Ақпараттық портал

БІЛІМ БИІК БЕЛЕСКЕ БАСТАЙДЫ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында “Жаңа Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз” – деген болатын. Соңғы жылдарда педагог мәртебесін арттыруға бағытталған бірнеше бағдарламалар жүзеге асты. Мұның бәрі жәйдан-жәй жасалып жатқан дүниелер емес. Осындайда “Алмақтың да салмағы бар” деген аталы сөз ойға оралады. Сондықтан, ұлт ұрпағын тәрбиелеу жолындағы ұлы қызметте жүрген ұстаздарға артылар жүк ауқымды.
Соңғы бір жылдың өзінде білім жүйесінде түрлі бастамалар қолға алынып, тың идеялар жүзеге асуда. ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі болып қайта құрылуынан-ақ көп дүниені аңғаруға болады. Былтырғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ұлттық жобаны бекітті. Солардың бірі – «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Аталмыш жоба аясында 5 жылда білім саласында бірқатар жұмыс атқарылатын болады. Атап айтқанда, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, қалалық және ауылдық мектептердің оқыту сапасындағы алшақтықты азайту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз және жайлы білім беру ортасын құру сынды мәселелерді оңтайлы шешу жолдары қарастырылған. Бұл жобаның біздің ауданға да берері көп.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының “Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек” деген сөзі бүгінгінің басты ұраны болып отыр. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісі биік мінберден түскен емес. Өйткені, болашақ-білімді жастардың қолында. Әр күніміз өзгерістерді талап ететін заманда жаңашылдықтан қалыс қалмау-басты міндет. Адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып алға басатын мына заманда ұстаздың қаншалықты деңгейде білімді де білікті, талапшыл да парасатты болуы керектігі өздігінен белгілі. Мектептегі ұстаздарымыз ақпарат ағынынан қалыс қалмай, біліктіліктерін әр түрлі деңгейде арттырып, толыққанды білімдерін іс-тәжірибе жүзінде зерделеп, оқушыларға сапалы білім беруге күштерін сарқуда. Аудан, облыс, республика көлемінде өтетін түрлі байқаулардан да бой көрсетіп, баптаған шәкірттері жүлделі оралуда. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” демекші, балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні ақиқат. Біздің мектептен шәкірттеріміз қанаты қатаймаған балапан болып кіріп, асу бермес, биікке самғар қыран болып ұшқанын құп көреміз. Сол жолда тер төгіп, еңбек етеміз. Бұл білім саласындағы қызметкерлерге артылған ауыр жүк деп білемін.
Қазақ қазақ болғалы өзінің тағылымды тарихын, сол тарихты жасаған тұлғаларын дәріптеп келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде облыстың атауынан бастап қала берді білім ордаларына дейін есімі елге белгілі атпал азаматтарымыздың аттары беріліп, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық істер жалғасын тауып келеді. Бұл игі істің өрнегі біздің ауылда да өрнегін тауып, білім ордамызға бар қазаққа бас болған мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілген күннен-ақ екінші тынысымыз ашылғандай.
Әлемнің екінші ұстазы саналатын Әл Фараби данамыздың “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі” деген сөзінің мәнін терең ұғынып, өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу қажеттігін әрбір ұстаз жанымен ұғынуы тиіс. Биылғы жыл “Балалар жылы” болып белгіленгенін ескерсек, бала санасына сәуле құяр игі шаралар көптеп жүзеге асуы әбден қажет. Аясы кең осындай істердің бір жылмен шектеліп қалмай, жылма-жыл жалғасқаны құба-құп. Ықылымнан “адам ұрпағымен мың жасайды” деген тәмсілді ұстанған дана халқымыз баланың зерделі болмағына бар зейінін қойған. “Жаңа Қазақстанды” жас ұрпақпен қалайтынымызды ескерер болсақ, әр кірпіштің өз орнын табуына үлес қосу алдыңғы толқын үшін абыройлы парыз екенін бір кісідей түйсінеріміз анық.
Махаббат Сұлтанова,
аудандық мәслихат депутаты,
Д.Қонаев атындағы орта мектептің директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.