Оқпанымен от өшірген оғландар
Биыл Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына тура 30 жыл толып отыр. Мемлекеттік басқарудың жалпы жүйесін қайта құру барысында 1995 жылғы 19 қазанда еліміздің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган ретінде – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған.
Сол сәттен бастап Тәуелсіз Қазақстанның құтқарушыларының жаңа тарихы жазыла бастады. Бүгінгі таңға дейін реформалар нәтижесінде комитет, агенттік және министрлік болған ведомствоның жұмыс бағыты өзгермей, адам өмірін қауіптен құтқару, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жолында жұмыс жүргізіп келеді.
Жасыратыны жоқ соңғы жылдары Төтенше жағдайлар министрлігінің бойына қан жүгіріп, бұған дейінгі қордаланған мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Бұл сөзсіз Мемлекет басшысының осы салаға деген тікелей қамқорлығы. Өйткені адам өмірін бәрінен биік қоятын мемлекеттің азаматтық қорғанысы осал болмауы тиіс еді.
Президент Қазақстан халқының Жолдауында «Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің еңбегі – аса қауіпті әрі аса қажет жұмыс. Олар күнделікті өмірде адамдардың өмірін құтқарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту – мемлекет үшін маңызды міндет» деген болатын.
2025 жылғы 24 маусымда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл өз кезегінде ТЖМ-нің үйлестіруші рөлін арттыруды және құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын көтеруге мүмкіндік беріп отыр. Аталған заң аясында 10 кодекс пен 37 заңға 600-ден астам түзетулер енгізілмек. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баяндаған болатын.
Қайта жаңғырған
ғимарат
Әр шақыруда зор тәуекелге барып, басын бәйгеге тігетін құтқарушылар үшін бұл қуанышты жағдай. Азаматтық қорғау қызметіне көрсетілген қолдау Шу ауданында да көрініс берген болатын. Олай дейтініміз былтыр ғана Төле би ауылындағы №19 өрт сөндіру бөлімі қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілді. Ал құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанда ТЖ министрі Шыңғыс Әріновтің өзі келіп, бақылып кеткен көрінеді.
Аудан орталығындағы аталмыш өрт сөндіру бөлімінің тарихы тым тереңде. Ең алғаш аудандық өртке қарсы қызметі 1957 жылы Новотроицк селосында Шу аудандық ішкі істер бөлімінің өрт қадағалау инспекциясы болып құрылған. Ал оның алғашқы бастығы болып Василий Фомич Ивахник бекітілген. Жалғыз ғана өрт сөндіру автокөлігі мен 8 адамнан құралған қызметке 1966 жылы тағы бір инспекторлық штат берілген. Ол лауазым Григорий Кирпачевке бұйырады. 1970 жылы инспекция бастығы болып ішкі қызмет аға лейтенанты Шаншархан Нүпбаев тағайындалса, одан кейінгі жылдарда аға лейтенант Болат Мырзаханов 4 жыл бойы инспекция тізгінін ұстайды. Одан соң ішкі қызмет лейтенанты Рахымберді Бекибаев 10 жылға жуық басшылық еткен.
Бір айта кетерлігі, Рахымберді Белгібайұлының басқаруында 1990 жылғы мамыр айында №12 Шу ауданаралық мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашылады. Ал Р.Бекибаев бірінші өрт сөндіру бөлімінің алғашқы бастығы болып аудан тарихына қатталды.
Бүгінгі таңда әке салған соқпақты ұлы Жандос жалғастырып, №19 ӨСБ бастығы қызметін атқаруда. Жандос Бекибаевтың бұл лауазымға келгеніне небәрі бір ай ғана болған екен. Ал бұдан бұрынғы бөлім бастығы Мұрат Абдықалықов та өрт сөндіруші отбасының ұланы болып шықты.
Өрт сөндіру бөлімінің тарихында басшылық жасаған Елшібек Торғаевтың, Дүйсембай Карбозовтың, Мұрат Арыстанбекұлының еңбектері ересен екенін айта кеткен жөн. Себебі, зор жауапкершілік жүктелген жұмыстың жүгін көтеру ердің еріне тән іс. Оңай болғанда екінің бірі құтқарушы болар ма еді?!
Жандос Рахымбердіұлының айтуынша, аудан орталығындағы ӨСБ ғимараты 1989 жылы салынып, 2001 жылдан бастап №19 өрт сөндіру бөлімі болған. Бұған дейін №12, №13 деген реттік атауға ие болған.
-Қазіргі таңда біздің бөлімде бастықтан бөлек 18 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде офицер шенінде 4 маман, 4 бөлімше командирі, 5 жүргізуші, 5 өрт сөндіруші бар. Материалдық-техникалық базаға келетін болсақ бізде 3 өрт сөндіру автокөлігі мен 1 арнайы (автосаты) өрт сөндіру көлігі, 1 құтқарушыларды тасымалдайтын «Газель» көлігі бар. Былтыр ғана ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, жұмыс істеуге барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған,-дейді Ж.Бекибаев.
