Қалалық жастардың жұмысы қарқынды
Қоғам талабымен құрылған Жастар ресурстық орталығы бүгінде жастарды бір арнаға тоғыстырып, олардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесетін ең ірі ұйым болып табылады. Ұйымның атауы қандай ауқымды болса, атқаратын міндеті де дәл сондай маңызды. Жалпы «Жастар ресурстық орталығының» негізгі міндеті – жастарды жұмысқа тұруға дайындауға, цифрлық сауаттылығын арттыруға, инновациялық жандандыруға жәрдемдесу, бейресми білім арқылы жастардың өмірлік маңызды дағдыларын, компенсацияларын және дербестігін дамыту, өтеусіз негізде жастарға психологиялық, консультативтік және заң көмегін көрсету, жастар ортасында волонтерлік қызметті дамыту, жас отбасылармен жұмыс жасау, әртүрлі бағытта жобалар мен бағдарламаларды іске асыру болып табылады.
Біздің аудан облыстағы ірі аудандардың бірі болғандықтан жастар саны халықтың көп пайызын құрап отыр. Сондықтан ауданда бір емес екі ресурстық орталық жастар бағытында қызмет атқарып келеді. Осыдан бес жыл бұрын өз алдына бір төбе болып бөлініп шыққан Шу қалалық «Жастар ресурстық орталығы» бүгінде қала жастарымен нәтижелі жұмыстар көрсетіп келеді. 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай бұл мақаламызда дәл осы «Шу қалалық жастар ресурстық орталығының» жұмысы туралы әңгімелейтін боламыз.
Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Шу қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де 14 штаттық бірлік бар. Оның ішінде орталықтың директоры, бас есепші, уақытша бос жүрген жастар мен жас отбасылармен жұмыс бөлімінің басшысы, ұйымдастыру және бақылау бөлімің басшысы, бөлім мамандары, заңгер және психолог маманы қызмет атқарады.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, Шу қаласында жалпы тұрғындар саны 45447 болса, оның 12981-і 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды құрайды екен.
Әлеуметтік желі парақшаларында көріп жүргендеріңіздей, Шу қалалық «Жастар ресурстық орталығы» биыл кең көлемді іс-шаралардың ұйымдастырушысы бола білді. Солардың ішіндегі ең көлемділеріне тоқталып өтейік.
Мәселен, жыл басында мектеп оқушыларымен өткізген «IQ-SHU» атты танымдық, интеллектуалды-зияткерлік ойынына білімге құштар жастар ақыл мен алғырлықтың айқын алаңында бас қосып, әдемі ойын өрнегін көрсете білді. Ойын С.Сейфуллин, Ы.Алтынсарин, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептерінде, сонымен қатар А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназиясында, «Жібек жолы» мектеп-лицейінде өткізілді.
Шу ауданының 95 жылдығы және Шу қаласының 65 жылдығына орай өткен ойындарға 100-ге жуық жастар қатысып, білімі мен білігін ортаға салды. Жеңімпаз атанған командалар финалдық кезеңге жолдама алып, өздерінің үздік екенін дәлелдеді.
Бүгінде мал сойып, ет бұзудың ебін білмейтін жастар көбейіп барады. Атамыздан қалған атамұраны дәріптей келе аталған мәселенің алдын алып, жастардың қасапшылық өнерге қызығушылығын арттыру мақсатында қалалық «Жастар ресурстық орталығы» бағалы сыйлықтар әзірлеп, арнайы мал сою алаңында жарыс ұйымдастырды. Жарыстың ерекшелігі сол қаланың демеушілері есебінен алынған қойларын аз уақытта сойып, өзіндік тәртібімен етін бұзған қатысушы жеңімпаз атанды. Жарысқа кәнігі қасапшылар төрелік етіп, бағасын беріп отырды. Бұдан бөлек, бөлшектелген мал еттері қаладағы көмекке мұқтаж отбасыларға үлестірілді.
Орталықтың аудан көлемінде өткізген ауқымды шарасының бірі – Халықаралық театр күніне орай өткен «Театр – өнер айнасы» атты байқау екені көпшілікке мәлім. Бірнеше күнге созылған байқау көрерменге түрлі жанрдағы сахналық қойылымдар ұсынып, түрлі эмоция сыйлай білді. Әрқайсысы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, жастарды жат әдеттен қашық жүруге шақырды. Әсіресе, қазіргі таңда қоғамдық дертке айналып бара жатқан лудоманияның зардабы, ішімдіктен келетін қауіп, отбасындағы түсіністік сынды өзге де тақырыптар ұтымды сахналанды. Аталмыш байқаудың негізгі мақсаты да осы, яғни жастарға ой салу, жат әдеттен қашық болуға баулу болатын. Театр ұжымдары бұл үдені жоғары деңгейде алып шыға білді.
