Еселі еңбек – лайықты құрмет
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев келелі жиындарда су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су ресурстарын ұқыпты пайдалану және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту – еліміздің басты стратегиялық міндеттерінің бірі екенін үнемі атап келеді. Бұл орайда сала мамандарына зор жауапкершілік жүктелгенін айта кеткен абзал.
Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай мереке иелерін қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады. Жиын барысында аудан басшысы сушылардың етжеңді еңбегін ерекше бағалап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
-Өздеріңіз жақсы білесіздер, 7 жылдай уақыт сіздермен кездесіп, ел игілігіне бағытталған елеулі еңбектеріңізді ескеруді игі дәстүрге айналдырдық.
Жасыратыны жоқ, биыл 43 каналдың жөндеу жұмыстарына байланысты шаруалар су тапшылығын сезініп отыр. Құзырлы министрліктің бақылауындағы жұмыстар бұйырса аяқталып, бұл қиындықтан шығамыз деген үміт зор.
Сушылардың жұмысы қашанда маңызды болып қала береді. Бұл іске берілген сала мамандарының еңбегін әрдайым жоғары бағалап, ризашылық сезімін білдіреміз. Өмірін су саласымен байланыстырған жерлестерімізді құрмет тұтамыз,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Мұнан кейін кезек марапаттауға беріліп, бір топ су шаруашылығы қызметкерлеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті. Саладағы жемісті жұмыстары үшін алғыс айтылды. Ізгі лебіздерге аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов пен аудан әкімінің орынбасары С.Пернеш қосылды.
Естеріңізге сала кетсек, елімізде Су шаруашылығы қызметкерлері күні жыл сайын 9 шілдеде аталып өтіледі. Бұл кәсіби мереке 2019 жылдан бері мемлекеттік күнтізбеге ресми түрде енгізілген. Бүгінгі таңда еліміз бойынша осы салада он мыңнан астам маман еңбек етеді.
Су саласының қызметкерлері су ресурстарын қорғау және ирригациялық жүйелерді дамыту жолында еңбек етуде. Олардың күнделікті қажырлы еңбегінің арқасында егістік алқаптары мен елді мекендер тіршілік нәрімен қамтамасыз етіліп отырғанын айта кеткен жөн.
Байжан Емберді.