Ақпараттық портал

Ақ егіске орақ түсті

Жаздың әр күні – диқан үшін қымбат. Дәл осы шақта Шу ауданындағы егіс алқаптарында таңның атысынан күннің батысына дейін қызу еңбек жүріп жатыр. Бірі комбайн тізгіндесе, енді бірі астық тасымалдап, тағы бірі техниканың тоқтаусыз жұмыс істеуін қадағалауда. Биылғы науқанның басты мақсаты – әрбір дәнді дер кезінде жинап, мол өнімге қол жеткізу.

Шу ауданында 2026 жылдың өніміне 86 457 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 48 661 гектары масақты дәнді дақылдар. Бүгінгі күнге дейін жинауға жоспарланған 42 760 гектар алқаптың 20 719 гектары орылып, қамбаға 34 844 тонна астық құйылды. Орташа өнімділік әр гектардан 16,8 центнерді құрап отыр. Аудан бойынша егін орағына 87 комбайн жұмылдырылып, жұмыс жоспарға сай жүргізілуде.
Осындай қарқынды еңбек жүріп жатқан шаруашылықтардың бірі – Ақсу ауылындағы «Асхат» шаруа қожалығы. Жыл сайын еңбек өнімділігін арттырып келе жатқан шаруашылық бүгінде заманауи техникалармен жабдықталып, өз жұмысын жаңа деңгейге көтерген. Мұнда мемлекет ұсынған жеңілдетілген лизинг бағдарламасының мүмкіндігі тиімді пайдаланылған. Соның арқасында жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, дала жұмыстарының сапасы мен жылдамдығы артқан. Қазіргі таңда шаруашылықтың қарамағында 14 техника жұмыс істейді. Бұл техникалар егіс пен орақ науқанын уақытылы аяқтауға үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Шаруашылыққа 1760 гектар жер бекітілген. Оның 1300 гектарына бидай, 460 гектарына арпа егілген. Биылғы егіннің жай-күйі жақсы, алқаптарда жұмыс бір сәтке де тоқтаған емес.
Егін орағының барысымен танысу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Серікхан Қуатұлы шаруашылыққа арнайы барып, алқаптарды аралады. Ол дала еңбеккерлерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, диқандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«Асхат» шаруа қожалығының иесі Асхат Айтқожаев – әкесінің кәсібін жалғастырып келе жатқан жас басшы. Ол тек шаруашылықты дамытып қана қоймай, еңбек адамын бағалай білетін азамат ретінде ауыл тұрғындарының құрметіне бөленіп жүр. Бүгінде шаруашылықта 48 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Еңбеккерлердің айтуынша, жалақы уақытылы төленеді, жұмысқа қажетті барлық жағдай жасалған.
Осы шаруашылықта 14 жылдан бері механизатор болып еңбек етіп келе жатқан Саламатхан Сабырқұлов та мұны ерекше атап өтті.
«Мен бұл шаруашылық ашылған күннен бастап еңбек етіп келемін. Биыл – 14 жыл болды. Осы уақыт ішінде көп өзгерісті көрдік. Қазір техникалар жаңарды, жұмыс жеңілдеді. Айлығымызды уақытылы аламыз. Егістік көлемі жылдан-жылға артып келеді. Жұмыс қарқыны жақсы. Асхатқа ризамыз. Жұмысшыларды әрдайым қолдап жүреді. Мереке, демалыс күндері санаторийлерге, демалыс орындарына жіберіп, еңбегімізді бағалайды. Осындай қамқорлық болған соң жұмысқа да ынтамен келеміз», – дейді ол.
Ауыл шаруашылығы – тек техника мен технология ғана емес, ол – маңдай тер мен адал еңбек. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, шаруалардың іскерлігі мен еңбек адамдарының жауапкершілігі осындай табысты нәтижелерге жол ашуда. Бүгінде Шу ауданында егін орағы белгіленген жоспарға сай жалғасып жатыр. Әр алқапта қызу еңбек, әр танапта берекелі тіршілік. Диқандардың басты тілегі – ауа райының қолайлы болып, төккен тердің ақталып, қамбаның астыққа толуы.

Фариза НҰРХАНҚЫЗЫ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.