АНА МЕН БАЛА САУЛЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Кез келген мемлекеттің басты байлығы – бала десек, сол баланы өмірге әкелетін ананың саулығы – қоғам назарында болуы тиіс. Өйткені, ананың денінің саулығы-ұлт саулығының кепілі саналады. Иә, өмірге ұрпақ әкеліп, адамнан адамның жаратылуы оңай емес. «Жүкті әйелдің бір аяғы жерде болса, бір аяғы көрде» деп, қазекем оның ана өміріне аса қауіптілігін екі ауыз сөзге сыйдырып айтқан ғой. Міне, осы бір кез келген әйелдің басынан өтетін шешуі қиын шақта солардан бір кем қиналмайтын, күн, түн демей ана мен бала күзетінде сақшыдай қырағы тұрып, екеуінің де өмірін сақтауға бірден бір жауапты акушер-гинеколог маманның еңбегі өлшеусіз.
Осы орайда әйел затының құрсағына бала біткен күннен бастап мойнына жауапкершілік жүгін арқалайтын Шу аудандық емханасының Әйелдер кеңесі бөлімінің еңбегі зор. Бұл бөлімде Б.Ноғайбаева, Н.Сатыбалдиева, С.Еримбетова, Қ.Ділдәбеков, Г.Асылбекова, М.Алдибай, Т.Ан, Б.Досекеева сынды акушер-гинеколог мамандар тындырымды қызмет атқаруда.
Сәби өмірге келгенде ең бірінші анасы бауырына алып, отбасы мүшелері барлығы дерлік қуанып, тоғыз айдың артта қалғанын айтып, бір-біріне сүйіншілеп, құттықтап жатады. Ал, осы аналарды бақылауға алып, тоғыз айдың қалыпты өтуіне, ана мен баланың толыққанды дамуына, уақытылы тексерістен өтуіне аналар кеңесі бөлімі бел жазбай еңбек етеді. Бәріне белгілі, аяғы ауыр әйелдер жүктілік кезеңінде күйзеліске түсіп жатады. Отбасы мүшелеріне көрсете алмаған өрескел мінездерін осы маман иелерінің алдына келгенде ақтарып салады. Сондай сәтте акушер-гинеколог мамандар ашуға булықпай, ерекше жағдайда жүрген аналарды сабырға шақырып, көңілдерін көтеруге тырысып жатады. Алдына келген әр әйелдің жай-күйіне мән беріп отырады. Кейде аяғы ауыр аналар белгіленген күнде қабылдауға келмей, талдау сынамаларын уақытылы өткізбей жатады. Мұндай сәттерде әйелдер кеңесі бөлімі мамандарының да жүйкесі жұқарып кетеді. Заман түрленген сайын, барлық сала толықтай цифрлық саясатты ұстануда. Қазіргі таңда жүкті әйелдердің барлық деректері “ДамуМед” порталына тіркеліп отырады. Бұл жұмысты да жүргізетін әйелдер кеңесі бөлімі.
-Медициналық зерттеулерді жүргізу триместрге байланысты. Бірінші триместрде жалпы қан талдауы және зәр талдауы, дене салмағының индексі қалыпты-25,0кг/м2, қандағы қант мөлшерін анықтау, қан тобы және резус сәйкестік, зәрді бактериологиялық зерттеу – УДЗ скрининг, инфекцияға және онкоцитологияға жағынды (мазок), АИТВ, RW, биохимиялық генетикалық маркер, гепатит маркеры – HbsAg тапсырып, тексеруден өтуі керек. Екінші триместрде УДЗ скриниг, жалпы зәр талдауы алынады. Үшінші триместрде RW, АИВ ақуызды анықтау үшін зәр талдауы, жалпы қан талдауы, УДЗ скриниг, КТГ және де қажет болған жағдайда доплерометрия және БПП-ден өту керек,-дейді акушер Салтанат Құрбанқызы.
Дәрігер Нұргүл Сатыбалдиева жүктілік анықталғанда дер кезінде есепке тіркелуге, дәруменді кешен қолдануға, дұрыс тамақтануға, дәрі-дәрмектерді дәрігер рұқсатынсыз қабылдамауға, зиянды әрекеттер соның ішінде шылым шегу, алкоголь өнімдерін пайдаланудан аулақ болуға, уақытылы күніне 8-9 сағат ұйықтауға және таза ауада серуендеп, психоэмоциональды жүктемеден аулақ болуға шақырады. Сонымен бірге, жүктілікті жоспарлау кем дегенде 3 ай бұрын жоспарлануы дұрыс деп есептейді. Және де ең бастысы жүктілік кезінде әйелдер дәрігерінің кеңестерін мұқият орындау қажеттігін назарға салады.
Жүктілік кезінде дәрігердің айтуынша, ең жиі кездесетін аурулар қан аздық (анемия), зәр шығару жүйесінің аурулары (пиелонефрит, цистит), гипертониялық және жыныс жолдары арқылы берілетін инфекциялық аурулар кездеседі екен. Дәрігер жүктілік кезінде болатын аурулар мен асқынулардың алдын алу үшін уакытылы тексерілуге, тұрғылықты мекен-жайы бойынша есепке тұруға, ауру белгілері анықталған жағдайда сол ауруды емдейтін маман арқылы емделуге кеңес береді. Жалпы, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесі әрбір адамға қатысты. Қоғамда ана мен сәбидің өмірі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал оларға қолдау көрсету әрқашанда мемлекеттің назарында. Сондықтан да, ұлықты да, алыпты да дүниеге әкелетін әйел денсаулығы қоғам саулығының кепілі екенін ұмытпайық.