«Iздегенде табылатын қасыңнан, Көңілі бар қызғалдақтай ашылған. Көрiспесек сағыныштан жүдейтiн, Кiм бар екен бала күнгi досыңнан!»
Мың тоғыз жүз сексен екінші жылдың маусым айы. Қасымда екі сыныптасым бар. Шалдамбек ағаның үйіне келеміз. Әскерден оралып, ауылға келген соң басты парыз – ағайын-туысты түгендеп, сәлем беріп, көрісу. Менің бала кезімнен жұбымыз жазылмаған Жандос досым, Шалдамбек ағаның сүт кенжесі болатын. Жандоспен соңғы кездескеніміз – ол әкесімен бірге Алматыға оқуға түсуге келген уақыт еді. Жандос маған жатақханаға телефон шалып, вахтада отыратын кезекші әйелге қай уақытта, қай жерде болатындарын жеткізген. Жандос өзінің бір хатында суретші болу арманын іске асыру үшін Алматыға оқуға келетінін жазған болатын. Хат жазысып, ой бөлісу керемет уақыт емес пе?! Ал, бұл күндері сол хат алысу жетпейтін болуы керек, телефон арқылы құрғақ сөзбен амандық-саулық білісіп, керек ақпаратымызды айтамыз да қоямыз. Қағаз Алланың бір аты демекші, қаншама жан тебірентер сөздер жазылады. Олай дейтінім, хат жазған жан егжей-тегжейлі ой толғап, сананы шарықтататыны белгілі. Бір ғажабы, хаттың өз иісі болатын, хат жазысқандар біледі. Құшағында бір бума суреттері бар досым екеуміз Алматыда төрт-бес сағаттай жүрдік. Бұл кездесудің біз үшін соңғы кездесу екені бір ғана Жаратқан иемізге аян, ал біз үшін беймәлім болды. Ауылдан келген сыныптас қана емес, балалық досыңмен өткізген уақыттың зымырайтынын сол кезде білгенбіз. Жетпісінші жылдың соңында Мәскеуде болатын олимпиаданың белгілері мен тұмары бекітілген уақытта, солардың суреттерін уақытқа жарысып, бір ғана қарандашпен салатын кезеңдерді еске алдық.
Ауылда екі мектеп болатын. Қазір де солай. Бозбалалар басқа мектептің қыздарына таңсықтықпен қарап, қырыңдаған кезеңдерді де еске алып, көңілімізді бір жарқыраттық-ау. Бұрынғыдай жарыса өлең де оқыдық. Жандос өзі ұнататын Оспанхан Әубәкіров есімді ақын-сатириктің «Мойның неге қисық» деген өлеңін менің өтінішіммен екі мәрте мәнерлеп оқып берді. Осы өлеңді Жандостан басқа адам оқыса әлі де қабылдай алмаймын. Бойы сұңғыла, ұзын мойнын бір жағына қисайтып алып, тілін әдейі мүскіндеп оқығанын көрген, қасымыздан өтіп бара жатқан қазақтар тоқтап, таңырқады. Кейбіреулері Оспанхан ағаның өзі ме деп те сұрады. Мүмкін мен дұрыс түсіндірмеген болармын оларға, «кімнің өлеңі» деп сыбырлап сұрағанда «Оспанхан аға»- дедім ғой…
Төлеген Айбергеновтің де өлеңдерін оқып берді. Мен Абай мен Сұлтан-Махмұттан төктім. Ауылдың балалары ауылда жаңа құрылыс орын алса, қандай да бір үлкен жаңалық болса, өз үйімізде болғандай қабылдайтын кез. Шу қаласына телемұнара тұрғызылып, Москва мен Фрунзе каналдары анық көрсеткенде төбеміз көкке жеткен. Ал, болашақ суретші болмақ жігіт – Жандосқа Әбілхан Қастеевтің «Турксиб» атты белгілі туындысының жобасы Шоқпарда жазылғаны үлкен мәртебе болатын. Мүмкін Жандос Ә.Қастеев сияқты ғаламға әйгілі суретші болар ма еді деген елеске айналған арман ойымнан кетпейді.
АПТУ-ді аяқтап, «көкек» айында «Ақ Көнек» екінші бригада қатарында «ДТ 74» жүргізетін В.Баковичтің шәкірті (стажер) болдым. Ол кезде ауылдың баласы оқуға түссе, дүйім жұрт қуанатын. Олай дегенім, Баковичтің баласы Саратовтағы Әскери училищеге түсіп, ауылға формамен келгенде туған бауырымыз келгендей қуанған едік. Барып қолын алдық.
