Ақпараттық портал

Алдағы референдумға дайындық пысықталды

Бәріңізге белгілі, үстіміздегі жылдың 15 наурызында елімізде республика Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өтеді. Бүгінгі таңда елімізде өзгерістер ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде жүргізіліп отырған реформалар мемлекетіміздің саяси сәулетін кешенді қайта форматтауға, билік тармақтары арасында тежеу мен тепе-теңдік жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Бұл жаңа Конституция жобасы биліктің барлық деңгейлерінде қабылданатын шешімдердегі қоғам рөлін нығайтады.

Осыған орай, өткен аптаның соңында аудандық мәдениет үйінде аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту-семинары өтті.
Аталған семинар Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының 2026 жылғы 12 ақпандағы №6/15 қаулысын орындау шеңберінде өткізілді. Жиынға Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының мүшелері, Шу аудандық аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының мүшелері, аудан әкімі аппаратының өкілдері, құқық қорғау органдары, қаржы саласының мамандары, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары, жас сайлаушылар клубтарының мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Оқыту-семинардың президиумына Жамбыл облыстық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Салқанұлы Жамалов пен Шу аудандық референдум комиссиясының төрағасы Ержан Жанатұлы Вахитов көтерілді. Семинар жұмысын модератор ретінде Т.Жамалов жүргізді.
Іс-шара барысында республикалық референдумды дайындау мен өткізудің ұйымдастырушылық мәселелері, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, ақпараттық сүйемелдеу, үгіт жұмыстарының тәртібі, байқаушылардың рөлі, азаматтардың тізімін қалыптастыру, мемлекеттік қаржыландыру, заң талаптарының сақталуы және дауыс беру процесін ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар қатысушылар «Kahoot» бағдарламасы арқылы викториналық ойын форматында білімдерін сынап, семинар соңында тест тапсырды. Бұл тәсіл қатысушылардың тақырыптарды терең меңгеруіне және тәжірибелік дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында:
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын толық іске асыру үшін азаматтардың саяси құқықтарын қамтамасыз ету аса маңызды» деп атап өткен болатын. Бұл ретте референдум – халықтың ерік-жігерін білдіретін маңызды демократиялық құрал.
Сондай-ақ Президент Жолдауында заң үстемдігін қамтамасыз ету мен әділ сайлау үдерістерін ұйымдастыру мемлекеттіліктің берік негізі екенін ерекше айтқан болатын. Осы орайда өткізілген оқыту-семинары комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, референдумды заң талаптарына сай әрі ашық өткізуге бағытталды.
Жиын соңында қатысушыларға сертификаттар табысталып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Семинардың мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған форматта өтуі алдағы республикалық референдумды жоғары деңгейде ұйымдастыруға негіз болатыны атап өтілді.
Осылайша, Шу ауданында өткен оқыту-семинары референдумды заң талаптарына сәйкес, ашық және әділ өткізуге бағытталған маңызды дайындық кезеңдерінің бірі болды.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.