Ақпараттық портал

ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ЖАСТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Осы аптаның ортасында аудандық Мәдениет үйінде ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен айтулы шара өткен болатын. Онда әр салада үздік деп танылған бірқатар аудан жастарына «Shu zhastar» премиясы табысталды. Аталған шара шымылдығы аудан әкімі Сәкен Арубаевтың сөзімен ашылды.

-Бүгін сіздермен осындай орны бөлек бас қосуда жүздескеніме риясыз пейілмен ризамын. Баршаңызды жастар форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын және бүгінгі шараға сәттілік тілеймін! Жастың жалынын сезіп, жандарынан табылу мен үшін зор мәртебе.
Халқымыз қашанда жастардың тілеуін тілеп, ертеңіне зор үмітпен қараған. Сонымен қатар «Ақыл – жастан» деп сенім білдірген. Расында, жастар – қоғамның қозғаушы күші, ұлы бетбұрыстар мен бұлқыныстардың қайнар көзі. Еліміз бастан өткерген небір құбылыстарда жастардың қолтаңбасы жатыр. 1986 жылғы желтоқсанда да жасы жиырмадан жаңа асқан жастар Мәскеудің шешіміне қарсы шыққанын жақсы білесіздер.
Биыл аудан жастары үшін жемісті жыл болғаны ақиқат. Себебі аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен айтулы шаралар өтіп, жастар саясатын жүзеге асыру жұмыстары сәтті жүргізілді. Сонымен қатар жастарымыз әр салада жетістіктерге жетіп, жеңімпаз атанып отыр.
Күні кеше облыс орталығында өткен «Әулиеата үміті» сыйлығының иегерлерінің арасында аудан жастары болды. Аудан әкімі аппаратының басшысы Нариман Абай «Үздік жас мемлекеттік қызметші» атанса, Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының кәсіптік бағдар беруші педагогы Айсұлу Жанұзақ «Үздік жас ғалым» номинациясын еншілеп отыр. Осы салтанатты сәтті пайдалана отырып, аталған жастарды жеңістерімен құттықтаймын,–деді Сәкен Қаланұлы өзінің лебізінде.
Аталған шарада Жақсылық Бимағамбет, Рамиля Бейва, Ерасыл Әшімхан, Арнұр Рүстем «Үздік студент» атанса, «Үздік жастар ісі жөніндегі инспектор» номинациясына ақсулық жас Елдос Әбішев лайық болды. Сонымен қатар жаңақоғамдық Бақытжан Сағатбек «Үздік жас мемлекеттік қызметші» болса, «Үздік жас құқық қорғау саласының қызметкері» ретінде Нұрсұлтан Татыбай танылды. Аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мақсат Мақсұт «Үздік жас мәдениет қызметкері», Азамат Оразай «Үздік жас медицина қызметкері», Айғаным Бұлантай «Үздік жас мұғалім», Іңкәр Жанатбек «Үздік мектеп оқушысы» болды. «Үздік жас кәсіпкер» ретінде Наурызбек Ахметбек көзге түссе, Бақыт Сейдіш, Мадияр Бексұлтанов бірауыздан «Үздік жас спортшы» аталымына лайық деп танылды. Жалғас Бекходжа, Жансерік Мұсақұл, Қуаныш Бөкейұлы «Үздік жайдарманшы», осы жолдардың авторы «Үздік журналист» номинациясын еншіледі.
Аталған жастарға сыйлықты аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов, кәсіпкер Сәкен Атаев, мәслихат депутаты Тұрар Дурманов, ардагер ұстаз Айжан Имановалар тапсырып, құтты болсын десті.
Сондай-ақ ерекше нақышта өткен шарада көрермендермен ойын ойнатылып, жас өнерпаздар жалынды әндерін шырқады. Одан бөлек, «Шу-Чу» командасы көрермендерге әзілдерін ұсынып, залды күлкіге көмкерді. Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай шара биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта үздіктер әлеуметтік желі арқылы анықталып, марапаттау рәсімі жыл сайын өткізілмек.
Жыл бойы бояуы қанық, мақсаты анық шаралар өткізген Жастар ресурстық орталығы жылды жақсы түйіндеп отыр. Биыл бұл ұжым шағын футболдан облыстық жарыстардың жеңімпазы атанып, Алматы, Тараз және басқа да аудан жастарының басын қосып, өзге өңірлерден келген командалармен Жайдарман ойынын өткізген болатын. Сонымен қатар мекемелері Оқушылар сарайына көшіріліп, іс-шара өткізу үшін бөлінетін қаржы көлемі де ұлғайтылды.
Жиын басында Сәкен Қаланұлы «Уақыт уыста тұрмайтын құм немесе су сияқты. Сусып шығып кеткен соң ғана сан соқтырады. Сондықтан бірінші денсаулықты, екінші бос уақытты бағалай біліңіздер! Баршаңызға мықты денсаулық, мұқалмас жігер тілеймін! Жұмыстарыңыз табысты, қадамдарыңыз жемісті болсын! Өмірдің өткелдерінен аман-есен өтіп, елдің көшін алға сүйрейтін атпал азамат болуларыңа тілектеспін!» деген тілек айтқан-тұғын. Біз де осы басылым атынан осы тілекке қосыламыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.