Тұрғындар қойған сұрақтарды түртіп алды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев Шу ауданындағы «Fufeng» жүгері зауытында болып, оның құрылыс жұмыстарымен танысты.
Осыдан кейін депутаттарға Шу қаласында жаңғыртудан өтіп жатқан вокзалдың құрылыс жұмысы таныстырылды. Жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ қаладағы Горгаз шағын ауданындағы ауыз су жүйесінің жағдайы да депутаттардың бақылауынан тыс қалмады.
Бұдан соң депутаттар Жиенбет ауылындағы 100 орындық жаңа мектептің құрылысын көрді. Іссапар барысында аудан тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды депутаттар жазып алды. Сенаторлар осыдан кейін Қордай ауданында болып, ондағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Мұндағы сапардың мақсаты – әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысу, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын бақылау және халықпен кері байланыс орнату. Аталған нысандар бойынша таныстыру жұмыстарын Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов жүргізді. Ең әуелі делегация Қордай ауылындағы аудандық орталық аурухананың жұмысымен танысты.
Мұнда медицина қызметінің сапасы, дәрігерлердің жұмысы және мекеменің материалдық-техникалық базасы талқыланды. Кейін Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназияға барып, мектеп ғимаратының жағдайына назар аударды. Сондай-ақ депутаттар Қордай ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ететін қазандықтың жұмысын көріп, қыс маусымына дайындығы жөнінде тиісті ақпарат алды. Сапар барысында Сенат депутаттары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім нысандарына да барды.
Айта кету керек, облыста 2023–2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында жалпы 9500 оқушыға арналған 12 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның екеуі бүгінгі күні Қордай ауданында салынуда. Атап айтқанда, Қаракемер және Қарасу ауылдарында 300 орындық мектептердің құрылысы 2024 жылы басталған. Жоспарға сәйкес, қос мектеп биыл пайдалануға берілуі тиіс. Депутаттар құрылыс жұмыстарымен танысып, жауапты мердігерлерге белгіленген мерзім мен сапа талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертті.
Сонымен қатар халық қалаулылары Сортөбе ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектептің жылу қазандығының жұмысын да қарап шықты. Жауапты мамандарға тиісті ескертулер мен ұсыныстар берілді. Сенат депутаттары аудан басшылығына бірқатар нақты ұсыныстарын жеткізіп, әлеуметтік нысандардың құрылысын тұрақты бақылауда ұстау және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты.
Депутаттар Меркі ауданында да бірқатар нысандарды аралады. Халық қалаулылары әуелі Андас батыр ауылдық округінде Еуропалық қауіпсіздік даму банкінің қолдауымен салынып жатқан «АПТ» суару каналдарының құрылысымен танысты. Жоба – суармалы жерлердің өнімділігін арттыруға бағытталған. Ал Сұрат ауылдық округінде сенаторлар «Сыпатай батыр» серіктестігінің егін жинау науқанына қатысты.
Шаруашылық 600 гектар алқапқа арпа, бидай және қант қызылшасы орналастырған. Бұл алқаптарға жоғары сұрыпты элиталық тұқымдар себілген. Жамбыл ауылдық округінде сенаторлар «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен несие алып, жаңа іске қосылған саңырауқұлақ өсіру кәсібінің барысымен танысты. Кәсіпкер Айткүл Муслимова бүгінде 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын айтты. Сенаторлар сапар қорытындысында ауданның даму қарқыны мен жүзеге асып жатқан жобалардың тиімділігін атап өтіп, бұл бастамалардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететінін жеткізді.
Сондай-ақ Сенат депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев Мойынқұм ауданына да атбасын бұрып, әлеуметтік нысандарды аралады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист.