Ерекше балаларға – ерекше қуаныш
Жаңа жыл – әр баланың асыға күтетін, үміт пен қуанышқа толы мерекесі. Осы жарқын мерекені ерекше балаларға сезіндіру мақсатында жуырда аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Жаңа жыл» атты дәстүрлі шырша мерекесі өтті. Ізгі ниетпен ұйымдастырылған бұл шара балалардың ғана емес, ата-аналардың да көңілінен шығып, көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Әсем безендірілген зал, жарқыраған жаңажылдық шырша, ертегі әлемін еске түсіретін кейіпкерлер балаларға шынайы қуаныш сыйлады. Шарада бүлдіршіндер мерекелік көңіл күйге бөленіп, өздерін нағыз ертегі әлемінде жүргендей сезінді.
Кеш барысында өнерлі бишілер жаңа жылға арналған әсем билерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар әлеуметтік қызметкерлер дайындаған мерекелік әндер мен музыкалық қойылымдар шараның мазмұнын байытып, балаларға шаттық пен жылулық сыйлады. Әрбір қойылым балалардың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай ұйымдастырылып, олардың белсенді қатысуына мүмкіндік берілді.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Сұлтанбаев Найман Кенжеханұлы мерекеге жиналған балалар мен ата-аналарды жаңа жылмен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
— Құрметті балалар, қадірлі ата-аналар! Жаңа жыл – әр шаңыраққа қуаныш, береке және жаңа үміт сыйлайтын ерекше мереке. Бүгінгі шара – біздің ерекше балаларға деген қамқорлығымыздың, олардың қоғамдағы орнын айқындауға бағытталған жұмыстардың бір көрінісі. Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау, олардың білім алуына, дамуына және толыққанды өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда. Сіздерге зор денсаулық, мықты рух, алдағы жылда тек жақсы жаңалықтар тілеймін. Балаларымыздың күлкісі ешқашан сөнбесін, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Мерекелік бағдарламаны «Мастер праздник» командасы жалғастырып, жаңажылдық шоу бағдарламасын ұсынды. Аяз ата мен Ақшақардың, ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен өткен қызықты ойындар мен қойылымдар балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Шара соңында қайырымдылық пен мейірімнің үлгісін көрсетіп жүрген «Аналар қоры» қайырымдылық қорының төрайымы Шолпан Фрунзебекқызы Балхожаеваның атынан балаларға арнайы дайындалған жаңажылдық сыйлықтар табысталды. Сыйлық алған бүлдіршіндердің жүзіндегі қуаныш пен шаттық мерекенің шынайы нәтижесін көрсетті.
Ата-аналар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай шаралардың балалар үшін рухани әрі психологиялық тұрғыдан үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Себебі мұндай мерекелер балалардың өздеріне деген сенімін арттырып, қоғамның қамқорлығын сезінуге мүмкіндік береді.
Жалпы, «Жаңа жыл» шырша мерекесі ерекше балалар үшін ұмытылмас әсер қалдырды. Ізгілік пен жанашырлыққа толы бұл шара жаңа жылдың қарсаңында балалардың жүрегіне қуаныш ұялатты.
Балнұр Жексенбекқызы.