Ақпараттық портал

Бабалар рухына тағзым ету – ұрпақ парызы

«Ардагерлер ұйымы республикалық қоғамдық бірлестігінің» Шу аудандық филиалы аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік мемлекеттік тапсырысы аясында «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бойынша тарихи орындарға зиярат етілді. Өткенді өнеге ету мақсатында тамыз айының 27 күні жолаушылар мінген қос көлік Түркістан облысы бағытын бетке алған болатын.

Зиярат етуші зиялы қауым тобына «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің аудандық филиалының төрағасы, осы жолдардың авторы Е.Өмірәлиев бастаған ауылдық округ ардагерлер кеңестерінің төрағалары, аудандық ардагерлер кеңесі мен пленум мүшелерінен құралған барлығы 28 ардагер жолға шыққан. Сонымен қатар сапар барысында аудандық орталық ауруханадан қариялардың денсаулығына бақылау жасап жүретін мейірбике қосылды. Қариялар мінген бір көлікті Оразалы батыр ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы өзі жүргізсе, одан бөлек аудан әкімі Б.Жәнібековтің қолдауымен арнайы көлік бөлінді.
Сапарда жол қысқарту мақсатында әр көлікке аудандық өнерпаз қариялар байқауының жеңімпаздары Көшкінбай мен Ұлзейнепті бөліп отырғызғанымыз абзал болғаны сол, барып-қайтар жолда әсем әндерін әуелетті. Көтеріңкі көңілдің арқасында қариялар ауа райының ыстығын да, қатты тұрған желді де ауырсынған жоқ.
Сапарымыздың алғашқы аялдамасы Домалақ ана кесенесі болды. Домалақ анамыз жасы ұлғайған шағында түс көрген екен, түсінде Бәйдібек баба қасына шақырып жатыр екен. Осы түстен кейін балаларына айтып, Тәшкенттен Боралдайға шығады. Балабөгенге жеткенде Домалақ ана балаларына «О дүниелік болып кетсем, Бәйдібектің қасына қойыңдар, егер жолда өлсем, ары-бері сүйрелемей сол жерге қоярсыңдар» деп өз қалауын айтады. Сол жерде беті-қолын жуып, дәретін алып, намазын оқып, бетін сипап, енді тұра бергенде өмірі үзілген дейді. Бұл 1456 жылдың 28 мамыры, анамыздың 78-ге қараған шағы екен. Анамыздың қалауын орындап, балалары сол жерге жерлеп, басына белгі қойып, кесенесін тұрғызған. ХІ-ХV ғасырларда кесене бірнеше рет жөнделеді, 1966 жылы қайтадан ақ тастардан қаланып, көтерілген. Сол жерде Домалақ ананың рухына бағыштап, құран оқылды.
Жиенбет ауылдық мешітінің имамы Шүкірәлі Оспанбекұлы бізбен бірге шыққан еді. Зиярат ету барысында бұл кісіні жаңа қырынан танығандай болдық. Құран оқығандағы үні, оқыған аят, сүресінің мағынасын, қандай мақсатпен айтылғанын түсіндіргенінің өзі бір ғанибет болды. Осындай көтеріңкі көңілмен Домалақ ана бұлағының басына барып, көгалға аяқ созып, түскі асымызды іштік. Түскі асымызға Қонаев ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қайранов арнайы бір қойын сойып, үзеңгілес қарияларға қуырдақ етіп берді. Осы сапарға белгілі себептермен ілесе алмай қалған әріптестеріміз қымыз-шұбаттарын салып, бірге барған әжелер шәйларын құйып, табиғат аясында тамаша түстендік.
«Ас – адамның арқауы» деп бекер айтпаған ғой. Аздап әлденіп алып, Бәйдібек бабаның басына қарай жол тарттық. Рухтанған көңілмен бесінге қарай Бәйдібек баба кесенесіне жеттік. Бәйдібек баба жалпақ жатқан Жетісуды, Арыс өзенінің шұрайлы алқаптарын, Қаратау мен Тәшкент арасын қоныс еткен, осындағы ру-тайпалардың бас біріктіруіне, қазақ халқының ел болып ұйысуына ықпал еткен, артынан бір дүйім ел қалдырған ұлы баба екені баршаңызға белгілі. Баба басына ұрпақтары Балабөген өзенінің жағасына көрнекті кесене тұрғызған, сол кесенесіне бас сұғып, құран, дұға-тілектерімізді бағыштадық. Алла қабыл етсін.
