КӘСІПОРЫН ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚАТЫСТЫ ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУ ӨТТІ
Ағымдағы аптада Шоқпар ауылдық округінде «Шатыркөл-Жайсан кластеріндегі байыту фабрикасын салу» жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Жаңа зауыттың ауаға, топыраққа, суға, жалпы қоршаған ортаға ықтимал әсерлерін білу мақсатында өткен жиынға Шоқпар, Бірлікүстем, Бірлік, Д.Қонаев және Көкқайнар ауылдық округтерінің тұрғындары қатысты. Ол үшін корпорация тарапынан шалғайда орналасқан ауылдарға арнайы қоғамдық көліктер ұйымдастырылды.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін кен орнына қатысты негізгі мәліметтер мен тұрғындар тарапынан қойылып отырған талапты түсіндіріп өтуді жөн көрдік. Жалпы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не қарайтын Шатыркөл кен орнының негізгі аумағын өндірістік мақсатта игеру жұмыстары 1999 жылы қолға алыныпты. Алғашында ашық әдіспен жүргізілген кен қазу жұмыстары кейін араға екі жыл салып, жерасты тәсіліне көшірілген. Міне, содан бері мұнда қарбалас тіршілік бір сәтке тоқтаған емес. Аудан орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан дәл осы Шатыркөл кен орнынан шикізат ауыр жүк көліктері арқылы Бірлік ауылындағы қоймаға тасымалданады. Осы маңдағы ауыл тұрғындары ұзақ жылдар бойы корпорация көліктері ауылішілік жолдарды пайдаланып, оны жарамсыз күйге түсірді деп қынжылып келген. Оған қоса, тұрғындар өндіріс ошағының басшылығы аудан тұрғындары алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктерін орындамады деген уәж келтірген. Осыған байланысты, жыл басында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков аталмыш кен орнына барып, оның Астана қаласындағы басшыларымен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылаған болатын. Содан бергі уақытта «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің «беті бері қарады» деуге болады. Олай дейтініміз, корпорация тарапынан алғашқы жартыжылдықтың өзінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Олардың қатарында ауылдық округтегі электр бағаналарына қатысты мәселені шешу, Құрбан айт мейрамында бес ауылға 250 басқа жуық қой таратып беру сынды жұмыстар бар. Одан бөлек, бірнеше ауылға ойын және спорт алаңшаларын салып беру жөнінде келіссөздер жүргізілген.
Енді міне, бес ауылдың тұрғындарының қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізіліп отыр. Қоғамдық тыңдау баяндамашылардың сөзі, экологиялық мәселелерді талқылау, әлеуметтік мәселелерді талқылау, уәкілетті органдардың ескертулеріне жауап және қорытындылау сынды бірнеше бөлімнен тұрды. Басқосу барысында ең алдымен Бірлік, Д.Қонаев, Шоқпар, Көкқайнар және Бірлікүстем ауылдарының тұрғындары көтеріп жүрген түйткілді мәселелер корпорация басшылығының назарына ұсынылды. Сонымен бірге, бұрнағы жылдары аталмыш кәсіпорын мен аудан әкімдігі арасында екі жақты меморандумға қол қойылып, бірқатар міндеттемелер бекітілген болатын. Аудан басшысы меморандум аясындағы міндеттемелерді дер кезінде орындау мен өзге де ұсыныс-тілектерін жеткізді. Қоғамдық тыңдауға төрағалық еткен Бақытжан Оразалыұлы тұрғындар мен БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға да жауап берді. Сонымен бірге, «Қазақмыс» корпорациясының өкілі Сәкен Шаяхметов атқарылған жұмыстар мен кен орнындағы жай-күйді жан-жақты талдап, тұрғындарға түсіндіріп берді. Оның айтуынша, жаңадан соғылып жатқан фабрикада ірі кенді ұсақтау кешені мен бас ғимарат, зертхана және автосалмақ өлшеу бекеті, сондай-ақ орта және ұсақ кенді ұсақтау кешендері бой көтеруде. Одан бөлек, кен орнының өндірістік алаңында тіз қатар тізілген бірнеше нысан бар. Басшылар мен мамандар және өзге де қызметкерлерге арналған шағын баспаналар, әкімшілік нысаны және асхана орналасқан. Оған қоса, техника жөндеу цехтары мен электр стансасы, шахтерлерге киім беретін орын мен медициналық пункт те осы маңда болмақ. Бұдан кейін қоғамдық тыңдаудың хатшысы әрі фабриканың жобалаушы менеджері Бауыржан Макин сөз алып, өз пікірін білдірді.
– Кейінгі кезде Шатыркөл кен орнына қатысты түрлі пікірлер мен алып-қашпа әңгімелер көп айтылып жүр. Олардың қатарында кен орнындағы радиацияның салдарынан ауданда онкологиялық аурулардың көбейгені туралы да мәлімет бар. Шындығына келгенде, өндіріс пен онкологиялық аурулардың тікелей байланысы жоқ. Қысқаша айтқанда, бұл – дәлелденбеген ақпарат. Сол себепті де, тұрғындардан тек дәлелді ақпараттарға ғана сенуді сұраймыз. Сонымен қатар, біз корпорацияның тұрғындар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін ескере отырып, аудандағы науқас балаларды реабилитациялық орталықтарға жіберуді қолға алдық. Ал, фабрика толық қуатында іске қосылғанда жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмысқа алатын боламыз. Аудан жастарының арнайы грантты ұтып алуына да мүмкіндік береміз. Тұтастай алғанда, фабриканың экологиялық тәуекелдері төмен, ал аудан үшін экономикалық артықшылықтары жоғары болады, – дейді Б.Макин