Бір көрініс есімнен кетпейді. Кешке жұмыстан келіп тамақ ішіп отырғанымда үйге Тастанбай аға келді. Ол кісі ауылдың учаскелік инспекторы болатын. Әкем менің тракторист болып жүргенімді, егін себуде екенімізді айтты. Мүмкін әкемнің сөз ырғағынан менің таңдаған мамандығыма көңілі жыға құламағанын сезген болу керек, Тастанбай аға мені мақтап, «Аға, болашақ жердің, елдің қожайыны осы жастар емес пе» деп, әңгімесін алыстан орады. Ағаның сөз желісінің мәнін түсінгеніне ризашылығын білдірген әкем тебіреніп, оған разылығын білдірді. Сөз салысынан рухани кеңістікті шарықтап айналғанын түсіндім. Әлі де оқуымды жалғастырып, менен күткен үмітін іске асыруға күш салатынымды әрине айта алмадым.Әкемен олай сөйлесу, небір әңгіменің желісін тарқату тек анамыз арқылы мүмкін болатынын Бақытжан аға өзінің «Явление синего таутеке» кітабында жазған. Шешеміздің өзімен сөйлесіп қалғанның өзінде астарлатып, жорамалдап жеткізетін едік.
Кейін басқа қалада жүрген кезде де көктегі тікұшақты көрсек, біздің ауылдың баласы, Кәуән аға ұшып барады деп мақтанатынбыз. Ағаның «Большой техникаға» ауысқаны да ауыл үшін той болған. Міне, тек өзіміздің ғана емес, барша ауыл азаматтарының жетістігін өзіміздікіндей қабылдаған уақыт. Ал, «Гүлдер» ансамблі ән шырқаса, Галина Қарамолдаеваны бір көруге ынтық болған, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін бір «шіркін -ай» дейтін. Қандай ғажап заман.
Бригада басшысы Айдай аға осы бригада егін сеуіп біткен соң «Қара Төбе» А.Дрис басқарған бригадасында Жақаш ағаның шәкірті (стажер) болдым. Жақаш аға да «ДТ 74» жүргізді. Аға Жандос екеуміздің жақын жолдас екенімізді жақсы біледі. Үйдегі жеңгесі киноға билет алуға ақша беретін. Жандос болса Мұқаш ағамен қазіргі Ә.Молдағұлова көшесінде бір үйден кейін тұрды. Жалғыз жеңгесі досымды «Мырза жігіт» дейтін.
Бауыры өздерінен бөлек, зерек екенін әрдайым айтып мақтанатын. Жандос қандай қыздарды ұнатады, кімдерді мектептен соң шығарып салушы едіңдер деген көп сұрақтарына жауап алып, бір мауқын басатын. Ол кезде қызбен киноға барған құда түскенмен пара-пар келетін еді-ау. Политехникумды бітіріп, ауылға келген соң әскерге кететін уақыт аралығын бос өткізбей, екі апталық мерзіммен ауылдың құрылыс бөлімшесінде жұмыс жасап, үй салыстым. Ол жерде Жандостың кіші ағасы Қамшыбек шебер болды. Ол кісінің де әскерде жүрген кенже бауырын сағынатыны әңгімесінің жорамалынан анық болатын. Мені өзінің бригадасына алды, барлық уақытта қасында болдым. Әңгімесінің желісі інісі туралы болатын-ды. Ағаның шеберлігіне таң қаламын. Ол әсіресе, үйдің шатырын жапқанда көрсеткен ғажап мүмкіндігін жазушы ғана үйлестірер. Кәсіби (нивелир угломер, уклономер, уровень, прирометр) құралдармен ғана анықталатын жұмыстарды, жәй ғана қарап тұрып, нақты өлшем шығаратын. Ал, «диагональ» шығару үшін Камшыбек ағаны барлық бригада ақылға шақыратын. Біз үлкен ғұламалар туралы сөз қозғағанда тура аға сияқты ауылдан шыққан адамдардың ғажайып сырларын, мүмкіндіктерін ойға ала бермейміз.
Екеуміз бозбала болып серілік жасамаған жанбыз деп айта аламын. Бос уақытта кітап оқып, бірге сурет салатынбыз. Жандос екеуміз ауылдың екі кітапханасының тұрақты оқырманы болдық. Досым болса маған келесі жолы қандай кітапты таңдауыма кеңес беретін. Себебі, Жандос барлық кітапты оқыған. Жаздырып алып, оқыған кітаптың мазмұнын кітапханашыға қысқаша айтып беру талап болатын. Қазір сол тәртіп тысқары қалған екен. Досым біздің үйдегі кітаптарды да толық оқыған. Осы уақытта жеке кітапханамда жеті мыңнан астам кітап бар. Кітаптарға көзім түскенде, досым жарқын бейнесімен есіме түседі.
