Әскери бөлімге экскурсия жасалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас буынға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңыздылығына ерекше мән беру керектігін ұдайы айтып келеді. Президент 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Бүгінгі таңда жастарды отансүйгіштікке баулу – аса маңызды міндет. Әскери-патриоттық тәрбие – ұлт қауіпсіздігінің негізі. Біз жас ұрпаққа елін сүюді, Отан алдындағы борышты терең сезінуді үйретуіміз қажет» деген болатын.
Жуырда Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың бастамасымен аудандық мәслихат депутаты және Жастар ресурстық орталығының директоры Ғани Қойбағаровтың ұйымдастыруымен маңызды шара өтті. Олай дейтініміз ауданымыздың бір топ жастары Алматы қаласында орналасқан әскери бөлімге барып қайтты.
Ұйымдастырушылар шараның түпкі мақсаты – жастар арасында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, патриоттық рухты күшейту, әскери мамандықтарға деген қызығушылықты ояту және сын сағаттарда ұландарға ұлтын қорғайтын қабілет қалыптастыру екенін айтып отыр.
Шу өңірінен келген меймандарды 42 жылдық тарихы бар Райымбек атындағы арнайы мақсаттағы №61993 әскери бөлімінің №38 десанттық-шабуылдау бригадасының тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі аға әдіскері Еркебұлан Смағұлов қарсы алып, әскери қызметшілердің бір күндік жұмысымен таныстырды. Сонымен қатар әскери техникаларды көрсетіп, мұражайды аралатты. Аталмыш бөлімде біздің ауданның мерзімді әскери қызметшілері бар екенін атап өткен жөн.
Аға әдіскердің айтуынша, десанттық-шабуылдау бригадасының басқа әскерлерден айырмашылығы бар. Мәселен, бұл бөлімде жауынгерлік дайындықпен қатар әуе дайындығы бірге жүреді. Мұнда борышын өтеуге келген сарбаздар ауылдарына қайтқанша әуеде 4-5 мәрте парашютпен айналуды меңгеріп алатын көрінеді.
Әскери бөлімді шолып қайтқан Бағдәулет Қуанышбек экскурсиядан жақсы әсер алғанын айтады.
-Бүгінгі шара біздің көңілімізден шықты. Алыстан көріп жүрген дүниелерді жақыннан көріп, әскери өмірдің бір күнімен таныстық. Бұл бөлімде мүмкіндіктер көп екенін байқадық. Әсіресе, спорт жағына жақсы жағдай жасалған. Қызметті өткергеннен кейін сертификат беріледі. Ал келісімшарт бойынша қызметті жалғастырса материалдық қолдаулар көрсетіледі екен,-дейді шулық жас.
«Жүз естігеннен бір көрген артық» дегендей, алыстан ат терлетіп барған шулық жастар сарбаздардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, әскери бөлім басшылығы тарапынан өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
-Аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлының бастамасымен Алматы қаласына «Жас сарбаз – ел қорғаны» тақырыбында экскурсия жасай келдік. Іс-шара барысында жастар әскери өмірді жақыннан көріп, жағымды әсер алды. Сонымен қатар жастар әскери техникалар, жаттығу алаңдары мен темірдей тәртіпке негізделген әскери бөлім тіршілігін көзбен көруге мүмкіндік алды. Мұндай шаралар жастарға патриоттық тәрбие беріп, көңілдегі күдіктен арылуға мұрындық болады. Осыған қолдау көрсеткен тұлғаларға ерекше алғыс білдіреміз. Жыл басынан бері біз әскери-патриоттық бағытта 55 іс-шара өткізіп, оған 1700-ден аса жасты тарттық. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғасын табады,-дейді Ғани Бірлікұлы.
Шу ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімі әскери мерзімді қызметін өткеру үшін 150 адамды шақыруды жоспарлап отыр. Былтыр тапсырыс шеңберінде өңірден 148 жас әскерге жіберіліп, тиісті жоспар артығымен орындалған.
Байжан Емберді.