Сондай-ақ, әр ұжымның туындысын кино және театр саласының актерлары, білікті мамандар бағалап, қазылық етті.
«Әулиеата кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Бүгіннен баста…» атты тақырыпта халық көп шоғырланатын демалыс орындарының бірі – «Теміржолшылар» саябағында орталықтың ұйымдастыруымен ерекше форматтағы кітап көрмесі өткен болатын. Ашық аспан астында өткен бұл мәдени шара қала тұрғындары мен қонақтарын әдебиет әлеміне жетелеп, кітап пен оқырман арасындағы алтын көпірге айналды.
Көрмеге түрлі жанрдағы кітаптар қойылып, классикалық шығармалармен қатар қазіргі қазақ әдебиетінің тың туындылары да ұсынылды. Балаларға арналған ертегілер, ғылыми-көпшілік еңбектер, мотивациялық кітаптар мен тарихи романдар, барлығы да көрерменнің қызығушылығын оятты.
Биылғы жыл «Еңбек адамын» марапаттаумен ерекшеленгендігі белгілі. Бұл игі істе де Шу қалалық жастар ресурстық орталығы көріне біліп, Шу қаласының тұрғыны, белгілі фотограф Генадий Сергеевичке тосын сый жасады. Қарапайым еңбек адамының марапатын табыстау үшін үйіне ескертусіз барып, құрметпен табыстағандығы әлеу желіде де көптің көңілін елжіретті.
Шу қалалық әкімшілігімен тығыз байланыста жұмыс жасайтын қалалық «Жастар ресурстық орталығы» «Таза қала» жарысын әкімшілікпен бірлесе өткізген болатын. Экологиялық шара өткен жылдары «Қант зауыты» мен «Қосқұдық» мөлтек аудандарында ұйымдастырылса, осы жылы «Горгаз» массивінде жалғасты. Бұл шараға 11 команда қатысып, әр топ төрт адамнан құралды. Қатысушылар «Горгаз» массивіндегі ұйымдастырушылар белгілеп берген көшелерді 2 сағатта толық тазалап шықты. Шарт бойынша командалар белгіленген уақытта өздеріне тапсырылған көшені тазалап, қоқыстарды арнайы қаптарға толтырып отырды. Пайдалы сайыста тазалыққа шағым көп түсетін аймақтар таңдалды. Игі шараның соңында жиналған қоқыстар таразыға салынып, өзгелерден қоқысты артық жинаған топтар қала әкімінің арнайы дипломы мен қаржылай жүлделерге ие болды. Қоқысты ең көп жинаған команда үздік атанып, бірінші орынға 150 мың теңге, екінші орынға 100 мың теңге, үшінші орынға 50 мың теңге берілді. Шу қаласында осымен үшінші мәрте өткізіліп отырған экологиялық шараның басты мақсаты – тұрғындарға қаланың тазалығына бей-жай қарамауды насихаттау, әр азаматты өз ауласы мен көшесін таза ұстауға бейімдеу еді.
Биыл ауданымыз үшін ерекше жыл. Нақтырақ айтқанда, ауданымыздың құрылғанына 95 жыл, Шу қаласының құрылғанына 65 жыл толып отыр. Қос бірдей айтулы мерекеге орай Шу қаласындағы орталық алаңда мерекелік шара ұйымдастырылды. Ағымдағы жылдың 16 шілде күні Шу қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қала күніне орай «JASTAR PARTY» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Қала күніне арналған мәдени шара барысында қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары, елімізге танымал әншілер өнер көрсетіп, жергілікті жұртшылық өкілдеріне өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, әсем әндерін тарту етті. Әсіресе, халықтың зор қошеметіне ие болған әнші Өктем Алтаев, жастардың сүйікті әншісі Мәлік Жамбылұлы сынды өнер иелері әннен шашу шашса, жайдарманшылардан кұралған “Миллион” командасы мерекелік кешті әзілмен әрлеп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды. Бұл ауқымды шара да қалалық «Жастар ресурстық орталығының» белсенділік танытуымен өз деңгейінде атқарылды десек артық айтқандық емес.
Жалпы, тәуелсіздік қарлығаштарынан құралған Шу қалалық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері қала жастарының жан-жақты дамуына, қоғамдағы орнын қалыптастыру тұрғысында көптің көңілі тоярлық шаралар өткізіп жатқандығына куә болып келеміз. Ендеше жастарымыз жалынды, ел болашағы баянды болғай!
Балнұр Жексенбекқызы.