Елдос Нұралиев: «Шуақты қала қуатты шаһарға айналар күн алыс емес»
Шу қаласы тұрғындарға жайлы қоныс қана емес, тамырын тереңге жайып, тарихын теміржолмен байланыстырған шежірелі шаһар. Ол облыстан бөлек республика көлемінде экономикалық һәм ауылшаруашылық саласына серпін беруші әрі стратегиялық маңызы бар мекен.
Қаланың төсінде айқыш-ұйқыш жолдар тарамдалып, батысты шығыспен байланыстырып, теріскейді түстікке жалғап жатқаны әмбеге аян. Қысқа қайырғанда, теміржолшылар қаласы тұтас елдің экономикасын тіктеуге сүбелі үлес қосып келеді.
Бүгінде баянды болашаққа бетбұрыс жасаған шаһардың етек-жеңі кеңейіп, инфрақұрылымы дамып, жаңа үйлер салынып, тіршіліктің тың түрлері түзілгенін байқаймыз. Былтырғы жұмыстарды бажайлау үшін біз қала тізгінін ұстап отырған жас әкім Елдос Бекболатұлы Нұралиевпен тілдескен болатынбыз.
-Құрметті Елдос Бекболатұлы, сіз таяуда ғана өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы өз есебіңізді бердіңіз. Қандай жетістіктерді табысты деп санайсыз?
-Негізгі нәтижелерге тоқталатын болсақ, алдымен үш басты бағытты бөліп айтар едім. Біріншіден, бұл – жол желісін ауқымды жаңарту жұмыстары. Елестетіп көріңізші, екі жыл ішінде біз асфальтталған көшелердің үлесін 52 пайыздан 61 пайызға дейін арттырдық. 2024 жылы 62 көше төселді, бұл 20 шақырымнан астам сапалы жол жабыны жасалды деген сөз. Сонымен қатар, біз асфальт төсеп қана қоймай, мәселеге жан-жақты қараймыз, қажет болған жағдайда тротуарлар саламыз, жол жиектерін нығайтамыз. Екіншіден, Қант зауыты шағын ауданын ауыз сумен жабдықтау мәселесі шешілді. 2022 жылы басталған құны 1,5 млрд теңге болатын жоба жуырда өз мәресіне жетті. Қазіргі таңда іске қосу – жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мамыр айының соңына қарай мыңнан астам отбасы таза суға тұрақты түрде қол жеткізбек. Үшінші маңызды әрі аса өзекті мәселе – баспана. Біз 8 көппәтерлі үйді жөндеп қана қоймай, 73 отбасына «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша жаңа тұрғын үйлерді тарту еттік. Жылдар бойы өз кезегін күткен адамдардың қуанышына куә болу – біз үшін өте маңызды.
-Шешімін таппаған мәселелер қатарында ауыз сумен қамту бар. Таза суға зар болып отырған өзге шағын аудандардағы шаруа қалай шешілмек?
-Жасыратыны жоқ, Жанқұлиев, Жайсан және Горгаз шағын аудандарының тұрғындарының алаңдаушылығын жақсы түсінемін. Ондағы жағдай өте күрделі. Өйткені 11 мыңға жуық адам, қала халқының үштен бір бөлігі әлі күнге дейін судың зардабын бастан кешіруде. Біз бұл мәселені шешудің белсенді сатысындамыз. Барлық жобалық құжаттама дайындалды, жобалардың жалпы құны-2,5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу порталы арқылы сенімді мердігерлерді іздеу үстіндеміз. Ескеретін жайттың бірі-бұл тек құбырларды қондыру емес. Біз қаланың даму перспективасын ескере отырып, заманауи жүйелерді енгізгіміз келеді. Мысалы, жаңа үйлерге су жүйесін қосу мүмкіндігін қарастырамыз, суды есептейтін заманауи құрылғыларды орнатамыз деген ойымыз бар. Егер бәрі жоспар бойынша жүзеге асса және жауапты мердігерді тапсақ, онда бір жарым-екі жылдың ішінде мәселе толығымен шешіледі. Бұл – менің жұмысымдағы жеке басымдылығым.
-Көптеген тұрғындардың көше жарығына байланысты сұрағы бар. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асуда?
