Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды
Биыл аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің өңірімізге әкім болып тағайындалғанына үш жылдан асты. Осы аралықта аудан басшысы өңіріміздегі барлық ауылдық округтерді, шалғай елді мекендер мен шағын стансаларды бірнеше мәрте аралап, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Мұндағы мақсат – ауылдықтарды алаңдатқан түйткілді мәселелерді көзбен көріп, тұрғындардың өз аузынан есту екені анық. Сол арқылы алдағы жұмыс жоспары түзіліп, елді мекендегі іргелі істер бір жүйеге келтірілді.
Алайда, ел арасындағы түйткілді мәселелерге көз жеткізудің тағы бір тиімді жолы ол – қоғамдық қабылдаулар екенін де айта кеткен жөн. Дәл осындай қоғамдық қабылдаулар өткізу арқылы жергілікті жердегі тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, ортақ шешім қабылдауға болады. Соған сәйкес, тұрғындардың әлеуметтік тұрғыдағы және жеке мәселелері оң шешімін табады. Мәселен, өткен жылдың өзінде аудан әкімдігінде өткен жеке қабылдауға 150-ге жуық тұрғын жазылып, оның әрқайсысы көкейіндегі түйткілдерді жеткізген. Тиісінше, заң аясында нақты шешімдер қабылданып, мәселелер рет-ретімен шешіліп отырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған бастамалар біздің ауданымызда да жалғасын тауып, бүгінде азаматтарды жеке-жеке қабылдау қалыпты жағдайға айналған. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, ағымдағы жылдың өзінде бірнеше қоғамдық қабылдау өтті. Соның бірі ағымдағы аптада өтіп, бірқатар аудан тұрғындары өз өтініштерін аудан басшысына тікелей жеткізді. Бақытжан Оразалыұлы бірқатар аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Жалпы, дәстүрге айналған қоғамдық қабылдаулардың ең негізгі міндеті – тұрғындардың өтініштерін қарап, олардың оңтайлы шешілуіне қолдау көрсету болса, бүгінде бұл үде орындалып келеді деуге толық негіз бар.
Қоғамдық қабылдауға жеке мәселелерімен қайырылған тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй мен әлеуметтік жағдайға қатысты сауалдарын жолдады. Байқағанымыздай, әрбір жеке қабылдауда жиі көтерілетін мәселенің бірегейі – баспана мәселесі. Аталмыш түйткіл тек Шу ауданында ғана емес, өзге өңірлерде де өзекті екенін айта кеткен жөн. Дейтұрғанмен, кейінгі жылдары бұл түйткілге қатысты сең қозғалғаны байқалады. Шу қаласы мен ауылдық округтерде арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы жаңа үйлер бой көтеріп, онда үй кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындар қоныстанды. Одан бөлек, Шу қаласынан, Алға және Төле би ауылдық округтерінен арнайы жер бөлініп, онда арнайы инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, кезекте тұрған тұрғындарға жер телімдері берілуде. Бұл да өз кезегінде тұрғын үйге қатысты мәселені біршама жеңілдететіні сөзсіз. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім мол. Ал, аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлының сөзінше, көмек сұрай келген әрбір тұрғынның өтініші жеке дара зерделеніп, нақты шешімдер қабылданатын болады.
Ерғали Қартайған.