Ақпараттық портал

Сібір жарасынан сақтанайық!

Ауданда аса қауіпті жұқпалы аурулардың жұғуына жол бермеу алдын ала жүргізілетін ветеринариялық профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық тексерулердің жоспарланған мерзімінде сапалы жүргізілуіне байланысты. Ауданымызда 14 сібір жарасы көмінділері бар. Ауылдық округтердегі орналасқан сібір жарасы ошақтарының топырақтарынан биылғы жылға ветеринар мал дәрігерлерінің тарапынан сынама алынып, аудандық ветеринариялық зертханасына өткізіліп, теріс нәтиже алынып отыр.
Сібір жарасы – жануарларға ауру шыққан жердегі шөпті жеген кезде, суаттан су ішкен кезде жұғады. Ауырған мал кенеттен өледі, аузынан, артынан қанды су ағады, қаны ұйымайды, өлексе ісінеді, сіресуі болмайды. Ауру малдың өлексесін көмген жер ауру ошағы болып есептеледі және ол жер мал, адам кірмейтіндей етіп қоршалып, «Сібір жарасы» деп жазылған тақтайша қойылады. Жыл сайын арнайы жоспар жасалып, сібір жарасына қарсы 2 рет вакцинамен аудан аумағындағы барлық ауыл шаруашылығы жануарлары қамтылады.
Ағымдағы жылдың 6 айына сібір жарасына қарсы вакцина егуге жоспарланған төрт түлік малды егу жұмысы толық аяқталды. Егілген малдарды бақылауға алған уақыт ішінде басқа шаруашылықтарға ауыстыруға немесе егілгеннен кейін 14 күн ішінде союға болмайды. Егер сібір жарасына қарсы егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды, өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып арнайы орындар – мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет. Ауру мал тұрған қора жайға басқа малдарды жіберуге және сол жерде адамдардың жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ауру мал орналасқан орындар залалсыздандырылады.
Құрметті Шу ауданының тұрғындары, шаруашылық иелері!
ҚР «Ветеринария туралы» заңына сәйкес, мал ауырған немесе өлген әрбір жағдайда шұғыл арада жергілікті ветеринар маманға хабарлауыңыз керек.Кенеттен мал өліп қалса өздігіңізден союға кіріспеңіз, ауру малды жасырын сойып, етін, терісін, жүнін және басқа өнімдерін саудалау адамдар мен жануарлардың аталмыш дертке шалдығуына әкеледі.Бұндай жағдайда кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қауіпті аурулардың қатарына ірі қара малындағы пастереллез жатады. Пастереллез ірі шаруа қожалықтарына енген кезде үлкен шығындарға әкелуі мүмкін, малдың қырылуына, сонымен қатар емделуге едәуір шығындар келтіреді. Пастереллез – жұқпалы ауру. Уақытылы анықталмаған немесе осы аурудың алдын-алу шараларын қолданбаған жағдайда, инфекциядан кейін бір күн ішінде өлімге әкелуі мүмкін.
Назар аударыңыз! Ауру ауырған малдан да, ауруды қоздыратын бактериялар тасымалдаушы сау жануардан да жұғуы мүмкін.
Емдеудің өзі жануар толық қалпына келгенше жүзеге асырылады. Алғашқы белгілерді анықтаған кезде ұзақ уақыт бақылауға уақыт жоғалтпай, соңғы диагнозды қою үшін дереу ветеринармен байланысқан жөн.
Аудандық ветеринария қызметі КМК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.