Шаруасы шарықтаған Сағындықов
Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылындағы тасы өрге домалаған шаруашылықтың бірі – «Ержан» шаруа қожалығы. Шаруа қожалық төрағасы 68 жастағы кәсіпкер Марат Сағындықов. Мұндағы жұмыс ынтымақ пен татулықтың, түсіністіктің арқасында алға басып отыр. Себебі үлкеннің сөзін кішілері тыңдап, құлақ асады. Әкенің тағылымы мен тәртібіне балалары бағынады.
Қожалықта 100 гектар жайылымдық, 6 гектар жоңышқалық жер бар. Осы жерлерден шабылған шөптің барлығы бір орталыққа жиналады. Атап айтқанда, қысқы мал азығына 3 мың түк табиғи шөп, 2 мың түк жоңышқа дайындалады. Шаруа қожалық 2021 жылы 8 миллион 300 мың теңгеге лизингке жаңа трактор сатып алған. Ескі тракторы да бар. Бірақ жаңаның аты – жаңа. Жаңа трактор сатып алғалы жұмыс өнімділігі де едәуір артқан. Қазіргі таңда аталған шаруа қожалықта 100 жылқы, 60 сиыр, 900 қой өсірілуде.
Әрине, олардан алынып жатқан төлдің саны бөлек әңгіме. Жалпы, қожалықта 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 6 адам, яғни екі отбасы мал шаруашылығына жұмылдырылған. Әр малшы отбасына 200 мың теңге жалақы, ұн, азық-түлік төленуде. Қозы бөлік кезінде әрбір малшының еңбегіне қарай қозы беріп, ынталандыру және бар. Төраға Марат Әшімбекұлының өзі ауыл шаруашылығы саласынан алшақ емес. Ол 43 жыл ұжымшарда мал дәрігері болып еңбек еткен. Яғни, малдың жағдайын жақсы біледі.
Төраға Мараттың жұбайы Айзада Сағындықованың мамандығы – есепші. Екеуінің үш ұлы бар. Қолында Ержан есімді баласы тұрады. Ержан да шаруашылыққа, кәсіпкерлікке бейім. Ержанның жұбайы Әсел де – жеке кәсіпкер. Ауылда жеке дүкенде сауда жүргізеді. Айналып келгенде бәрі табыс табу жолында жұмыс істейді. Сондықтан бұл шаруа қожалық жұмысында береке бар.
«Ендігі мақсат – мал санын өз төлінен көбейтіп, шаруашылықты үлкейту. Мемлекеттің талабына сай еңбек ету. Шаруашылық үлкейген сайын ауылыма берер көмегім де артады. Қазір де туған жерге көмегімді беріп отырмын», – дейді төраға. Марат Сағындықовтың сөзін Балуан Шолақ ауылдық округ әкімі Данияр Сандыбаев қолдады.
«Бұл кісі ауылдық округтегі көптеген іс-шараларға демеуші. Түрлі іс-шара мен жиындарда осындай ірі кәсіпкер ағаларға арқа сүйейміз», – деді ол.
Біз де Марат Сағындықовтың ақ көңіл, жомарт, еңбекшіл жан екенін байқап, жұмысына табыс тіледік.
Есет ДОСАЛЫ,
журналист.