Жасы үлкен кісілерге ұзақ жол оңай емес екені анық. Бәйдібек бабамыздың басынан тағы да бір күш-қуат алғандай болып «Арыстан баб қайдасың?» деп жүгімізді жинадық. Жол бойы Шаян, Темір, Шәуілдір ауылдарын басып өтіп, әрқайсысының безендірілген ажарына сүйсіндік. Әрине, Шәмші ағамыздың туған жерінен өткенде Шәмшінің талай әндері орындалып, көлік ішінде көңіліміз көкке бір көтерілді. Қас қарая Отырардағы Арыстан баб ауылына да жеттік. Осы ауылдың азаматтарына риза боламын, қашан барсақ та құшақ жайып, аға-көкелеп қарсы алып, мейманханаларына орналастырып, құдайыға соятын малына дейін алдыңызға тартып дайын отырады. Кешкі асымыз даяр болғанша Арыстан баб басына барып, құран бағышталды. Кесене басындағы мешітте намаз оқылып болған соң, Шүкірәлі имамымыз өзін діни ағартушылық жағынан тағы да танытты. Біздің сапарымыз Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған Мәуліт айының басталуымен тұспа-тұс келген екен. Осыған байланысты мәуліт оқылып, пайғамбарымыздың өмір-деректерінен біршама мәлімет алдық, құран оқылып, салауат айтылды. Мешітте болған, өзіміз сияқты зиярат етушілер, Шүкірәлі имамымызға ризалығын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Одан кейін мейманханада құдайы тамақ та дайын болып, әумин десіп, білек түрдік.
Түркістанға, Қожа Ахмет Ясауи басына зиярат етушілер үшін жазылмаған бір заң бар. Ол Ахмет Ясауи кесенесінен бұрын Арыстан баб қабіріне соғып, Құран оқыту. Бұл өсиетті ұстазына құрмет ретінде Ахмет Ясаудің өзі қалдырған деседі.
Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым сәлем,
Осы халде мың зікірін қылдым тәмәм…
Құрма беріп, басымды сипап, назар қылды
Мектеп барып, қайнап, толып,
тасыдым, –
деп Ахмет Ясауи өзі жазып, қалдырған екен. Осы дәстүрді ұстана отырып, бірінші Арыстан баб басына зиярат ету себебіміз де осы еді.
Келесі күні, таңғы ас ішіле сала ауылдан шыға берістегі Отырар қамалына барып, бабаларымыздың кезіндегі өркениетке көз жеткіздік. Қазба жұмыстарының нәтижесінде қамал ішіндегі сол кездегі аталарымыздың тұрмыс-тіршілігі, сауда орындары, мәдениетінің деңгейіне таң қалыстық. Әсіресе, көпшілікке арналған шығыс моншасының көрінісі, Арыс жағасынан қыш құбыр арқылы су жеткізіліп, шайынды сулардың шығарылуы сол заманғы ғылымның, өркениеттің жоғары дәрежеде болғанының дәлелі екенін аңғартты. Осындай деректерді көріп отырып, ғалымдарымыз осы кезге дейін мектеп оқулықтарына бабаларымыздың сол замандағы жетістіктерін толықтай енгізсе, жас ұрпақтың ата-бабаларына деген мақтанышын молайтуға үлес қосар еді. Қамал аумағында әлі де қазылып, зерттелмеген, тарихы көпшілікке паш етілмеген көп дүние бар екеніне күмән жоқ.
Сапарымыздың келесі маңызды нысаны Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне де жеттік. Қожа Ахмет Ясауи Түркі жұртына белгілі ғұлама. Арғы тегі – қожалар әулеті. Терең білім алған соң Ахмет Түркістанға келіп, сол кезде Ор-талық Азияда кең таралған сопылық, діни-тақуалық идеяларының ірі насихатшысына айналған. Қожа Ахмет Ясауи ілімі – дін, мәзхаб аясына сыймайтын шексіз махаббат жолы. Мұсылман әлемінің екінші Меккесі саналатын осы орын бүгінгі күні бүкіл түркі әлемінің мәдени орталығына айналып отыр. Кесене аумағы шет ел, қазақстандық азаматтардан аяқ алып жүргісіз, солардың бірі болып біз де Қожа Ахмет Ясауиге, сол кешен ішінде сүйегі қойылған қазақ елін басқарған хан, билер, елін қорғаған батырларының рухына бағыштап құран оқылды. Саяхат тобымыз, зиярат етіп аралаған тарихи орындардың бәріне естелік суретке түсіп отыруды да ұмыт қалдырмады. Сондай-ақ, Түркістанға келіп тұрып, Шығыс Венециясы деп аталып кеткен мәдени орталықты аралап, бүкіл түркі әлемі бекер өзінің мәдени орталығына айналдырмағанының куәсі болып қайттық.
Осындай тамаша ойда болғаннан еріксіз Мағжан Жұмабаевтың өлең шумақтары еске түседі:
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – Ер Түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңір берген нәсібі ғой.
Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
Ержан Өмірәлиев.
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.