Қылмыс – әлімжеттіктен басталады
Құқықтық мәдениет — әділетті қоғамның іргетасы. Бүгінгі таңда заңды білу тек заңгерлердің міндеті емес, ол әрбір азаматтың, әсіресе болашақ иелері — жасөспірімдердің басты қорғаны болуы тиіс. Жуырда Шу қаласындағы №40 мектеп-лицейінің директоры Медет Байшымыровтың ұйытқы болуымен, аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, мәслихат депутаттары және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде айтылған ойлар осыған саяды.
Судья ретінде менің алдымнан талай тағдыр өтеді. Өкінішке орай, соңғы кездері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен буллинг (әлімжеттік) мәселесі қоғамның дертіне айналып отыр. Біз «балалық қой» деп мән бермейтін қатарластар арасындағы қысымның соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін екенін ашық айтуымыз керек.
Көкқайнар оқиғасы – бәрімізге сабақ
Өткен жылдың қыркүйек айында Шу ауданы, оның ішінде Көкқайнар ауылында жасөспірімдер арасында орын алған оқиға жай ғана қылмыс емес, қасіретке айналды. Оқушылар арасындағы түсініспеушілік пен соңы буллингке ұласқан топтық зәбір көрсету бір жасөспірімнің өліміне себеп болды. Соның салдарынан бірнеше жасөспірімге қатысты ауыр баптар бойынша қылмыстық іс қозғалып, олардың тағдыры темір тормен шектелді.
Бұл оқиға — «мен әлі 18 жасқа толған жоқпын, маған ештеңе істей алмайды» деген қате түсініктің тас-талқанын шығарды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша денсаулыққа ауыр зиян келтіру, кісі өлтіру секілді ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік 14 жастан басталатынын әрбір жас өскін білуі тиіс.
Буллинг — қылмысқа апарар баспалдақ
Буллинг — бұл тек физикалық күш көрсету емес. Біреуді балағаттау, әлеуметтік желіде қорлау (кибербуллинг), топтан шеттету немесе моральдық қысым көрсету — мұның бәрі заңмен жазаланатын әрекеттер. Бүгін біреуді келемеждегеніңіз үшін ата-анаңыз айыппұл төлесе, ертең сол әрекетіңіз үлкен қылмысқа ұласып, өзіңіздің болашағыңызға балта шабуы мүмкін. Сотталғандығы туралы дерек адамның өміріне, мансабына, мемлекеттік қызметке немесе құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасуына мәңгілік кедергі болып қала береді.
Жастарға және ата-аналарға үндеу
Әділетті Қазақстанды тек заңға бағынатын, саналы ұрпақ қана құра алады. Біздің мақсатымыз — жазалау емес, жастардың түзу жолмен жүруіне ықпал ету.
Жасөспірімдерге бір сәттік ашуға бой алдырып, өмір бойғы өкінішке жол бермеңіз дегіміз келеді. Кез келген дауды сөзбен, мәдениетті түрде шешуге тырысыңыз.
Ата-аналар мен ұстаздарға баланың мінез-құлқындағы өзгеріске бей-жай қарамауға кеңес береміз. Буллингтің алдын алу — бұл ортақ жауапкершілік.
Заңды құрметтеу — өзіңді құрметтеу. Көкқайнар оқиғасындағыдай қасірет енді ешқашан қайталанбасын десек, әрбір қадамымызды заң шеңберінде жасауымыз қажет.
Даулет Сатыбалдин,
Шу аудандық сотының судьясы.