Ақпараттық портал

Мен бүгін әкемді айтып толғанамын…

“Әкенің ақ тілегін өтеу – парыз, мен бүгін әкемді ойлап толғанамын” деп ақын өлеңінде жырланғандай, кім-кімге болса да асқар тау әкенің алып тұлғасы алыстаған сайын биіктей бермек. Табаны күректей төрт жылға созылған, жүректерге өшпес жара салған, тарихта өзіндік салмағы мен бағасы бар Екінші дүниежүзілік соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толған болса, осы бір айтулы датаның біздер үшін әлі де жаңғырығы жадымызда. Өйткені, сол қиян-кескі қан майданда толарсақтан саз кешіп, ауыздықпен су ішіп, жаумен бетпе-бет айқасқан батыр рухты бабаларымыздың бүгінде қатары кеміп, бірен-сараңы қалса да, олардың ерлігін, өрлігін өз құлағымен естіген перзенттері біз бармыз.

Менің әкем Бесбаев Байбосын 1925 жылы Шу ауданы, Белбасар ауылында дүниеге келген. Құжат бойынша әкемнің туған жылы 1924 жыл деп көрсетілген. Олай көрсетілуінің де өзіндік себебі бар. Әкем небәрі 17 жасында мектеп қабырғасында 9 сынып оқып жүргенде өзі сұранып соғысқа аттанады. Ол шақтарда комсомол ұйымы қатарына кіру деген үлкен абырой саналатын еді ғой, соның қатарына алыну үшін әкем өз жасын 1 жасқа үлкейтіп, 1941 жылы комсомол мүшесі атанады. Ал, Екінші дүниежүзілік соғысқа 1942 жылы қолына қару алып, ұрыс даласына еніп кетеді. Соғыс даласында жүріп 3 жылдық зенитшілер училищесіне түсіп, оны 6 ай мерзімінде аяқтап шығады. Қабырғасы қатайып, бұғанасы беки қоймаған бозбала Байбосын соғыс тактикаларын меңгергеннен кейін Украина қаласындағы артиллерия бригадасының құрамында нысананы анықтаушы болған екен. Украинаның Белая Церковь қаласын, Польшаның Люблин, Краков, Котовице қалаларын жаудан азат етуге қатысқан ержүрек әкемнің қайтпас қайсарлығы мен үшін үлгі-өнеге.
Жеңіс туы Рейхстагқа тігіліп, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, қазақ даласына жақсы жаңалықтар тарай бастап, батыр жауынгерлеріміз елге орала бастаған шақтарда әкем бой көрсетпейді. Ол кезде әкемнің анасы төсек тартып науқастанып жатады. Үлкен қызы Ұлбосынның жолдасы Сейіт Дубаев атамыз да із-түссіз, хабар-ошарсыз кеткен екен, сонда әжем “жалғыз күйеубалам да, жалғыз ұлым да соғыстан оралмады” деп ішқұса болып жатып қалған деседі. Сөйтіп 1942 жылы небәрі 17 жасында соғысқа аттанған әкем Байбосын Бесбаев 1946 жылы соғыстан дін аман оралғанда әжем орнынан ұшып тұрып, жүріп кетіпті. Әжемнің көзін көрдік қой, сол кезде өзі айтып отыратын “ұлымды соғысқа шығарып салғанда көзіме жас алған жоқпын, өйткені жаман ырымға баламайын дедім, баламның аман-есен оралатынын ана жүрегім сезді” дейтін. “Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар” демекші, әжем тәңірден күні-түні жалғызымды жау тылында жалмай көрме деп тілеген екен. “Баласы атқа қонса, анасы тақымын қысады” дегендей, ананың ақ тілеуінің қабыл болғанының көрінісі бұл.
Осы тұста кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген ниетпен әкемнің достыққа адалдығы турасындағы бір оқиғамен бөлісіп кетейін. Бүгінгідей ер азаматтарымыздың арасында достықтың бағасы құнсызданып бара жатқан қиын шақтарда ой салсын деген ниетім бар. Менің әкемнің Абдусалам деген өзбек майдандас досы туралы аз-кем айтып өтсем деймін. Соғыс уақытында өзбек жауынгері Абдусалам бірнеше жерден жарақаттанып жатып қалады. Жарасы жазылғанша орнынан қозғала алмай жатады. Сонда менің әкем өзінің үлесіне тиген тамағынан күнде досына аяққа тұрып кеткенше тасып тұрыпты. “Тар қолтықтан оқ тисе, шығады сүйеп шын жолдас” демекші, мұндай қадамға екінің бірі бара бермейтіні ақиқат. Жау оғы борап жатқанда да кескілескен ұрыстың ішінде жүріп досын қараусыз қалдырмаған әкемнің ары биік азамат екендігі осыдан-ақ көрінеді. Сонда риза болған өзбек досы “сенің бұл жақсылығыңды ешқашан ұмытпаймын” деп серт берген екен. Өзбек өз бауырым дегеннің үлгісі осы болса керек. Соғыс аяқталғаннан кейін Абдусалам Шуға деп бірнеше рет хат жазып тұрыпты. Алайда хаты үнемі Қырғызстан мемлекетіндегі Шу деген ауданға түсіп отырыпты. Уақыт өте келе ол жақтағылар “бізде Байбосын Басбаев есімді азамат жоқ, мүмкін Қазақстандағы Шу ауданына жолдарсыздар” деп кеңес беріпті. Бір қызығы, хат кейін аудандағы баспа үйіне келгенде Жахан деген тілші ағайымыз әкемді бірден танып, хатты үйге алып келіпті. Міне, осыдан кейін барып 1986-87 жылдары Абдусалам деген кісі Науаиден әйелімен бірге біздің үйге қонақ болып келеді. Соғыс аяқталғаннан кейін аттай қырық жыл өткеннен кейін майдандас екі достың қауышуы тарихи сәт деп білемін (суретте).