Жаңадан тағайындалған Жандос Рахымбердіұлы да осы салада айтарлықтай тәжірибе жинаған маман. Еліміз бойынша құтқарушыларды дайындайтын ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтының 2007 жылғы түлегі алғашқы еңбек жолын Шу қаласындағы №20 ӨСБ қарауыл бастығы болып бастаған. Ол кезде өртке қарсы қызмет лейтенанты шеніндегі офицер кейін Төле би ауылында 5 жыл қарауыл бастығы болып жұмыс істейді. Ал 2015 жылы Отар ауылындағы өрт сөндіру бекетінің бастығы болған бір жылдан аса уақыттан соң Қордай ауданындағы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы ретінде қызметін жалғастырады. 2021 жылдан бастап №19 ӨСБ қарауыл бастығы болып Төле би ауылына қайта оралады. Бүгінде зайыбы Мақпал Мыңбаева екеуі 3 қыз тәрбиелеп отыр. Келіншегі де медицина саласын таңдаған.
-Құтқарушының жары болу оңай емес. Жолдасым әр ауысымға шыққан сайын жанымызды шүберекке түйіп, үйге аман оралуын тілейміз. Себебі, олар әр күн сайын қиындықпен бетпе-бет келіп, оттың ортасында жүреді. Бұл уайымды құтқарушылардың отбасы ғана түсінеді. Жалпы алғанда отағасының жұмысымен мақтанамыз. Оны барынша қолдаймыз,-дейді Мақпал Елеуқызы.
Расымен әр күн сайын «101» арнасына көптеген шақырулар түседі. Ал құтқарушылар ақыры белгісіз оқиғаларға барып, әуелі адамды құтқаруға, кейін табиғи және техногенді апаттарды ауыздықтауға кіріседі. Дейтұрғанмен тілсіз жау ұдайы жеңіле бермейді.
Жандос Бекибаевтың сөзінше, бөлім жыл ішінде 200-ден астам шақыруларға шығады. Әр топта жүргізуші, өрт сөндіруші, командир және қарауыл бастығы бар. Өрт бойынша шақырулар көбінесе тұрғын үйлерде орын алады. Оның басты себептері электр желілерінің тұйықталуы, балалардың отпен ойнауынан туындайтын көрінеді. Онымен қоса жаз мезгілінде шақыртулардың көпшілігі дала өртіне байланысты болады.
Тұрғындардың көбі құтқарушылардың кешігіп келулеріне, сусыз келуіне, жедел әрекет етпеуіне шағымданып жататыны жасырын емес. Бұл уәжге құтқарушылардың өз жауабы бар. Өртті ауыздықтауға шыққан әрбір автокөліктің цистернасында 5 мың литр су болады. Тоқтаусыз шашқанда су 7 минутта таусылады. Себебі, су оқпанынан шыққанда секундына 8 литр су бүркиді. Өрттің көлеміне қарай судың таусылып қалуы әбден мүмкін.
-Әдетте, бір өрт сөндіру автокөлігі 100 шаршы метрге дейін аумақтағы өртті өшіруге қауқарлы. Одан көлемді жағдайда Шу қаласының жауынгерлері шақырылып, горнизон жұмылдырылады. Шақыру түскеннен кейін кезекшіліктегі жігіттер жедел түрде оқиға орнына аттанады. Кешігіп бару, әрекетсіздік танытуға болмайды. Біз өрт орын алған жерге барғанда ең әуелі адамдарды құтқаруға тырысамыз. Өртті өшіріп барып адам іздесек түтін көзімізді жауып қалады. Одан кейін электр сымдарын қиямыз. Онсыз өзімізге, көлікке қауіп төндіреміз,-дейді азаматтық қорғау подполковнигі Ж.Бекибаев.
Құтқарушы қызметі бір ғана өрт сөндірумен шектелмейтінін оқырман қауым жақсы білуі тиіс. Жылдың төрт мезгілінде төтенше жағдай орын алса құтқарушылар сол маңнан табылады. Су тасқыны мен селде, зілзала салдарында, аяз бен борандарда азаматтық қорғау жүйесінің арландары алдыңғы шепте жүреді.
Сондықтан қаһармандықтың қас үлгісі ретінде құтқарушыларды көрсетуге әбден болады. Құтқарушының жұмыстан тыс деген уақыты болмайды. Демалыс күндері дабыл қағылса өрт сөндіруші қауіптің өтінде болуы тиіс.
Осынау 30 жыл ішінде қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан құтқарушылар қаншама. Жанкешті жауынгерлердің ерліктерін әсте ұмытуға болмайды. Бір ғана Асқар Забикулиннің көзсіз ерлігі антына адалдықтың айқын нышаны деп бағалау керек шығар. Сондай-ақ Халық қаһарманы Мейіржан Аймановтың ерлігін естен шығармау ләзім.
