Ақпараттық портал

ЕЛГЕ СІҢІРГЕН ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

“Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол” деген аталы сөзді арда тұтып, үлкенге құрмет көрсетуді алдыңғы орынға қойған халқымыздың көрегендігіне тәнті болмай қоймайсыз. Бүгінде жастары жетпіс, сексенді алқымдаған алдыңғы толқын ағалар мен ел аналары қиын замандарда дүниеге келсе де еш мойымастан алға ұмтылып, қоғам өмірімен етене араласып, тіршіліктің қазанында қайнай жүріп, жастық жігерін Отанының көркеюіне сарп еткен. Татқан бейнеттерінің зейнетін көріп, Тәуелсіз елдің қазыналы қарттарына айналып отырғаны-Тәңірінің тартуы болар дерсіз осындайда… Шу өңірінен шыққан қазыналы қарттарымыздың, болмысы бөлек, тағылымы мол тұлғалардың саны сиреп, арамыздан алыстап бара жатыр.
Сондай абыройлы атты арқалап жүрген Сәруархан Зәуірбекұлының есімі өңір жұртшылығына жақсы таныс. Жасы сескеннің белуарына жетсе де өзі тың, сөзі мығым ақсақал тек ауданға ғана емес, облысқа да сыйлы азамат. Облысқа сыйлы деуіміздің де өзіндік мәні бар. Сәруархан Зәуірбеков күні кеше ғана “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының өкімімен “Жамбыл облысының Құрметті ардагері” атағын алып, өңіріне тағы бір көрнекті төсбелгіні тақты.
Облыстан келген марапатты өнегелі өмірімен өскелең ұрпаққа үлгі болып жүрген қазыналы қартымызға аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев табыстады. Өз кезегінде Нұрлан Сегізбайұлы Сәруархан Зәуірбековке “Жамбыл облысының Құрметті ардагері” атағын растайтын куәлігін беріп, кеудесіне төсбелгісін қадап, ізгі лебізін де ақтарды. Бақсақ, өмірге келген жылдары нәубет жылдармен тұспа-тұс келген ақсақалдың замандастарының қай-қайсысының болмасын балалық шағы болмады десек те болғандай, керісінше өмір ағысы ерте үйіріп әкеткен олар есею жылдарында еңбек еткеннің еңсесі биік боларын жанымен ұғына білді. Мұндай жандар атақ-абыройдың, сый-құрметтің бәріне лайық. Тәуелсіздік таңында туған біздер өткен тарихымызға көз жүгіртіп, еңселі ел болуға атсалысқан тұлғаларды дәріптесек, болашаққа нық қадам басарымыз сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.