Ақпараттық портал

Ерліктің ерен үлгісі

1986 жылы 26 сәуірде Украинадағы Чернобыль атом электр станциясының 4-энергоблогында жарылыс болып, елеулі аумақ радиоактивтік ластануға ұшырап, адамдар өміріне қауіп төнді. Припять қаласы мен оған жақын маңдағы елді мекендердің 115 мыңнан астам тұрғындары үйлерін тастап кетті. Мұнда тіршілік тоқтап, қоршаған ортада радиоактивті заттардың көп бөлігі ауамен бірге апат орын алған жерден 30 шақырым аумаққа дейін тарады. Шын мәнінде радиация КСРО территориясының 140 мың шаршы шақырымға дейінгі аумағына залал келтірді. Қауіпті элементтерден тұратын шаң-тозаңнан қорғану үшін арнайы қызмет вертолет арқылы арнайы ұнтақ шашып, станса маңындағы шақырымдық жерді пленкамен жапты.

Апаттың ізімен құтқару жұмыстарына алғашқы болып сол стансаның қызметкерлері кірісті. Сонымен қатар, алғашқы көмек көрсетушілер қатарында өрт қауіпсіздігі қызметінің жұмысшылары болды. АЭС-ғы өрт бойынша дабыл 1986 жылдың 26 сәуірінде 1:28 минутта қабылданған. Таңертеңгілік апатты аймақта Киев облысының өрт қауіпсіздігі басқармасынан келген жеке құрамдағы 240 адам болғанымен, тиісті жұмыстарды атқаруға олардың шама-шарқы жетпеді. Сол себептен, Кеңес Одағының сол кездегі мыңдаған азаматтары көмекке шақырылып, олардың арасында асқан төзімділік пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміз де болды.
Сондай ликвидатордың бірі – 1987 жылы аталмыш апатты оқиғаның ортасында болған, Шу ауданы, Белбасар ауылының тұрғыны Талғат Баялбеков. Ол бұл жерде алты ай бойы құтқару, залалсыздандыру ісіне араласып жүріп, өз денсаулығына да зиян тигізді.
Апатты тарату ісіне барлық кезеңде 600 мыңнан астам адам қатысты. Олардың барлығы әр түрлі орындарда түрлі жағдайда күн өткізді. Солдаттар қауіпті аймақтағы 30 шақырымдық жердегі палаткалы қалашыққа жайғасты.
-Солдаттар әр палаткада 10 адамнан ұйықтады. Офицерлер құрамындағы палаткаларда 4-6 кереуеттен орналасқан. Электр қуаты бензинмен жұмыс жасайтын электр стансасы арқылы берілді. Сол себептен, кешқұрым лагерь тұтастай гуілдеп тұратын. Тамақ үш мезгіл берілді. Тамақты асханаға сай жабдықтармен қамтылған үлкен палаткада қабылдады. Барлық азық консервіленген түрде. Таңғы астан кейін жеке құрамның негізгі бөлігі елді мекендерді дезактивациялауға шығады. Ал, жеке құрамның басқа бір бөлігі Припять қаласындағы стансаның өзіне жеткізіледі. Күнделікті жұмыстан кейін жиналған радиацияға есеп жүргізілді. Әр адамға жеке дозиметр берілді. Апта сайын арнайы қоспамен өңделген жаңа киім беріп, ескілерін лагерь аумағында сақтады. Жеке құрам күн сайын жұмыстан кейін арнайы палаткадағы ыстық душ қабылдайтын,-дейді Т.Баялбеков.
Жоғарыда атап өткендей, осы оқиғадан кейін Талғат ағаның денсаулығы бұрынғыдан төмендеп кетеді. Нәтижесінде, қазіргі уақытта ол екінші топ мүгедегі саналады.
Соған қарамастан, өмір жалғасуда. Бүгінде Белбасар ауылында күйлі күн кешіп жатқан Талғат аға екі қыз тәрбиелеп, өсіріп, қазіргі уақытта олардан немере сүйіп, шаттықа бөленуде.
Бүгінгі таңда бүкіл әлем Чернобль атом электр стансасындағы апат зардабының жойылуының 37 жылдығын атап өтуде. Осы тұста біз өздерінің азаматтық борышын адал атқарып, бүгінде ортамызда жүрген азаматтар алдында басымызды иіп, ал осы күнге жете алмай кеткен азаматтардың рухына тағзым етеміз. Өйткені, олар өзге де жұртшылық өкілдерінің өмір қауіпсіздігі үшін бастарын қатерге тігіп, ерліктің нағыз ерен үлгісін көрсетті.

Р.Искаков

Leave A Reply

Your email address will not be published.