрсетілген.
Ал, Қадыр Қазақбаевқа қатысты соңғы жылдардағы іздеу жұмыстары бойынша 262-ші атқыштар дивизиясының құрамында 1943 жылы 20 қаңтар мен 5 ақпан айларының аралығында барлық жауынгерлермен бірге қаза болғаны туралы ақпарат пайда болды. Құжатта 262-ші атқыштар дивизиясының жауынгері, атқыш Қадыр Қазақбаев Смоленск облысының Бельск ауданындағы Гарьшалыта ауылының солтүстік бетінде 300 метр жерде жерленген деп жазылған.
Басқа архив құжаттарында тағы бір маңызды дерек бар. Ол тізімде Қадыр Қазақбаев 1943 жылы соғыста із-түссіз жоғалған, туған жылы 1912, анасы Ергөбекова Ұлжан делінген. Ұлжан анамыздың есімі жазылғандықтан бұл құжат Қадыр Қазақбаев туралы екені анық. Ал, оның қаза болғаны немесе із-түссіз жоғалғанын анықтау алда тұрған үлкен шаруа. Бұл құжаттар зерттеуді қажет етеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың: «Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалармен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауға тиіс. Тәуелсіздік, Республика, Бірлік сияқты мемлекеттілігіміздің басты тұғыры саналатын негізгі ұғымдарға баса мән беру керек. Елдігімізді сақтаймыз, мықты мемлекет боламыз десек, осының бәрін естен шығармаған абзал» деп айтқан жолдарына аса мән беруіміз қажет. Жерін жаудан қорғаған бабаларымызды, туған ауылын көркейткендерді естен шығармауымыз керек. Ел бірлігін ойлаған, мектеп оқушыларына жарты ғасырға жуық білім берген, Тәуелсіздік жылдары аудандағы білім ошақтарында мектеп директоры болған, елін қорғаған жауынгерлерге аудан көлемінде бірнеше ескерткіш орнатқан асыл азамат – Дота Қазақбаевтың өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шу ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист Ахметжан Қосақовтың сөзімен айтқанда: «Ел бірлігі мен тірлігіне әрдайым қамқоршы бола білген Дота ағаның» жасаған еңбектері ұрпақ есінде мәңгі сақталады.
Дота Қазақбаев білім саласында аянбай тер төккен, Егеменді Қазақстанның ынтымағы мен бірлігіне зор үлес қосқан, ел үшін адал қызмет атқарған қазақтың біртуар азаматы.
Әлқуат Қазақбаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, өнертанушы ғалым, қобызшы, композитор.