Алғыс айту – бірлік пен берекенің белгісі
Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мереке – Алғыс айту күні. Бұл уақытында қазақ топырағына еріксіз қоныстанған түрлі этнос өкілдерінің жергілікті халыққа алғыс білдіріп, ақ сезімін жеткізетін сәт. Биыл 10-шы мәрте тойлаған Алғыс айту күні Шу ауданында кеңінен аталып өтті.
Аудандық мәдениет үйінде өткен шараның шымылдығы кітапхана алаңшасында этностардың тарихы, мәдениеті паш етілген көрмемен түрілді. Іс-шара барысында “Нұрсұлтан” ЖШС директоры, жеке кәсіпкер, Шу ауданының Құрметті азаматы Кошали Гусейновке қошеметпен сөз берілді.
Өз сөзінде түрік этносының өкілі Кошали Аллас-оглы қилы кезеңде құшақ жайған халқымыздың кеңдігін тілге тиек етіп, еліміздегі бірлік пен берекенің бүгінгі көрінісіне бағасын берді. Әрі осы бақты баянды ету жолында адамгершілік, ауызбіршілік, өзара құрмет пен меймандостықтың маңызы ерекше екеніне тоқталды.
Ауданымызда ұрпақ өрбітіп, тамырын тереңге жайған этностың бірі – әзірбайжан ағайын. Шу қаласы, Мойынқұм мен Жаңа жол ауылында, аудан орталығында ғұмыр кешіп жатқан олар әр салада табысты еңбек етіп, татулықтың туын көтерісіп жүр.
Өткен күннің өнегелі күндері жайлы Б.Момышұлы атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары В.Мирзаев әңгімелеп берді.
– Қазақстан – менің Отаным. Аталарымыз атамекенде туып, осы Шу өңіріне қоныстанды. Ал менің кіндік қаным Жаңа жол ауылында тамған. Ер жетіп, еңбекке араластық. Бүгінде ұрпаққа білім берумен айналысып жүрмін. Бізді жат көрмей бауырына басқан қазақ халқына мың алғыс. Бауырлас халықтың аталарымызға көрсеткен құрметін ұмытпаймыз. Елімізде тек бейбітшілік пен бірлік болсын,-деді Вагиб Байбердіұлы.
Алғыс айту күніне орай ақжарма тілегін жеткізген аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев еліміздегі этносаралық келісімнің тұрақтылығына маңыз берді. Сонымен қатар ауданымызда төрт этномәдени бірлестік пен бір қауымдастық белсенді жұмыс атқарып, 30-дан аса этнос мекен ететінін мәлімдеді.
-Алғыс айту күні мағынасы мен мәні терең мереке. Көктемнің алғашқы күнінде ризашылық білдіру жақсы үрдіс. Өйткені халқымызда “Алтын алма алғыс ал” деген дана сөз бар. Алғыс айту арқылы біз өзара махаббатты, достық пен түсіністікті дәріптейміз, ізгілік дәнін себеміз. Баршаңызды атаулы мерекемен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді Найман Кенжеханұлы.
Мерекеге арналған шараның соңы сазды бағ-дарламаға ұласты. Аудандық мәдениет үйінің өнер-паздары әннен шашу шашып, биден тарту етті.
Естеріңізге сала кетейік, 1995 жылдың 1 наурызы күні Қазақстан халқы ассамблеясы құрылып, 2016 жылдың 1 наурызынан бастап Алғыс айту күні тойланып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 17 конфессия ұстанатын 130-ға жуық этнос тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Сөз соңында ауданның әлеуметтік-эконо-микалық ахуалына оң үлесін қосқан бір топ азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына, аудандық мәслихат марапатына ие болды.
Байжан Емберді.