Ақ егіске орақ түсті
Халқымызда «Егін ексе – ел тоқ» деген нақыл тегін айтылмаса керек. Себебі жеп отырған нанымыз, ішетін айран-сүтіміз, сүйсіне жейтін етіміз де маңдай терімен егін өсірген шаруалардың еңбегі екені анық. Сондықтан оқырман қауымға осы мақала арқылы егін орағы туралы ақпарат бергенді жөн санап отырмыз.
Шу ауданындағы шаруалар егін ору науқанына қызу кірісіп кетті. Мұны аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімі хабарлап отыр. Аталған бөлімнің басшысы Қайсар Құттыбековтың айтуынша, өңірде 18400 га бидай, 25500 га арпа егіліп, жиналатын егіс көлемі 43900 гектарды құрамақ. Сондай-ақ бүгінгі таңда масақты дәнді-дақылдарды жинау жұмыстары бойынша 12082 га алқап орылып, жоспардың 27,5 пайызы орындалған.
-Тынымсыз тірлік ететін шулық шаруалар бұл науқанды сәтті бастады. Мәселен, 1 күнде комбайндар 1485 га алқапты оруда. Ал жалпы түсім 14619 тоннаға жетті. Біздің болжам бойынша биыл әр гектардан 13 центнер астық алу көзделген болатын. Қазіргі таңда 1 гектардан 12,1 центнер өнім алынуда. Науқанға барлығы 59 ауылшаруашылық тауар өндірушілері кірісіп, егіс даласында 49 комбайн жұмыс істеп жатыр. Олар бір күнде 30,3 гектарға орақ салуда,-дейді Қайсар Қоныспайұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, Шу ауданы бойынша 139 451 гектар ауылшаруашылық мақсатындағы егістік жер бар. Оның ішінде 28 261 гектары суармалы, 111 190 гектар тәлімді егістік жерлер.
-Былтыр 131 258 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, осы жылы 132 800 гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1 542 гектар жерге артық орналастырылды,-дейді Қ. Құттыбеков.
Ақсу ауылдық округіндегі «Өтеуіл» шаруа қожалығы шілде айының басынан-ақ егінге орақ сала бастаған. Мұны осы шаруашылықтың жетекшісі Шәміл Сәрсенбаев бізге баяндап берді. Ақсулық диқан бауырымен бірлесіп, 800 гектар жерге дән сепкен. Оның тең жартысы бидай, қалғаны арпа. Бүгінгі таңда қожалық 350 гектарды орып үлгерген. Ауа райы жайлы болса астықты толық жинап аламыз деп отыр.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей көктем келе диқан жерге дән тастаумен бірге үлкен үмітін де себеді. Ал, жазда жиналған мол өнім маңдай тердің ақталғаны екені сөзсіз. Осыған орай біз «Өтеуіл» және «Бимағамбет» шаруа қожалықтары шілденің алғашқы күнінен бастап астықты оруға кірістік. Қазіргі таңда егіс даласында 3 комбайн тынбай тіршілік етуде. Оның біреуі үш жыл бұрын лизингке алынған жаңа техника. Сонымен қатар, 5 жаңа трактор, 1 КАМАЗ және 1 ЗиЛ көлігі науқанның бел ортасында жүр. Техниканың барлығы өзіміздікі. Маусымдық жұмысқа жергілікті 12 тұрғын тартылып, әр қайсысы науқан кезінде 500 мың теңгеге дейін жалақы алады,-дейді Ш.Сәрсенбаев.
Жаздың бір күнін қыстың мың күніне балаған шаруа бұдан бөлек мал шаруашылығын жүргізіп, бидайдың сабанын да арзан бағамен ауылдастарына сатады екен. Одан бөлек, 15 гектарға еккен жоңышқасына екінші мәрте шалғы түсірген.
Осылайша, күзгі дәнді-дақылдарды жинау жұмыстары қарқынды жүруде. Өз кезегінде біз шулық шаруаларға астық ору науқаны табысты болып, орақтарына олжа ілінсін демекпіз.
Б.Емберді