Білікті басшы, үлгілі мектеп
«Бақытты өмір сүру үшін бақытты мақсат ету керек» деген ұлылардың нақыл сөзі бар.
Сонау жетпісінші жылдары Луговой ауданының Алғабас ауылындағы орта мектептің басшысы Төлепбай Сатқынұлының таңдауы химия ғылымына түсті.
Ол кезде білім бәйгелеріне қатысу үшін ауданға ауыл шаруашылығы жұмыстарынан босаған жүк көліктерімен шаңдатып жететін. Сондай сапарлардың ешқайсысынан шәкірттері жүлдесіз қайтпай, ұстаз мерейін өсіріп, ауыл абыройын асқақтататын.
Әке салған сара жол кейін Тәуелсіз Қазақстанның білімді ұрпағын тәрбиелеу ісімен жалғасын тапты. Жансерік ұлы энергетика саласының басшысы болса, Шекер қызы сауда саласын таңдады. Ал Ардақ пен Айгүл әке жолын жалғап, ұстаздық қызметке келді.
Темірдей тәртіпті ту еткен Төлепбай әкенің мінезі сырт көзге қаталдау көрінгенімен, Бижамал анамен бала тәрбиесі туралы сырласқан сәттері нөсерден кейінгі жылы жаңбырдай жаймашуақ еді.
Әкенің үкілі үміті ақталды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, бүгінде Ардақ Төлепбайқызы – киелі Шу жерінің ардақты келіні, аяулы ұстаз, білікті басшы (суретте).
Ол – Шу қаласындағы Төле би атындағы орта мектептің директоры. Әке салған даңғыл жолды лайықты жалғастырып, алға қойған игі мақсат-мүдделерін жүзеге асыру жолында білім шамшырағын жаңа биіктерге жетелеуде. Басқарып отырған білім ордасын толайым табыстарға жеткізіп келеді.
Ардақ Төлепбайқызы мектеп пен жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайтып, білім мен ғылымның сабақтастығын қалыптастыру бағытында тың бастамалардың ұйытқысы болды.
Мектеп ұстаздары Мөлдір Шынарбекова мен Гүлжан Арыстанқызы 400 мыңға жуық педагог қамтылған «Білім берудегі ЖИ инновациялық технологиялары және оқу үдерісін цифрлық трансформациялау» тақырыбындағы республикалық жоба аясында үздіктер қатарына іріктеліп, «Аmanat» партиясының қолдауымен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған педагогикалық хакатонға қатысып, жоғары кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Жас маман, тарих пәнінің мұғалімі Мейірхан Рысқожаев Дубай қаласында өткен халықаралық конференцияда өзінің маңызды ғылыми жобасын ұсынып, арнайы марапатқа ие болды.
Жоғары сынып оқушысы Мансур Бақыт Венгрияның астанасы Будапешт қаласында өткен халықаралық бокс турнирінде жеңіс тұғырына көтерілді.
– Осындай мерейі үстем спортшыларды тәрбиелеу үшін мектеп ауласына заманауи спорт алаңын салу жоспарда бар, – дейді мектеп директоры Ардақ Төлепбайқызы.
«Үздік білім беру ұйымы» атанған мектеп жоғары оқу орындарының ғалымдарымен бірлесе отырып білім сапасын арттыру бағытында алты оқу-әдістемелік құрал әзірледі. Облыстық семинарларда өздерінің озық іс-тәжірибелерімен бөлісіп, әріптестеріне үлгі көрсетті.
Нәтижесінде биылғы оқу жылында «Алтын белгі» иегерлері Рауан Төлеуқұл, Жәнібек Даланбай, Әнел Тұрсынбек, Нұрбибі Ербай, сондай-ақ үздік аттестат иегерлері Ерсұлтан Сүйеналы, Алан Талас және Рамазан Алхадыр мектеп мерейін асқақтатты.
Ләззат Оразбаева,
Шу қаласы.