-Бұл расымен түйткілді дүние. Себебі шаһардағы 313 көшенің тек 61-інің жарығының жібі түзу. Былтыр біз Есалиев, Мәметова мен Бекбосынов көшелеріне түнгі жарығын орнаттық. Бұл аз боп көрінеді. Бірақ жарық орнатылған көшелерде құқық бұзушылықтар азайып, жерлестеріміз өздерін қауіпсіз сезіне бастады. Биыл 5 көшені жарықтандыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, күн көзінен қуат алатын шамдарды орнату бойынша пилоттық жобаны қолға ала бастадық. Ол жұмыстар қауіпті саналатын нүктелерге қойылуда. Бұл бір жағынан тиімді әрі нәтижелі.
Негізгі қиындық тудыратыны – желілердің тозуы. Кейбір жерде бағаналарды ауыстыру аздық етеді. Себебі жер асты коммуникацияларын толығымен өзгерту керек. Бұл уақыт пен қомақты қаражатты қажет ететіндігіне қарамастан біз мақсатқа қарай сенімді түрде қозғаламыз.
-2025 жылғы бюджеттің 30 пайызға қысқарғанын білеміз. Бұның салдары әлеуметтік бағдарламаларға қаншалықты әсер етеді?
-Иә, бюджеттің жалпы көлемі 1,25 млрд теңгеден 901 млн теңгеге дейін азайды, бірақ бұл қаражатты оңтайландыру мен қайта бөлумен байланысты. Алайда тұрғындардың алаңдаушылығына негіз жоқ. Бұл жағынан жерлестеріміз қам жемесе де болады. Мәселен, 716 млн теңгеге 42 көшені асфальттау бағдарламасы толық көлемде қалып отыр. Одан бөлек, 10 көппәтерлі үйді күрделі жөндеу де жоспардан түскен жоқ. Біз жоғарыдан бөлінетін бюджеттерден қосымша қаржыландыру туралы келіссөздерді бастадық. Үнемдеу шарасы қаражатты тиімді жұмсау, мердігерлерді қатаң бақылау, негізсіз шығындармен күресу арқылы қол жеткізіледі. Біз аз ресурстармен көбірек жұмыс істеуге дағдыландық.
-Теміржол вокзалы – тұтас ауданның бас қақпасы және айнасы. Бірақ оның бүгінгі халі баршамызды уайымға салып отыр. Алдағы уақытта қандай өзгерістер болады?
-Теміржол вокзалы шұғыл шешімді қажет етеді. Ғимарат 36 жылда бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Бұл ретте күн сайын болат жол арқылы 2,5 мыңға дейін адам өтеді.
Қазіргі таңда құны 3,4 млрд теңге болатын ауқымды қайта құру жобасы басталды. Нақты не жасалады десеңіздер, бұл жұмысқа инженерлік коммуникацияларды толық ауыстыру, тарихи келбетін сақтай отырып, қасбетті жөндеу, күту залдарына заманауи ішкі безендіру, вокзал маңындағы алаңды 524 млн теңгеге абаттандыру амалдары қамтылады. Ескеретін дүние бар, бұл жай ғана жөндеу емес, осы қадам арқылы бүкіл аймақтың мақтанышына айналатын заманауи көлік торабы жасалады. Қала тұрғындары мен қонақтары келесі жылы түбегейлі өзгерістерді тамашалай алады деген болжам бар. Шуақты қала қуатты шаһарға айналар күн алыс емес.
– Сұхбатты қорытындыласақ, 2025 жылдың қай жобасы Шудың болашағы үшін ең маңызды деп ойлайсыз?
– Егер, жемісті жобаны атап өт десеңіз, ол сөзсіз “Жеңіс” саябағын қайта құру. Қаланың қақ ортасындағы 10 гектар жерді заманауи қоғамдық кеңістікке айналдырамыз.
Ол жерде жаңа жарықтандыру жүйесі, заманауи балалар мен спорт алаңдары, қарттарға арналған демалыс аймақтары, велосипед жолдары, жаңартылған суару жүйесі болады.
687 млн теңге – бұл біздің балаларымыздың өмір сапасына, қала тұрғындарының денсаулығына, Шу қаласының беделіне салынған инвестиция. Жастардың бұрылыстарда емес, гүлзарларда уақыт өткізетінін көргенде – дұрыс бағытта келе жатқанымызды түсінер едік.
– Әңгімеңізге рахмет! Қала тұрғындары сіздің ашықтығыңыз бен нақты жоспарларыңызды бағалайтынына сенімдімін!
Сұхбаттасқан Руслан Искаков.