Ақпараттық портал

Жемқорлықсыз болашаққа нық қадам

Бүгінде ел болып еңсемізді көтеріп, тәуелсіздігімізді алып, барша әлемге танылдық, мемлекетіміздің тамыры тереңге тарап, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар қабылданды, ел экономиясы мен әлеуметтік жағдайымыз түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнымызды айқындадық. Алайда, алға жылжуға кедергі келтіретін факторлар да жоқ емес, кез келген кеселмен үздіксіз күресте ғана нәтиже шығатынын ескерсек, мемлекеттің өзекті мәселесіне айналып отырған жайларды қоғамның назарынан тыс қалдыруға болмайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе» деп атап өткен болатын. Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі – сыбайлас жемқорлық. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір–біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
Жемқорлықтың қандай түрі болмасын, қоғам үшін қауіпті! Сыбайлас жемқорлық жайлаған қоғам, сөз жоқ жан-жақты дами алмайды. Жемқорлық жайлаған қоғамның экономикалық дамуы да ойдағыдай болмайды. Осындай жағдайдан іргеміздің аулақ болуына ықпал ететін іс-шаралар қоғамымызда жүзеге асуда. Сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға міндеттіміз. Ол үшін елімізде түрлі шаралар іске асырылуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестен барлық мемлекеттік қызметшілер сырт қалмауы қажет. Әрбір мемлекеттік қызметші тек өз іс-әрекеттері үшін емес, тұтастай ұжымның жұмысы үшін де жауапты. Мемлекет жұмыс жасауға лайықты еңбек жағдайларын жасаған соң, мемлекеттік қызметшілерден заңнаманы қатаң сақтауды талап етуге құқылы. Біз әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие бола аламыз.
Сыбайлас жемқорлықпен барша қоғам болып күресуіміз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жемқорлықпен толассыз күресе беретін болсақ, болашағымыздың ашық та жарқын болатыны, егемен еліміздің ертеңіне деген сеніміміздің үстемеленетіні ақиқат.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсіндіріледі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 15 тарауында Мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттiк басқару мүдделерiне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқықтық бұзушылықтар үшін әртүрлі жазалар қарастырылған. ҚР ҚК 361 бабына сәйкес, Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін мүлкі тәркіленіп,белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айрылып, 2000 АЕК айыппұл төлеу, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылу немесе шектеу жазалары қолданылады. ҚР ҚК 366 бабына сәйкес, пара алғаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойынан айрылып, параның 50 еселенген мөлшерінде айыппұл салынып, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылу жазалары қолданылады. Міне осының барлығы әрбір азаматтың жадына жүруі тиіс. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – баршамызға ортақ міндет.
Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілеті. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады.
Қазақстан Республикасының әр азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білсе еліміздің дамуы бұдан да биік дәрежеге көтерілетіні хақ. Жалпы, кез келген қызметкер өз отбасында, әріптестерінің арасында осы бір қағидаларды ұран қыла білсе, бұл індеттің түбімен жойылатыны анық.
Жемқорлыққа қарсы күресте барлық адамдар заң мен сот алдында тең. Жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру, сыбайлас жемқорлық пен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою, олардың алдын алу және барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзіреті шегінде күрес жүргізу, яғни жемқорлықпен күресу – жалпыға ортақ міндет.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуы тиіс.

Бақытжан ЖӘНІБЕКОВ,
Шу ауданының әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.