Бүлдіршіндерді тарихқа бойлатқан игі шара
Түндігі түрілген шаңырағынан көкке көз тастап, күн сәулесіне шомылған қазақ халқы киіз үйінде жатып-ақ күнделікті тұрмыс салтында қолданатын әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, бай ауыз әдебиетімен бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ел мүддесін ойлаған кешегі Алаш қайраткерлері сол киіз үйде шыр етіп дүниеге келіп, кіндігі кесіліп бесікке бөленгеннен анасының бесік жырын тыңдап, тәй-тәй басып ала жібі кесілгеннен әжесінің етегінде жатып ертегі тыңдап, ашамайлы атқа мініп, қолына құрық алып қой баққаннан әке өнегесін көріп, ата батасын алған. Міне, осындай тәрбиенің арқасында олар тұлға болып қалыптасқан. Сол Алаш зиялыларының бізге қалдырған әр сөзінің астарында бала тәрбиесі өзекті екендігі көрініс тауып жататыны тегіннен емес екенін аңдайтындаймыз.
Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам болуы керек» дегенді тілге тиек ете отырып, қасиетсіздіктің түп тамыры дұрыс берілмеген тәрбиеде екенін жеткізген. Ал, Мағжан Жұмабай «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланың тар ойлы ақымақ болуына сол баланың өзі емес, тәрбиешісі кінәлі» деп, мектепке дейінгі тәрбиенің маңызы тереңде екендігін айтқан сыңайлы.
Құрсаққа біткеннен-ақ бала тәрбиесін ойлайтын текті ұлтымыз бесік жыры, ертегілер арқылы адами құндылықтарды перзентінің бойына сіңірген. Бүгінгідей сананы тұрмыс билеген заманда бесік тербетіп, бала тәрбиесіне бар пейілін арнауға аналардың мүмкіндігі жете бермейді. Күнкөрістің қамын күйттеп, бесіктен белі шықпаған баласын балабақшаға қарай ала жөнелетін аналар жоқ емес. Ал, сол аналарымыз баласының болашағына алаңдайды, әрине. Егер, балабақша баланың дамуына бағытталған әдіс-тәсілдерді ұлттық құндылыққа қарай бұрып, халық ауыз әдебиетінің жауһарларын тәжірибеде жиі қолданар болса, қамкөңіл аналардың қорқынышы сейілері анық.
Білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағларламалары жүзеге асқалы бері ұлттық құндылықтарымыз барынша дәріптеліп, өзіміздің рухани мұраларымыз кеңінен қолданыс табуда. Соның жарқын көрінісі, «Жангүлім» бөбекжай-бақшасында өткен тәрбиелік мәні зор іс-шара. Еліміздің ертеңі саналатын бүлдіршіндерімізге еркіндіктің қадірін ұғындырған шарада Шу өңірінде қазақ хандығының қазығын қадаған Керей мен Жәнібектің образын сомдатып, хандарымыздың сөздерін жатқа айтқызып, театрландырылған қойылым арқылы ерте жастан өткен тарихты қадірлеуге жол ашты.
Іс-шараны жүргізуге ерекше көңіл бөлген Жангүлім балабақшасының құрылтайшысы Ермекова Гульмира Диханбекқызы тарихымызды өскелең ұрпаққа дәріптеуге жол салып, бүлдіршіндердің патриоттық рухын оятуға еңбек етті деуге болатындай. Басшы айтса, қосшы болуға жараған әдіскер Кайшибекова Лейла Владимировнадан бастап «Көгершін» мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Каратаева Гульзат, «Қызғалдақ» мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Чарыпқан Алтынай, «Балдәурен» ересек тобының тәрбиешісі Орын Айдана, «Күншуақ» ересек тобының тәрбиешісі Қойбасова Ғалия, балабақшаның хореографы Хаббибула Мадиналарды атап өтпеске болмайды.
Еңбек арқылы адамның өсетіндігін өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге күш салған балабақша ұжымы балаларға Кеңестік кезеңдердегі біздің ауыл шаруашылығының дүркірегендігін, шаруаларымыз абыройдың биігінен көрінгендігін де өздерінің қатысуымен көрініс арқылы бойына сіңірді. Сондай-ақ, апорт арқылы әлемге танылған Алматының келбетін де, әнімен жүректерді тербеп, қазақ мәдениетін шетелдерге танытқан Дос Мұқасан тобының тұлғасын да, «Жаралған намыстан қаһарман халықпыз!» деп басталатын алғашқы әнұранымыздың мәнін де бір көрініс арқылы көркем жеткізе білді.
Әдемі көріністің соңында кішкентай балақайларымыз «Жеті жарғыны» жазған Тәуке ханның, Қасым ханның, Кенесары ханның, Жамбыл Жабаевтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Мұқағали Мақатаевтардың портреттерін алып шықты. Бұл да тарихты әрі тұлғаны тануға бағытталған бір қадам. Бұған қоса, бүлдіршіндеріміз азаттығымызды асқақтатар арынды жырларды жатқа айтып, патриоттық рухтағы әндерді шырқады. Бұның бәрі мектепке дейінгі тәрбиенің ұтымды түрде берілген іс-шарасының бір көрінісі. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба берсін!
Айғаным Асқарбек.