Жандос суретті салып болған соң, ересектерден тығылып, «Махаббат қызық мол жылдар», «Қиядағы қайың», «Мың бір түнді», Омар Хайям рубаяттарын оқып жүрген кездерді де еске алып, кітаптағы кейіпкерлерге қайтадан баға бердік. Ол бағамыз бұрынғы бағадан бөлек болғанына да ерекше тоқталдық. 28-Панфиловшылар саябағында отырып біраз сыр шерттік. «Көңілдің көк дөненіне» мініп алып, тізгінді жібердік-ау…
Жандос өзі «Мәңгілік алаудың» суретін салуды армандайтын. Соны есіне салып едім, лезде дайындалып, арқалап жүрген мольбертін жайғастырып жіберіп, біраз уақыт үндемей сурет салды.. Досыма қарап, міне болашақ мәдениеттің майталманы деген ойымды жасыра алмай айтып та жібердім. Күлдік. Мына оқуға түсіп, әрдайым осы саябаққа келіп, сурет салғысы келетін арманын айтты. Жазған суретін оқу орнына өткізіп беретін шығармаларының арасына қосты. Досым суретін салатын заттың өзінің қолымен энергетикалық байланыста болатынын философия тілінде жеткізе алатын. Әрине, жүрек пен қол, көз жанарының энергетикалық кеңістігі бірге үйлеспесе, шығарма шықпайды. Ол сурет салған кезде қасыңнан кетіп қалғандай болатын. Өсе келе дәл сондай ғажап қабілетті табиғат кез келген жанға бермейтініне көзім жетті. Қағазды, қаламды дайындағанын көрсеңіз, таң қалар едіңіз. Қарандаштың ұшынан жүрегінің лүпілі қағазға барып жайғасып жатқанын байқауға болатын. Барлық істі керемет мұқияттығымен орындайды. Ал, сурет салғанда келбеті ерекше, өзгеше нұрланып кететін еді, шіркін. Мольбертпен тілдесіп те кете ме деп ойлайтынмын. Мольбертке, «…ал, енді екеуміз тағы кеттік» дейтін. Суретшінің рухани-ғарыштық кеңістігін түсіну жәй дүние емес қой…
Сонан соң екеуміз Шалдамбек ағаға бардық. Ол кісі сол кездегі Мир көшесі мен М.Горький көшесінің қиылысындағы протез зауытында болды. Өзіне керек құралдарды жөндетіп болып, Жандосты күтіп отыр екен. Ол кісі біздің тамақтанғанымызды анықтап алды. Менің қал-жағдайымды, сабағымды сұрады. Баласының салған «Мәңгілік алау» суретін көріп, керемет бір толғанып, біраз ойланып қалды. Соғыс есіне түсті ме, терең, кең ойланып отырғаны жанарынан анық білінді. Шалдамбек аға мен әкпем біздің жанұяға ғана емес, барлық ауыл адамдарына ғұмырдың жіберген сынын мойымай қабылдап, өмірдің ерекшеліктерін майданға шыққан жандай жеңу керектігінің үлгісі болатын. Совхоздың саны жоқ тауықтары мен үйректерін асыраған фермаларында сан рет болдым. Жас келген соң досымның жүріс-тұрысына ой жіберіп, әке мен шешеден дарыған ұқыптылық пен сабырлылық, инабаттылық пен мәдениеттілік, тектілік деген осы екен-ау деп те ойладым.
Сонау сұрапыл 32-37 жылдарда ұлтымыздың басынан кешкен тауқыметін бірге көрген азаматтар ғана осындай болуы керек пе деген ой да келеді. Өсіп-өніп, дамып келе жатқан «Талапкер» колхозының азаматтарын шаңқай түсте толық көшіріп әкеткенін көрген адам да сенбеген. «Темірқазық» колхозының адамдарымен бірге, кешқұрым мал іздеп жүрген бірен-саран адам да бірге кеткен. Сондай зорлықпен, «Андреевка» мен «Хрушев» колхоздарын ұйымдастырған. Қандай тауқымет екенін жанды адам түгілі ол туралы жазсаң қағаз беті де көтере алмайтындай.