№19 өрт сөндіру бөлімін тарихы терең, өрт сөндірушілердің берік мінезі қалыптасқан мектеп деп қабылдауға болады. Онда қызмет ететін 19 адамның барлығы да қайсар, алғыр әрі ержүрек. Себебі мұндағы жылға дейін болар-болмас жалақы алған олар бұл саладан кеткен емес. Олар аға буын ардагерлер салған сара жолды жалғап, әр ауысым сайын тәуекелге барады. Осы бөлімнен зейнетке шыққан Ербол Ахметов, Ғабит Ақжолов, Ғабит Кекежанов, Расул Молдақұлов, Мереке Жұмырбаев, Манат Жақсыбаев, Сұлтан Жораев, Юрий Штоколов, Сабыржан Қабылжанұлы және өзге де ардагерлер осы салаға маңдай терлерін бір кісідей төге білді.
Пәтер ақылары
төленеді
Жоғарыда айтқандай мемлекет тарапынан қолдау бірер жыл бұрын қолға алынып отыр. Соңғы жылдары құтқарушылардың жалақылары 10 пайыздан 30 пайызға дейін артқан. Бұл үрдіс келер жылы да жалғасатын сыңайлы. Сонымен қатар заңға енгізілген түзетулер нәтижесінде құтқарушыларға құқық қорғау органдары секілді пәтер жалдау ақысы өтелмек. Қазірдің өзінде құтқарушылар құжаттарын жинақтауға кірісіп кеткен. ӨСБ бастығының айтуынша, ұжымның 80 пайызы бұл игілікке ие болмақ.
Еске сала кетейік, Шу ауданы аумағы құмды және жартасты жазықтық алқапта орналасқан. Ауданның қорғау кезекшілікке алынатын аумақ 1 230 030 гектарды қамтиды. Бұл №19 ӨСБ қала мен ауылдағы шақыртуларға шығады деген сөз.
Жаңартылған ғимаратқа келер болсақ, аталмыш заманауи талаптарға сай. Төрт көлік сиятын автотұрақ, демалу бөлмесі, асхана, жуыну және киім ауыстыру бөлмесі, дәріс бөлмесі мен оқу мұнарасы бар.
Қорыта айтқанда, бір жыл бұрын қайта жаңғырған өрт сөндіру бөлімінің жұмысы жандана түскен. Сол сәттен бері 185 әртүрлі хабарлама тіркелген. Оның ішінде 64 өрт болса, 121-і жану оқиғасы. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін жетілдіру мақсатында 21 өрт тактикалық жаттығулар өткізілген.
Ерсұлтан Бағылбеков, Нұрбол Каденов, Тоғжан Бимырзаев, Алтынғазы Байболатов сынды қарауыл бастықтары, Дархан Садыров, Нұрсұлтан Мақсұтов, Мәдияр Әбдіәшім, Дархан Елеген сияқты бөлімше командирлері, Думан Батырхан, Айдос Төлеубаев, Айдос Кенетаев, Данияр Ниязқұлов, Алмас Жұмабаев сынды жүргізушілер, Елдос Түзен, Нұралы Алмабек, Мағжан Мұсақұл, Ислам Сабыров есімді өрт сөндіруші құтқарушылар жұрт алғысына кенеліп жүрген жауынгерлер.
Қазақтың біртуар батыр тұлғасы Бауыржан Момышұлының өзі де, сөзі де қайсарлық пен батылдық үлгісі екені анық. Атамыз бір сөзінде «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген еді. Осы лебізді амалға асырып жүрген құтқарушылар қандай құрметке де лайық. Өйткені өз салмағынан артық жүкті арқалайтын олардың жұмысы тура мағынасында ауыр.
Мәселен, өрт сөндірушілердің формасын жасау үшін 150-ге дейінгі температураға төзімді материалдардан жасалады. Жұмыс киімін кигенде олар 30 келіге ауырлай түседі. Өзге де құтқаруға қажетті құралдарды алғанда жүк тіптен артады. Өрт туралы белгі соғылғанда форма киіп, оқиға орнына бару үшін жиналуға өрт сөндірушіде небәрі 60 секунд бар. Одан бөлек, сол жағдайда өртке кіру, әбжіл қимылдау, қырағылық таныту керек. Тек ерлер ғана жасай алатын бұл саланың адамдарын батыр деуге толық негіз бар.
Биыл маңызды даталарға толы жыл. Солардың ішінде Шу ауданына 95 жыл толып отыр.
Осы жылдар ішінде өңірдің дамуына өрт сөндірушілер де өз үлестерін қоса білді. Әрі өздерінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуге әзірленуде.
Торқалы тойлар қарсаңында оқпанымен от өшірген оғландарға алғыс айтып, амандық пен абырой тілегіміз келеді. Тәуліктеріңіз тыныш өтсін!
Байжан Емберді.