Қала тұрғындарына тарту
Өткен аптада еліміздің әр өңірінде Тәуелсіздік мерекесі ерекше құрметпен аталып өтті. Аталған мереке қарсаңында ауданымызда бірқатар маңызды нысандар ел игілігіне берілген болатын. Олардың қатарында «Қант зауыты» мөлтек ауданында ашылған аллея бар.
Сағадат Нұрмағанбетов көшесінде пайдалануға берілген аллеяның ашылу салтанатына Шу ауданының әкімі Б.Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, қалалық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес мүшелері, мөлтек ауданның бір топ тұрғындары қатысты.
Мерейлі мереке қарсаңында аллеяның қызыл лентасы қиылған соң, самаладай жарық шамдар жағылды. Төңіректің барлығы жарық болған соң меймандар жаңа аллеяға қарай беттеді. Суық ауа райында таратылған ыстық шәй мен бауырсақтар көптің көңілін жылытты. Ал, аллеяның ортасында мәдениет қызметкерлерінен құралған «Дарын» вокалды-аспапты ансамблі шара куәгерлеріне жанды дауыста әндерін тарту етіп жатты.
Көтеріңкі көңіл-күй ауанында Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Меліс Бейсембаев сөз алып, жерлестерді мерейлі мезетпен құттықтады. Сонымен қатар ардагер-теміржолшы тұрғындарды аллеяны көздің қарашығындай қорғауға шақырды.
Қариялар сөзін қуаттаған Бақытжан Оразалыұлы да өз уақытында пайдалануға берілген демалыс орны қала тұрғындарының игілігі үшін жасалғанын тілге тиек етті.
– Соңғы жылдары теміржолшылар қаласында ілкімді істер жүзеге асырылуда. Әрбір игі жұмыста белсенді азаматтардың, азаматтық қоғамның және қала әкімінің өзіндік үлесі бар. Бұл алғыс білдіріп, мақтау айтуға тұрарлық шаруа. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жаңа аллея пайдалануға беріліп отыр. Өздеріңіз көргендей, жаңа демалыс орны заманауи үлгіге сай. Үстел теннисі мен шахмат ойнауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ жаттығу жасауға арналған құрылғылар сіздерді асыға күтеді. Аға буынға айтар қолқамыз осы жерге қамқор болыңыздар, жастарға ақылдарыңызды айтып қойыңыздар,-деген аудан басшысы шулықтарды қуанышпен құттықтады.
Жыл жаңалығы деуге лайық аллеяның ашылуында жанды дауыста әндер шырқалып, арнайы отшашу атылды. Бірқатар спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, қала әкімшілігі тарапынан марапатталды. Ең бастысы, аллея төңірегіндегі тұрғындар мен ауданға келген тұрғындар кешкі серуен құратын жерге ие болды. Қала әкімі Е.Нұралиевтің айтуынша, алдағы жылы аллеяға қосымша толықтыру жұмыстары жүргізілетін болады.
«Қант зауыты» мөлтек ауданындағы аллея Исатай батыр мен Б.Тымбаев көшесі аралығындағы С.Нұрмағанбетов көшесін бойлай орын тепкен. Шамамен 4000 шаршы метрді құрайтын аумақта сергіп алуға қажетті стрит-воркаут алаңшасы, жайлы әткеншектер, көңілді сергітетін жарық шамдар бар.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Е.Қарашөкеев ауданымызға жасаған жұмыс сапарында ескі аллеяны жаңғырту туралы тапсырма берген болатын. Осы мақсатта Шу қаласы әкімі аппаратының тапсырысын «Khan Group» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асырып, құрылысты межеленген уақытта мәресіне жеткізіп отыр.
Байжан Емберді.