Ақпараттық портал

Кездесу барысында келісім жасалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының бірінде: «Азық-түлік қауіпсіздігі – стратегиялық мәселе. Қазақстан өзін-өзі негізгі өнімдермен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтуы тиіс. Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы — осы бағыттағы басты кепіл» деген болатын. Сондай-ақ оның дамуына сеп болатын мәселенің де маңызына тоқталған.
-Су ресурстарының азаюы – күрделі қауіп. Сондықтан ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды, әсіресе тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін кеңінен енгізу қажет,-деді Президент.
Жоғарыда аталғандарды амалға асыру мүмкіндігі ауылдық жерде айтарлықтай мол. Сонымен қатар инвесторлар тарту ісі қос тарапқа тиімді. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ғимаратында инвесторлармен арнайы кездесу өтті.
Келелі кездесуге Шу ауданы әкімінің орынбасары Серікхан Пернеш, жер қатынастары бөлімінің басшысы Асан Көшербаев және кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев қатысты.
Жүздесу барысында «HIGOU Almaty Agricultural Technology» компаниясы аудан аумағында көкөніс өсіруге арналған заманауи өндірістік кәсіпорын ашу жөнінде ұсыныс берді. Сонымен қатар, компания сол аумақта тамшылатып суару жүйесіне арналған түтіктер өндіретін зауыт салуды да жоспарлап отыр.
Серікхан Қуатұлы бұл бастама өңірдегі өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, ауыл шаруашылығы саласындағы технологиялық жабдықтардың қолжетімділігін арттыруға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға зор септігін тигізетінін тілге тиек етті.
-Басқосу барысында ұсынылған жобаның тиімділігі, заңнамалық негіздері және жүзеге асыру жолдары жан-жақты қаралды. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, жобаны қолдау және оны іске асыру бағытында бірлескен іс-қимылдар жайында ұсыныстарын айтты,-дейді Жеңіс Сейсеналыұлы.
2025 жылы Шу ауданында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталғанын айта кеткен жөн. Былтыр 19 жоба іске асырылып, 1 304 жаңа жұмыс орны ашылған. 2023–2027 жылдарға арналған жоспарға 129 инвестициялық жоба енген. Олардың жалпы құны 259,4 млрд теңгені құрап, 1 114 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.