Ақпараттық портал

Бишілер бақ сынады

Жуырда аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Шу ауданының 95 жылдығы аясында «Сырлы биім – елге сыйым» атты аудандық бишілер байқауы өтті.
Тамыры терең ұлттық өнеріміз — қазақ биінің мәртебесін көтеру, өнерсүйер дарынды жастарды іріктеу, хореографтарға қолдау көрсету және би өнерін насихаттауды мақсат еткен байқауға 9-17 жас аралығындағы 9 би тобы қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде бишілер қазақ биін, екінші кезеңде әлем халықтарының биін орындады.
Қазылар алқасының құрамында тәжірибелі хореографтар болды. Олар әр қатысушының би орындау шеберлігі мен сахнадағы ұтқырлығын жоғары бағалай келе, Бас жүлдені Қонаев ауылдық мәдениет үйінің «Аруым» ұлттық бишілер тобына (жетекшісі Ахметова Сандуғаш), І орынды Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінің «Көркем» бишілер тобына (жетекшісі Мұхамедқалиева Балжан), ІІ орынды Абай ауылдық мәдениет үйінің «Жұлдыз-Ай»бишілер тобына (жетекшісі Наурыз Мадина), ІІІ орынды Ақсу ауылынан қатысқан «Agsauyt» бишілер тобына (жетекшісі Мархабек Динара) және Көктөбе ауылдық мәдениет үйінің «Тарту» бишілер тобына (жетекшісі Сауытбек Әйгерім) берді.
Іс-шара қатысушылар мен көрермендер үшін нағыз өнер мерекесіне айналып, барлығы көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар бұл байқаудың жастарды ұлттық мәдениетке баулып, би өнеріне қызығушылығын арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.

Маржан Көпбосынова,
Шу аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.