Ақпараттық портал

Елдің ұлы бола білген Шахан ағай!

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай майдангер ұстаз, “Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі” атағының иегері Шахан Әлішов туралы мақала жазуды парызым деп есептеймін. Өйткені, мен 1969 жылы Сәду Шәкіров атындағы мектеп–интернатта ұстаздық еңбек жолымды бастап, зейнетке шықтым. Зейнетке шыққаннан кейін аудандық ардагерлер ұйымына С.Шәкіров мектебінің ардагер ұстаздар кеңесінің төрайымы болып қабылданып, қазір аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесімін.
Ұлы Отан соғысында жан алып, жан беріскен алапат шайқастарда Отанын жаудан қорғап, ерен ерлік танытып, Совет Одағының Батыры атағына ұсынылған жамбылдық 8 батырлардың ішінде біздің Шахан Әлішов ағай да бар. Өткенді еске алсам, соғыстан аман-есен келіп, ұстаздық еңбегін жалғастырып, “Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі” атағын иеленгендердің бірі Шахан ағай еді. Сол кезде мұғалімдер арасында аудан бойынша үш – ақ ұстаз болса, соның бірі Шахан ағай. Шахан ағай өзінің ұлағатты ұстаздығымен, парасаттылығымен, адалдығымен, батылдығымен және қарапайымдылығы сияқты ізгі қасиеттерімен ел есінде қалған биік тұлға.
Сөзім дәлелді болу үшін Шахан ағайдың қарындасы Әселхан Оразымбетқызының естелігін ұсынамын. Естелікте:
-Шахан аға Әліштен жалғыз ұл еді. 5 жасында әкесі қайтыс болып, анасы Балжанның тәрбиесінде болады. Телеу атамыз келіні мен немересінің отауын көтеріп, өзінше үй етіп қояды. Содан Шахан аға ержетіп, жігіт болғанша елдің басынан талай қилы-қилы заман өтеді. Кеңес үкіметі орнап, біздің аталарымыз «бай-болыстар» тұқымы деген қуғыншылыққа ұшырайды. 1932-1933 жылдары ата қонысымыз Топардан қашып шығып, Қырғыз елінде қайтыс болады. Содан біраз жыл өткен соң, ел іші аздап тыныштала бастағанда, ағайын туған өзіміздің аталарымыздың жайлауы Аңырақай тұсындағы Қаржауға жиналады. Шахан ағадан кейінгі Базарбай тұқымының балалары сол Қаржауда дүниеге келгенбіз. Кеңес үкіметінің кезінде біздің ағайындарымыз Қара, Жантүгел, Есім, Малай сияқты үш-төрт колхоз болады. Біз Мерецкий деген колхозда тұрдық. Шахан аға мектепті бітірген соң, мұғалімдер даярлайтын курсты бітіріп, ауылда ұстаз болып қызмет атқарды. Содан ел жаңадан ес жинап келе жатқанда, ержеткен жігіттердің көбі 1939 жылдан әскер қатарына шақырылып, одан әрі азаматтық міндетін 1941 жылғы Ұлы Отан соғысында жалғастырады.
Шахан ағаның анасы Балжанға баласының әскерге кетуі жүрегіне үрей төндіріп, оның тағдырына алаңдай бастайды. Шахан аға майданға аттанарда:
-Ардақты анам! Сіз мені тәрбиелеп өсірдіңіз. Ана, мен соғысқа аттанамын. Отан аманатын орындауым керек. Мен майданға кетті деп қайғырмаңыз, қайта өз ұлыңыз Шахан солдат болып, Отанын жексұрын жаудан қорғауға аттанғанын мақтан етіңіз!
Мен майданға аттанарда анам Балжан мойнына құрма дәнінен моншақ тақты (1.XII.1939ж). Содан мен болған 52–армия құрамында қимыл жасаған Багда Хмельницкий Оренді Атқыштар дивизиясының полктері көп күнге созылған қатты ұрыста шегінген жауды өкшелей қуды. Осы ұрыстарда мыңдаған солдаттар мен офицерлер ерліктерімен көзге түсті. Оның ішінде, Шахан, менде бар едім.
Қазақ баласы – ар мен намыс иесі. Мен майданнан оралғанда анам Балжан мойнынан құрма моншақты шешті (6.XI.1945 ж Шахан ағаның естелігінен).
Сол бақытты ана, ардақты әже, бала-шағасының қызығын көріп, жалғыз ұлынан он шақты бала сүйіп, немерелерін аймалап, сексеннен асқан шағында өмірден озды деп жазды.
Ұлы Отан соғысында Шахан ағай III, II-ші дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Сталинградты азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, яғни 4 орден, 25 медаль және бірнеше грамоталармен марапатталған.
Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралған батыр ағамыз ұстаздық еңбек жолын «Ақтасты» ауылының бастауыш мектеп меңгерушісі, 1949 жылы «Панфилов» жетіжылдық мектебінің директоры, 1959 жылы С.Шәкіров атындағы мектеп-интернат меңгерушісі қызметінен бастап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, ұстаздық еңбегін абыроймен атқарып, 1978 жылы зейнетке шықты.
Шахан ағай мағыналы өмірін, ақыл-парасатын, ұстаздық тәлім-тәрбиесін жас ұрпақ тәрбиелеуге арнады. Дос-жолдасқа адал, туған-туыс бауыларына қамқор бола білді.
Ғұмыр – мәңгілік емес. Мұны басы жұмыр пенденің бәрі де біледі Шахан ағай мен Бақтыбала тәтеміздің ұрпақтары өсіп-өніп қызмет атқаруда. Қара шаңырақта Қалмен мен Дина бүкіл әулеттің ұйытқысы болып отыр. Төле бидегі бір көшеге Шахан Әлішев есімі берілген.
Мектебімізде Шахан ағайдың 100 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Жиында «Ұлағат отауы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжаһан Кәрібайқызы Шахан ағайдың ұстаздық өмір жолын еске түсіріп, артына ізгілік нұрын қалдырған білім саласының аса мәртебелі ұстазы, мейірім – шапағаты мол адам болғанына тоқталды.
Шахан ағай өзі сабақ берген қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінде ұлағатты ұстазға арнап, бұрыш ашылды, оған жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмақұлова Назира Сағынғалиқызы жетекшілік етеді. Мақсатымыз – жас ұрпаққа Ұлы Отан соғысының ардагерінің ерлік істерін үлгі ете отырып, егеменді еліміздің патриоттарын тәрбиелеу.
Дәнен Бейсенбаева,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.