Сөздегі емес, істегі нәтиже маңызды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында өте өзекті мәселелерді қамтып, құқықбұзушылыққа қарсы кешенді шаралар қажеттігін атап өткен болатын.
Аталған Жолдауда Президент «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» деген еді.
Осыған орай жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарына зор жауапкершілік жүктеліп, қоғамды ізгілендіру ісі тапсырылды. Ол үшін тиісті комиссиялар құрылған. Олардың міндетіне құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмыстарды болдырмау, алкогольді ішімдіктерді тұтынушылар санын азайту, суицидтердің салдарын жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жұмыстары кіреді.
Аталған мәселелер бойынша облыс көлемінде тиісті индикаторлар бекітіліп, аудандардағы уәкілетті тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берілген. Жүктелген жұмыстардың нәтижесі мен кеткен кемшіліктер аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жұма күнгі жиында қаралды. Оған үш ауданның ұлтық қауіпсіздік, прокуратура, құқық қорғау, қорғаныс істері мен денсаулық сақтау, білім саласының басшылары мен бөлім жетекшілері, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Л.Ілебаевтың төрағалығымен өткен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі көшпелі кеңесте Шу, Мойынқұм және Қордай ауданында қабылданған шаралар баяндалды.
Алдымен Қордай ауданы әкімінің орынбасары Д.Сүгірбайдың есебін тыңдаған Лесбек Құралбайұлы аталмыш өңірде келісілген индикаторлардың басым көпшілігі орындалмағанын айтып, лауазымды тұлғалардың жауаптарын тыңдады.
Мұнан кейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Б.Кеңесбек Шу ауданында құқықбұзушылық профилактикасы бойынша жіберілген кемшіліктерді жіпке тізді. Атап айтқанда, бекітілген 13 индикатордың 5-і орындалмаған. Оның ішінде жол-көлік оқиғаларының көбеюі, есептегі алкогольді тұтынушылардың көптігі, суицидке барушылардың санының басымдығы, орнатылған бейнебақылау камераларының басқару жүйесіне қосылғаны айтылды.
Бұл бойынша Шу ауданы әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев өз ойын білдірді. Атқарылған жұмыстарға қарамастан кеткен кемшіліктер бар екенін мойындаған Найман Кенжеханұлы жұмысты барынша жандандырамыз деп сендірді.
-Сіздердің ауданда тойды ерте аяқтау, ауылдарда ішімдіктерден бас тарту сынды басқа да жұмыстар жүргізіліп жатқанынан хабардармын. Барды бар деп айту керек. Алайда, сол жұмыстардың нәтижесін көргіміз келеді. Мәселен, жуырда ғана «Қазпошта» АҚ Ескі-Шу ауылында карточкаларды ұрлау дерегі тіркелді. Бұл істің тез тергелуіне істен шыққан бейнекамералар кедергі болып отыр. Осыған ұқсас мәселелер әлі де орын алуы мүмкін. Сондықтан бейнебақылау камералары жазбаларын полицияның басқару жүйесіне қосу барысын жылдамдатқан жөн,-деді Л.Ілебаев.
Мұнан кейін Мойынқұм ауданындағы мәселелер қаралып, тиісті тұлғалардың пікірі тыңдалды. Бұл өңірде де қордаланған дүниелер аз еместігін аңғардық. Көшпелі кеңестің күн тәртібіне қатысты сауалдарға жауаптар қайырылып, жиын төрағасы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі көшпелі мәжілісті қорытындылады.
Байжан Емберді.