ҚАРЖЫ КӨЛЕМІ НАҚТЫЛАНДЫ
Өткен аптада «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті отыз сегізінші сессиясы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков, аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов, ауыл әкімдері, тиісті бөлім басшылары, аудан әкімдігі мен мәслихаттың жауапты қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия отырысының күн тәртібіне енген мәселелердің негізгісі – 2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджетті бекіту болса, одан бөлек, мәслихат хатшысының үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндамасы тыңдалды. Сонымен бірге, өзге де мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Роза Әлжанова баяндама жасап, 2023-2025 жылдарға аудандық бюджеттің кірістері, еліміздегі салық Кодексіне енгізілген өзгерістер, ауданның маңызды макроэкономикалық көрсеткіштерінің және 2021-2025 жылдарға арналған ауданның әлеуметтік–экономикалық даму болжамына жеке-жеке тоқталды. Бөлім басшысының айтуынша, аудан бойынша алдағы жылға бюджеттің жобасы 13331682,0 мың теңге көлемінде жоспарланып отыр екен. Аталған қаржыға ауданымызда түрлі нысандар бой көтеріп, әр сала бойынша бірқатар игі істер бастау алмақ.
– Келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жаңа жол, Бірлік, Алға, Өндіріс, Дулат, Көкқайнар ауылдық округтеріндегі бірқатар көшелер жөндеуден өтпек. Одан бөлек, ауылдардағы көшені жарықтандыру, елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету, ауыз су жүргізу, спорт және ойын алаңшалары мен мәдениет ошақтарын салу және кәріз жүйелерін жөндеу сынды бірқатар жұмыстар атқарылмақ, – деді Роза Әлжанова.
Бұдан бөлек, сессия барысында туберкулезбен ауыратын адамдарға ай сайынғы ақшалай жәрдемақыға бөлінетін қаржы көлемі, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға, «Цифрлық отбасы картасы» жүйесінің жұмыс істеуі үшін байланыс арналарына ақы төлеу, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, мектепке дейінгі ұйымдардағы 2-6 жас аралығындағы жетім, көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан балаларды тамақтандыруға, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күрес бойынша шараларды жүргізуге, каналдарды күрделі жөндеуге бөлінетін қаржының көлемі айтылып, нақтыланды. Сонымен қатар, ағымдағы аптаның басында сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті отыз тоғызыншы сессиясы өтті. Мұнда да аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Роза Әлжанова баяндама жасап, 2023-2025 жылдарға арналған Шу қаласы мен ауылдық округтердің бюджеті туралы тарқатып айтты.