Ең сорақысы, зорлықпен көшірілген азаматтарға өз еркімен аталған колхоздардан көшіп кетуіне, ауылдармен емін-еркін араласуына рұрсат болмаған. Тек 53-54 жылдары ғана ресми рұқсат беріліп, Шоқпар округіне еріктілер қайтқан екен. Қазіргі «Бөлтірік» ауылына біздің ағайындардың қайдан барғанын бірі білсе, бірі білмейді. Құрылысына атсалысып жүрген «Мәдениет үйі» аяқталған соң, осы ғимараттың бір бұрышынан міндетті түрде мұражай ашылып, сол жерде ауыл тарихы көрсетіледі. Әлі күнге дейін «Темірқазықтықтар» десеңіз, сол азаматтарды меңзеп отырғаныңыз жұртқа аян. Қақаған қыста Шоқпардағы ағайындардың амандығын білуге құпия жіберілген жас баланың аяқ-қолы үсігенін де білеміз. Кейіннен дәл сол сұрапыл жылдармен қатар келген қақаған қысты 69-жылдан соң көрген де емеспіз. Адам айтқысыз қаншама қыспақ көрсе де, ел деп, ата-баба жерінен ықпаған аптал азаматтарға ескерткіш те қойылар әлі…
Өзімнің нан зауытында тәжірибем басталатынын айтып, ағадан сұранып жолдасыммен қоштасып алып, автобусқа отырдым. Ал, 32-ші автобус дәл сол жерге тоқтайтын. Сол жерден қанша рет өтсем де екі көрініс көз алдыма келеді: біріншісі – Жарасқан ақынның Мұқағалиді алғаш көріп, «Ақын кетіп барады көшеменен» өлеңінің өмірге келгені, екіншісі жан досыммен соңғы рет қоштасқаным. Түнгі ауысымнан шығып, демалу үшін жата қалмай, ертеңмен жолдасым жатқан қонақ үйге зуладым. Ертеңмен қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер университетіне кеткен екен. Суреттерін өткізіп, конкурсқа қатысатынын білемін. Қай корпус екенін нақты білмегендіктен, оқу корпустарын іздеп жүріп, біраз уақыт жоғалттым. Мен жеткенде Жандос конкурстың тұжырымдамасы кейінірек болатынын анықтап, сол жерден темір жол вокзалына барып, ауылға қайтып кеткендерін кейіннен хат арқылы білдім. Қазір болса ұялы телефон бар, қаншама техникалық жағдайдан тысқары қалғанымызды айтсаңызшы. Толық ақпараттанып отырғанның өзі де өмірді жылдамдатты ма?!
Сол кездесуден соң Жандос әскерге аттанды. Мен ауылға барғанда ол әскерде болды. Досым әскерден келмей тұрып, мен әскерге кеттім. Мені де шығарып салған сыныптастар Бақытбек, Бақытқұл, Тілеуберді, Қонысбек, Қанат сынды бірге жүрген жігіттер зейін салып қарасаңыз, әрдайым бірге ме деген ой келеді. «Біздің ауылдың жігіттері…», деп өлең айтып жүр ғой қазір. Бақытбектің бас гитарада ойнағанын көргендер маман адам, жоғарғы білімі бар музыкант дер еді. Шалбарының қыры пышақтың қырындай болатын. Бақытқұл ше десеңіз, Сәкендей келбетті, ақын жанды, төрт октаваны толық ұстап өлең айтқанда, жүрегіңіз елжіреп, тағат таппай кетесіз. Жетіпісінші жылдары шыққан Мұхтар ағаның «Гүл дәурен» өлеңін Бақытқұлдай орындаған адам көрмедік те. Жаны жас баладай пәк, таза жігіт ол-Қонысбек. Жазушы болса Тілеубердідей болар еді. Ауылда болған жайларды әдебиеттеп, мәнерлеп айтып, тыңдаған жанның құлағының құрышын қандыратын Мишка досымыз. Біз жиналып ән шырқағанда көрші-қолаң сырттан тұрып тыңдаған-ды. Ал, Қанат болса аты аңызға айналған Омарбек ағаның баласы қандай болмақ. Кинодан көрген боларсыз, жалаң алақанының қырымен бір қарым газетті ұстарамен кескендей бөліп жіберетінін өз көзімізбен тамашалағанбыз. Ағамызды Шу өңірі ғана емес, қазірге дейін Шешенстан тұрғындары да ұмытпаған. Қара күшпен қатар құпия әрі тылсым күштің иесі, Амудария мен Еділдің арасында ертеректе болған батырлардың символы іспетті. Қазіргі уақытта «…бір-бір үйдің бәйбішесі бүгінде, аққудайын ару қыздар кешегі» – Маржан мен Зибәш. Зибәш сыныптасымыз бір әңгімесінде Жандостың өзінің інісі Аманды әскерге шығарып салған кездегі рухани тебіренісін айтқан-ды. Олардың әкелері шаруашылықта қатар отырған болатын кезінде. Жандос досы (яғни, мен) жүрген жерге түссең, оны құшақташы деп көзіне жас алған екен. Естігенде жүрегім қатты қобалжыды. Мүмкін маған деген көңілін ақырғы рет тілімен жеткізген шығар, көңілім құлазып, танауым суланды. Жандостың сан ерекшелігінің бірі – ол дарынды суретші. Өйткені, көрген көріністі толық жаттап алатын. Кітапқұмарлығы алтыншы –жетінші класта көзіне ахау берген-ді. Жыл сайын дәрігерлік тексерістен өткен уақытта көзілдірік беріп қоймасын деп, плакаттағы әріптердің оң-солын, атын жаттап алып, тексеруші дәрігерге мүдірмей айтып беретін. Сонан соң «Жандос қалай жаттадың» деп сұрасам, «Қалай екенін өзім білмеймін» деп маған плакаттағы әріптерді толық қарандашпен салып көрсететін. Осындай ерекше қабілеті бар жанды осы жасқа дейін көріп, кездестірген де емеспін.
