ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ДОП ДОДАСЫНДА ТОП ЖАРДЫ
Спорт – ел мерейін асырып, жас буынның салауатты өмір салтын ұстануына ұйытқы болатын өнердің бірі. Оның алуан түрінің ішінде волейболдың да орны ерекше. Сонымен қатар жастың да, жасамыстың да жақсы көретін спорт түрі. Ауданымызда алақанында ала допты ойнатуды жақсы көретін жандар жетерлік. Тіпті команда құрып, жарыстардан олжалы оралып жүргендері де баршылық.
Мұның жарқын дәлелі, аптаның алғашқы күні Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев мұғалімдер арасында облыстық спартакиаданың жүлдесін еншілеп, республикалық додада жалпы командалық есепте үздік бестіктің ішіне енген волейболшыларды қабылдаған болатын. Білім берумен қатар бой шынықтырып жүрген жерлестерімізге аудан басшысы ақ тілегін арнап, жеңістерімен құттықтады.
-Баршаңызды ең әуелі кешегі өткен ең басты мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сонымен қатар, сіздердің волейболдан облыстық спартакиаданың жеңімпазы атануларыңыз ауданымызға мақтаныш, оқушыларыңызға өнеге болғаны ақиқат. Мұны да үлкен жетістік деп бағалай келе, жеңістеріңізбен тағы құттықтағым келеді.
Биыл аудан спорты айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бұл біздің мерейімізді асырып, алға қойған мақсатымызға жетеледі. Мұғалім болып, білім беріп қана қоймай, спортта үздік атануларыңыз өздеріңіз тәрбиелеп отырған буынға көркем үлгі болып отыр. Бұдан да биік белестерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін,-деді Сәкен Қаланұлы.
Бұдан соң кезек марапаттау рәсіміне беріліп, бірқатар білім қызметкерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылды. Артылған сенімге, айтылған тілекке, көрсетілген құрметке разы болған волейболшылар аудан басшысына алғысын жеткізіп, жұмыста және спортта озат болуға уәде берді.
Ұзап бара жатқан жыл спорт саласы үшін расымен де жемісті болды. Спорттың әр түрінен жақсы нәтижелер байқалып, жүзден жүйріктер анықталды. Бір ғана волейболдан бірнеше аудандық, облыстық турнирлер ұйымдастырылып, шулықтардың бұл өнерге бейім екені білінді. Соның ішінде аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың кубогы сарапқа салынған турнирлер тың серпін берді. Бұл орайда аудандық волейбол федерациясының жұмысын ескермей кетуге әсте болмайды. Федерацияның ұйытқы болуымен әсіресе, белсенді ардагер ойыншылардың араласуымен турнирлердің салмағы арта түскенін айта кеткен жөн.