Ақпараттық портал

Өңірімізде жаңа өндіріс орны ашылмақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесін мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап берді.
Бұл бағыт инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу және өндірістік инфрақұрылымды дамыту арқылы жүзеге асырылатыны анық.
Кейінгі жылдары Шу өңірі инвестициялық жобалар көптеп шоғырланған аймаққа айналып отыр. Ресми дерек бойынша 5 ай барысында ауданға салынған қаржы 115,5 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ қазірдің өзінде жалпы құны 66,5 млрд теңгеге жететін 11 жоба іске асырылуда. Солардың бірі – «ARRIVO INDUSTRY» ЖШС.
«Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында орын тепкен өндіріс ошағы нарыққа «Сэндвич-панель» құрылыс материалын шығаруды қолға алмақ.
Бірер айдың ішінде іске асырылатын жоба аясында механикаландырылған жылыту жүйесі бар «сэндвич-панель» типті сыртқы қоршау құрылымдарын шығаратын өндіріс орны ашылады. Аталмыш жобаның жалпы құны – 300,0 млн теңге. Қаржыландыру толықтай жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Зауыт басшылығының айтуынша, жобаның өндірістік қуаты жылына 200 мың сызықтық метр өнім мен 6000 тонна металл конструкцияларын шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кәсіпорын 1 гектар аумақта орналасқан. Өндіріс іске қосылғаннан кейін 30 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
-Біздің зауытта негізінен сэндвич-панель шығарылады. Сонымен қатар биік ғимараттардың қабырғасына арналған металл конструкциялар мен металл жабындылар өндіріледі. Одан бөлек, біздің компания көпірлердің берік темірлерін әзірлеуге қауқарлы. Бүгінде 10 адам жұмыс істейді. Оның 4-і қытайлық азамат, қалғаны жергілікті азаматтар. Жұмыс барысының барлығы автоматты түрде жүргізіледі. Қажетті техникалар мен жабдықтар бар, – дейді компания өкілі Қайрат Құрманғазыұлы.
Бір айта кетерлігі, «ARRIVO INDUSTRY» ЖШС шығарған сэндвич-панельдері жаңадан бой көтерген «Шенгтай биотеч» (Фуфенг) жүгері зауытының құрылысына қолданылған. Себебі өнім тапсырыс берушінің сұранысына сәйкес жасалады. Ал шикізат импорт арқылы көршілес Қытай елінен әкелінеді.
Президент атап өткендей, Қазақстанның басты мақсаты – қуатты әрі әртараптандырылған экономика қалыптастыру, өндірістік әлеуетті күшейту және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру.
Шу ауданында жүзеге асып жатқан бұл жоба аталған стратегиялық бағыттардың нақты көрінісі екені анық.
Өңірде осындай өндірістік бастамалардың көбеюі ел экономикасының тұрақты дамуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қоса береді деп сенеміз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.