Басында айтып кеткендей, мен әскерден келгенде Шалдамбек ағаның үйіне де сыныптастар бәріміз бірге бардық. Өзім ешқандай жұбату сөз айта алмадым. Жігіттер ағаға менің әскерден келгенімді айтты.Тамағыма тығылған өксік пен қайғылы сағыныш қандай да бір сөз айтуға мұрша бермеді.
Бақытбек, Бақытқұл Жандостың қасында болған. Ауылдың жігіті ойнап ауыр жүк таситын автомашинамен қорқытамын деп, үшеуін де қағып кеткенін жолдастардың хаты арқылы әскерде жүріп естідім. Екі жігіт екі жақа ұшып кетіп, менің жан досым – Жандос көліктің алдына түскен екен, машина үстінен өте шыққан. Неге жастар техникамен ойнайды? Өкінішке орай әлі де осындай жағдайлар бар. Иә, жауапты адам жазаланды, бірақ жас жігітті өмірге қайтара алмайсың ғой. Осы жерде ғұлама, әскер басшысы, Франция императоры Б.Наполеонның жорыққа шығар алдында әскер сапын аралап, ақын, суретшіні ауылына қайтарып жіберетіні есіме келеді. Жәй ғана қайтармай, жанына адам қосып, азық-түлігімен, арба-атымен соның меншігіне беретіні. Ауыл адамдарының ағаға қалай барып естірткенін жазу мүмкін емес. Соншама уақыт өтсе де, жиырма жастан кеше ғана асқан жігіттің қыршын кеткені көңілге қалай сыйсын. Үйленіп те үлгермегенін, кенже баласынан немере сүйсем бе деген әке мен ананың арманы қасірет-қайғыға айналғанын қалай жазасың. Балаларының ішіндегі сүйікті сүт кенжесінен күткен орасан зор үміті қас-қағым сәтте ғайып болды. Ұлы Отан соғысы емес, шектелген қақтығыс аумақтарында әскери тапсырма орындауда емес, бейбіт ауылда, шаңқай түсте болған жағдай.
Осы естелік эссенің өзін жазу оңай болмағаны жақын жолдасын жоғалтқан жанға ғана түсінікті. Осылай қырық жылдық сағынышты қағазға түсіруді жөн көрдім.
Досымның тағдыры жарқырап шыққан жұлдыздардың бірі – Шоқан, Төлеген, Сұлтан-Махмұттардың тағдырындай болды-ау деген ой келеді. Досымды осындай ғұламаларға балағаным ешкімнің көңіліне келмес. Өйткені, мен үшін Жандос жарқырап шыққан жұлдыз болатын. Қайтқанын естігенде ұлтымыз болашақ атақты қылқалам шеберінен айырылды-ау деп тұжырымдадым. Кім келіп, кім кетпеді бұл өмірден. Бірақ, бала кездегі жақын досыңның ертерек кеткені орны толмас өкініш екен. Бос қалған ғарыш аумағы секілді екенін кейін өзімнің жүрегіммен түсіндім. Көрдім, сезіндім. Достық деген ұғымды толық түсіну үшін де табиғи сый берілуі керек екені жасырын да емес. «Орның қалды ойсырап…», деп жырлаған ақын ғана білген болар. Әрі-бері өткенде «Темірқазық» ауылының орнындағы қорымға дұға жасаймын. Достық туралы таңды таңға жалғап әңгіме айтуға болады ғой. Менің жүрегімде Мәңгілік дос деген ұлы ұғым Жандос дегенде баламасыз екені хақ.
Әділ НЕСІПБАЕВ.