БАСТЫ ЖҮЛДЕ ЖЕРЛЕСІМІЗДІҢ ҚАНЖЫҒАСЫНДА
Тәуелсіздік күні қарсаңында аудан жетістіктерінің қоры молайып, сүйіншілер жаңалығымыз да еселенуде. Күні кеше ғана Семей қаласында өткен композитор Еркеғали Рахмадиевтің туғанына 90 жыл толуына арналған республикалық композиторлар байқауына жерлесіміз, жезтаңдай әнші Ербосын Қасымбек қатысып, жүлделі І орынды қанжығасына байлап қайтты.
Ауданның абыройын дүлдүлдер додасында талай мәрте қорғап, өзінің талантымен талайларды тәнті етіп жүрген Ербосын өнерлілер байқауына Жамбыл облысы атынан қатысып отырғаны-үлкен абырой. Қырықтан аса композиторлардың ортасынан қақ жарып шығып, марапат төрінен көрінген Ербосын бұл байқауда Мерей Қарттың сөзіне, өзінің әніне “Семей ұраны” әнін әуелете шырқады. “Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері” бар деп дана Абай айтпақшы, рухани астанамыз Семейдің көгінде қалықтап, төгілте шырқалған ән кім-кімнің де болса құлақ құрышын қандырары анық.
“Аты аталмаған жігіттен, аты аталған төбе артық” деп дана халқымыз айтпақшы, Ербосын Қасымбек облыс, тіпті республика көлемінде есімі еленіп, Шудың атын шығарып жүр. “Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек, тұлпарда да тұлпар бар қазанаты бір бөлек” демекші, ер жігіт те, сәйгүлік те аламан бәйгеде сыналады, ал кіл жүйріктен оза шапқанын халқы әспеттейді, көкке көтереді. Жүлделі оралған жерлесіміздің қуанышына біздің аудан да қай кезде де ортақтаса біледі. Қазақ мәдениетінің қайраткері деген абыройлы атақты арқалап жүрген азаматты аудан әкімі Сәкен Арубаев өзінің қызметтік кабинетінде қабылдап, құттықтады. “Өнерліге өріс кең” демекші, Ербосынмен аз-кем сұхаттасып, лайықты сый-сияпатын жасаған Сәкен Қаланұлы ізгі лебізін де білдірді.
“Ел іші – өнер кеніші” деп текке айтпаған ғой. Қашанда өнерді бағалаған халқымыз Ербосынның талантына тәнті болып, кезі келсе ат мінгізіп, шапан жабудан кенде қалған емес. Бір кездері Сұлтанмахмұт Торайғыров “Қысқасы, бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар” деп ертеңгісін аңдап кеткендей. Осындайда дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген Ербосындай өнерпаздардың асығы алшысынан түссе, ессіз, есер әндердің жолдары түгесілер еді. Тұла бойды шымырлатып, көңілге түрлі ой салар әндерді Абайша сүйіп, сол әндерді жүректерге жеткізер Ербосындай әншілердің абыройы асқақтай берері сөзсіз.