Азаматтық болмысы, тектілік қалпы, өр рухы бар әкемнің алғырлығы, ізденімпаздығы біздерге өнеге. Ол соғыстан аман оралған соң қарап жатпай, білім алуға Алматыға аттанады. “Заң” факультетіне түсуді ойға алған ол дайындық курсын бір жыл оқып, оны үздік аяқтаған соң, оқуға алынып тұрған жерінен “бидің тұқымы” деген солақай арыз түсіп, оқудан шеттетіледі. Менің әкем құралпылас бірқатар замандастары да әртүрлі себептермен оқуға түсе алмай қалады. Сол кезде ректорлары кісіге қарасқан жақсы азамат болса керек, әкеміздің көзі ашық екендігін аңғарып, Қазақстанда оқи алмайтындығын айтып, білім алу үшін Қырғызстанға қарай жол сілтейді.
Міне, осыдан кейін әкем анаммен бірге отау құрып, Қырғызстанға көшіп барады. Ол жақта Полтавка деген жерде тұрып, әкем де, анам да Қырғызстанның мұғалімдер даярлайтын институтына түсіп, біреуі тарих, біреуі орыс тілі факультетін ойдағыдай тәмамдап шығады. Екеуі де еңбек жолын Қырғызстан мектебінде бастап, мұғалімдік қызметтерін атқарады. Кейін 1954 жылы елге оралып, Шу ауданындағы Белбасар ауылына келіп орналасады. Әкемнің сауаттылығын, біліктілігін байқаған болар, Еңбекші, Абай ауылдарындағы мектептерге директорлық қызметке жібереді. Бұл қызметтерді абыроймен атқарған соң туған ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне орнығады, әрі тарих пәнінен де сабақ беріп жүреді. Әкемнің тәлім-тәрбиесін, ілім-білімін алған шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы аттарды иеленіп жүргенін мақтанышпен айтуға болады.
Әкемнің қан майдандағы ерлігі, бейбіт күндегі ағартушылық қызметі ескерусіз қалған емес. ІІ дәрежелі “Отан соғысы” орденімен, “Маршал Жуков”, Жеңістің 40, 50 жылдығы, КСРО Қарулы күштеріне 60, 70 жыл толуына орай мерекелік медальдармен наградталған. Ал, білім саласында тер төккені және жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін “ҚазақКСР халық ағарту ісінің озат қызметкері” төсбелгісімен, Қазақ ССР оқу министрінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ мерекелік медальдармен марапатталған.
80 жасына қараған шағында өмірден озған нар тұлғалы әкеміздің артында 9 ұл-қызы қалды. Әкеміз бен анамыз қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып, қағып өсіріп, бәрімізді оқытып-шоқытып, елге, қоғамға пайдасы бар азамат етіп тәрбиелеп кетті. Бүгінде мәуелі бәйтеректің мызғымас тамырына айналған әкеміздің артында бүтіндей бір қауым ел қалып, ұрпағы өсіп-өнуде. “Бір әкенің тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп” деген ұлағатты сөздің үдесінен шыға білген әкеміз Байбосын Бесбаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығы тұсында туғанына 100 жыл толып отыр. “Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық” демекші, бүгінде мүйізі қарағайдай әкеміздің абыройлы атын иеленіп, сол атқа кір келтірмей, перзенттік борышымызды өтеуге барымызды салып келеміз. Өзімізден кейінгі ұрпаққа тарихтың осы бір кезеңдерінде ерлік көрсеткен жауынгер бабаларының ерлігін айтудан жалықпай, елді құрметтеуге, Отанды сүюге тәрбиелеп келеміз.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы бір кездері “Атағыңа атың сай келсе ғана сыйлы боласың” деген еді. Әкем Байбосын Бесбаев сондай атқа лайық азамат бола білді деп айтуға толықтай негіз бар. Міне, бүгін соны хал-қадірімше хатқа түсіріп отырған жайым бар. Ер атағы ел есінде сақталғанда ғана олардың үлгі боларлық ерлік, өрлік істері ұрпақтан-ұрпаққа жарасымды жалғасын таба бермек. Менің де әкем туралы толғануымның да себебі осы. Елімді, жұртымды Ұлы жеңістің 80 жылдығымен құттықтай келе, бейбіт өмірде мамыражай күн кеше берейік, Тәуелсіздігіміз тұғырынан таймасын дегім келеді.

Қазира Бесбаева,
ардагер ұстаз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.