Ақпараттық портал

Абыройы асқақ жан еді…

Қарты бар елді қазақ халқы қазыналы елге балаған. Көргені көп, түйгені толағай қариялар қашанда елдің қамын ойлап, жастарға ақылын айтып жүретін. Ондай жандарды ауылы төбесіне көтеріп, әрдайым пана тұтатын. Сондай қарияның бірі – Қалиев Жайлаубек еді.
Жайлаубек 1950 жылдың 5 мамырында Шу ауданы, Оразалы батыр ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті 1969 жылы тәмамдап, келесі жылы Ырғайтыдағы Красногор кеңшарының техникумына оқуға түседі. 1973 жылы «Техник-механик» мамандығын алып шыққан ол МТМ меңгерушісі болып жұмысқа кіріседі. Онан соң бес жыл бойы Калинин атындағы ұжымшарда шөп бригадасының бригадирі болып еңбек етті. Тәуелсіздіктің таңына дейін аталмыш ұжымшардың кәсіподақ комитетіне төраға болып, 2000 жылға дейін Оразалы батыр ауылында МТМ меңгерушісі, бас инженер, ақ егіс бригадирі болып тер төкті. Тіпті, тракторды да тізгіндеді. Ауылдың бөлімшесін де абыроймен басқара білді.
Жәкең 40 жылға жуық еңбек майданында шыңдалып, ауыл мектебінің кіші қызметкері ретінде құрметті демалысқа шықты. Осы жылдардан бастап оның екінші тынысы ашылып, ұрпақ тәрбиесіне араласа бастады. Сондай-ақ Оразалы ауылының ардагерлер алқасын ұзақ жылдар бойы басқарып, көрген-түйгенін келешек буынның игілігіне жұмсады. Қолына қалам алып «Оразалы ауылы – алтын бесігім» атты еңбек жазып, ауыл тарихы мен атқарылған шаруаларды өскелең ұрпаққа мұра ретінде қалдырды.
Белбасар ауылының перзенті болған Әтіркүлмен отау құрып, екеуі 3 ұл, 2 қызды өсірді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, олардан 15 немере сүйген бақытты қария болды.
Ақсақалдықтың асқарына шыққан шақта Жайлаубек Қалиев қоғамдық істерге белсене араласты. Облыс пен аудан басшылығына сөзін өткізіп, ауылдағы мәселелердің шешілуіне мұрындық бола білді. Жәкең әкімдерге үздіксіз қайырылумен ауылға 200 орындық мектеп салынып, Оразалы батыр – Көкқайнар ауылы арасындағы 11 шақырымдық жолдың жөнделуіне дәнекерлік жасады. Ал республикалық бюджеттен 250 млн бөлінуі некен-саяқ шаруа. Мұнан кейін қария аудан әкімдеріне айтып жүріп, бірнеше мәрте хат жазып еркін күрес секциясын аштырып, Бақытбек Жексембаевтың жаттықтырушы ретінде жұмысқа орналасуына септігін тигізді. Бұдан бөлек, ауылына жасаған жанашырлығын жерлестері жадынан шығармаған.
Мен білетін Жәкең зейнеттік жасында зиялы жұмысқа мейлінше араласты. Ақыл–кеңесін айтты, ауылдың жоғын түгендеуде аянып қалмады. Көзі тірісінде құрметтің бір парасын иеленді. Мерекелік медальдар мен Алғыс хаттарды былай қойғанда оның 2019 жылы Жамбыл облысының Құрметті ардагері атануы көп дүниеден хабар бермей ме? Сол жылы аудандық батагөйлер байқауында бақ сынап, облыстық кезеңге жолдама алған еді. Сонымен қатар, сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолы қойылған «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі де оған табысталған еді.
Ауылына абыройлы, ауданға беделі асқан Қалиев Жайлаубек өкінішке қарай былтырғы қаңтарда дүние салды. Біртуар азаматтың ауылдың атын Оразалы батыр болуына барын салып, көгілдір отынның ең алғашқы кіруіне үлес қосқанын ұмытпауымыз керек. Осы мақсатта қолға қалам алып отырған жайым бар еді.
Жарықтық Жәкеңнің иманы жолдас, жатқан жері жайлы болсын! Елі үшін төккен терлері сауаппен қайтсын демекпін.

Кеңесбек Дуанбаев,
Шу ауданының Құрметті азаматы.
Еңбекші ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.