Жаңа балабақша ашылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы Жолдауларында мектепке дейінгі білім беру жүйесінің маңыздылығын ұмыт қалдырған емес. Мәселен, 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту – баланың болашақтағы дамуына негіз қалайтын аса маңызды кезең. Сондықтан бұл салада тәрбиешілердің біліктілігін арттырып, мектепке дейінгі ұйымдардың сапасын көтеру -мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болуы тиіс» делінген.
Әсілінде, сапа бәсекелестік бар жерде артатыны ақиқат. Ол үшін балалар бастапқы тәрбие алатын білім ошақтарының көптеп салынуы қажет. Соңғы жылдары ауданымызда кәсіптің игі түрі – жекеменшік балалар бақшаларының қатары артып келеді. Солардың қатарына Төле би ауылында ашылған 150 орындық “Альтаир” балабақшасы қосылып отыр.
Аталмыш нысанның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков, ауыл тұрғындары мен балғындардың ата-аналары қатысты.
Алғаш болып сөз алған Найман Кенжеханұлы жекеменшік балабақшалар – білім беру саласындағы серіктес екендігін айтып, бүлдіршіндерге сапалы білім, саналы тәрбие беретіндігіне сенім білдірді. Сонымен қатар өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
-Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы кәсіптің осы түріне қолдау көрсетіп, жекеменшік балабақшаларды ашуға ынталандыру қажет екенін айтқан. Бұл бағытта ауданымызда жыл сайын жемісті жұмыстар атқарылуда. Өйткені балаларды жарқын болашақпен байланыстыруда мектепке дейінгі білім басты құрал саналады. Осы орайда қолайлы жерден балабақша ашып отырған жерлесімізге өз алғысымызды білдіремін. Балапандардың келешектері кемел болсын! Жаңа білім ошағы игілікке қызмет етсін,-деді аудан әкімінің орынбасары.
Тұрғындардың айтуынша, 150 балаға шақталған су жаңа білім ошағы — ата-аналар үшін үлкен қуаныш, балалар үшін – алғашқы қадам. Ал балабақшаның негізгі құрылтайшысы — ауылдың дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкер Дәнебек Бегімбаев екенін айта кеткен жөн.
-Мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесінде де тәжірибелі тәрбиешілер бар. Сондай-ақ заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Балаларға күнделікті ыстық тамақ беріледі. Мұның бәрі бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына және қауіпсіз, қолайлы ортада тәрбиеленуіне жағдай жасайды,-дейді Дәнебек Толықбайұлы.
Ізгі тілектер мен құттықтаулар легінен кейін салтанатты сәт орын алып, қызыл лента қиылды. Қазақы ғұрыппен шашу шашылып, қонақтар ғимарат ішімен танысты.
“Альтаир” балабақшасы аудандық орталық аурухана маңайында ашылғанын айта кеткен жөн. Шу аудандық білім бөлімі берген мәлімет бойынша қазіргі таңда Шу өңірінде барлығы 63 мектепке дейінгі білім беру мекемелері бар. Оның ішінде 23 балабақша мемлекеттік, 26-сы жекеменшік және 14 шағын орталық жұмыс істейді.
Байжан Емберді.