Жауынгер ұстаз жадымызда
Биылғы жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толып жатса да, сұм соғыстың ызғары әлі де көптеген жанның жүрегінде. Өйткені, бүгінгі таңда бұл өмірде сұрапыл соғысқа қатысушылардың өздері болмаса да, олардың ұрпақтары әке жолын жалғап, бейбіт өмірде күйлі күн кешуде. Жалпы, кейінгі ұрпақ өкілдері Ұлы Отан соғысына қатысушылардың ерен ерлігін ұмытпайды. Олардың әрқайсысы жоғары құрметке лайық. Солардың бірі – Абдрасил Касенеев.
Ол 1910 жылы Шу ауданында туған. 1942 жылы соғысқа аттанып, Семей қаласында атқыштар дайындығынан өтіп, қыркүйек айында 81-ші атқыштар дивизиясы құрамына қабылданады.
– Менің білетінім, әкем Курск, Днепр шайқастарына қатысып, бірнеше мәрте марапатталған. Анама майдандағы командирлерінен Алғыс хаттар келіп тұратын. Өкінішке қарай, ол хаттар сақталмағандықтан, қазір жоқ. Іздегенімізбен таба алмадық. Майдандық газетке «Агитатор Касенеев ведет агитация на 7-ми языках» атты мақала шыққан. Ол да сақталмапты. Жеті тілді қалай меңгердіңіз деп сұрағанда күліп қойып: -Агитацияны мен қазақ және орыс тілінде жүргіздім. Ал, взводымда жеті ұлт өкілі болды. Олардың арасындағы украин, орыс, беларусь орысша түсінеді. Ал, қазақ, қырғыз, өзбек, татар қазақ тілін түсінді,-дейтін.
-Тұтқын офицерді штабқа қалай әкелгендігін, үңгірде қалып қойып, үсті плащ, палаткамен жабылып қалып, оны аршып алғанша кішкене ауамен тыныстап, артында қалған 1 жасар қызын ойлап, тірі қалғандығын, тағы сол сияқты түрлі оқиғаларды айтып отыратын. Майданнан оралғанда трофей ретінде швейцарь сағатын, жалауын алып келіпті. Жас болғандықтан шығар, ол да сақталмапты,-дейді біздің сыныптасымыз Абдрасил Касенеевтің қызы Анар Касенеева.
Абдрасил ағайды оның шәкірттері де өнегелі жан ретінде үлгі тұтады. Өзім де ағайдың шәкірттерінің бірімін. Оның зор адамгершілік қасиетке толы ұстаздық қызметпен өрілген өмір жолын өзінің барша шәкірттері жоғары бағалайды. Солардың бірі – Мұсалитегі Боранқұл Жұматайұлы: -Мен интернат пансионда 1967-1969 жылдары оқыдым. Сол жылдары Абдрасил ағай бізге тәрбиеші болды. Өте жауапты, талапшыл, әділ ұстаз еді. Біз ол кісіден жауаптылықты үйрендік. Әр ауылдан жиналған балаларды бөліп-жармай, өз балаларындай тәрбиеледі. Интернатта балалардың сабаққа уақытылы дайындалуына жағдай жасады. Сол кісілерден көрген жауаптылық , әділдіктің арқасында сол жылдары бітірген оқушылар өмірден лайықты орын тауып, ел өмірінің әр саласында еңбек етіп, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Ұстазымыздың тәрбиесі бізге мәңгілік өнеге болды,-дейді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, ардақты ұстазымыздың басынан өткен ерлігін ұлықтау – шәкірттер үшін үлкен мақтаныш. Касеенев Абдрасил ағай бізге химия пәнінен сабақ берді. Оның сабағын сүйіспеншілікпен тыңдап, қызығып оқушы едік. Химия саласы өте терең ғылым екенін айтып, оны дәлелдеп, сабақты қызықтырып өткізетін. Ұлы ұстазымыздың тәлім-тәрбиесі қашан да біздің жүрегімізде. Көптің мақтанышына айналған ағайдың рухына бағышталған халқымыздың алғысы мен марапаты да зор деп білемін. Иманы салауат болсын. Өнегелі өмір жолын біз әрдайым үлгі тұтамыз.
Көрген жанды адамгершілік қасиетімен баурап алатын Абдрасил ағайдың жауынгерлік қасиеті де тым бөлек. Елі үшін еміреніп, азаматтық борышын қасық қаны қалғанша майдан даласында өтеуге талпынғанымен, 1943 жылы Днепр шайқасы кезінде иығынан жараланып, еліне қайтады. 1988 жылы қайтыс болған жауынгер ұстаз Алматы қаласындағы Кенсай зиратында жерленген. Өмірлік жары Бекзат Максутованың да мәңгілік мекені осы жерде екен.
Адамдықтың туын биік ұстаған айтулы азамат өмірден өткенімен, оның кісілік келбеті мәңгі жүрегімізде. Өзінің көрмеген жақсылығы ұрпағына бұйырып, рухы жұмақта шалқысын дейміз.
Жылқыбай Қайшыбеков,
шәкірті.