СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗҒА ТАПШЫЛЫҚ ЖОҚ
Жаңа жыл басталысымен аудан аумағында сұйытылған газбен жүретін көлік иелері үшін алаңдатарлық мәселе туындағанын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Нақты айтқанда, өңірдегі май құю стансаларында сұйытылған газ тапшылығы орын алып, бірқатар көлік жүргізушілеріне талон арқылы берілсе, қолдарында талоны жоқ кейбір тұрғындар мүлдем қол жеткізе алмай қалған еді.
Осыған орай, темір тұлпар тізгіндеген азаматтардың басым бөлігі мұндай жағдай қай уақытқа дейін жалғасады деген үрей үстінде болғаны жасырын емес. Қарапайым халықтың алаңдауына негіз бар. Өйткені, билік өкілдерімен тікелей байланысып, бірден анық-қанығын білуге барлығының бірдей мүмкіндігі бола бермейді. Сол себептен, жуырда біз тиісті сала басшыларымен тілдесіп, алынған ақпаратпен қалың бұқараны газет арқылы хабардар еткенді жөн көрдік.
Осы мәселеге жауапты аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі берген мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда ауданда жалпы сұйытылған газ сататын 9 пункт болса, қазіргі уақытта Шу қаласындағы “Бейбарыс” компаниясының “Бейбарыс-1”, “Бейбарыс-2” бекеттерінде, “Сарыарқа” ЖЖМ бекеті маңындағы және Төле би ауылындағы “Стандарт Петролиум” май құю стансасының маңында орналасқан кәсіпкер В.Акишиннің иелігіндегі екі сұйытылған газ бекетінде сұйытылған газ сатылуда. Сұйытылған газ тапшылығының орын алуының басты себебі, жыл басы болғандықтан, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына кәсіпкерлер тарапынан өткізілген құжаттардың ережеге сай рәсімделуін жүзеге асыру мерзімі әдеттегіден ұзақ уақытты қамтиды. Сол себептен, қаңтар айының алғашқы аптасында сұйытылған газбен қамтамасыз ететін кейбір бекеттердің жұмысы тоқтап қалды. Осыған орай, біріншіден, сұйытылған газ сатып отырған Шу қаласының «Батыс» мөлтек ауданындағы және Шу қаласына кіре берістегі үлкен көпір маңындағы бекеттерде сұйытылған газ талонмен берілді де, артылған жағдайда талоны жоқ жекелеген тұрғындарға аз мөлшерде сатылды. Ал, бұл бекеттерге талон Тараз қаласындағы «Сити Газ» компаниясының офисінен беріледі. Өйткені, мұнда өзара келісімшарт жасалған және талон бойынша есептелетін 1 куб газдың құны 60 теңгені құрайды. Ал, талонды жергілікті тұрғындар Тараз қаласындағы офистен жолы түскен кезде немесе арнайы барып сатып алуда. Екіншіден, жалпы өңірде орын алған бұл жағдай сұйытылған газбен қамтамасыз ететін бекеттерде қалың кезектің орын алуына себеп болды.
-Жалпы, облыс көлемінде сұйытылған газ тапшылығы жоқ. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы жауапты тұлғаларының мәлімдеуі бойынша кәсіпкерлік иелері басқармаға құжаттарын уақытылы өткізсе, олар сұйытылған газды темір жол көлігі арқылы вагондармен жөнелтіп, қажетті мөлшерде толыққанды қамтамасыз етпек. Яғни, жеке кәсіпкерлердің аталмыш басқарма арқылы жүргізілетін құжат рәсімдеу жұмыстары аяқталған соң сұйытылған газбен қамтамасыз ететін барлық бекеттердің жұмысы біртіндеп жолға қойылады. Сондықтан, бүгінгі жағдай уақытша құбылыс деп айтуға болады. Тағы бір айта кететін жәйт, сұйытылған газ бағасы көтерілген жоқ. Бір куб сұйытылған газ 65 теңге. Ел Президентінің жарлығына сай осы жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін баға бір қалыпты болады,- дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Болатжан Төлендиев.