Мемлекеттік қызметші – қоғамның айнасы
Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруда жетекші рөлге ие, ең маңызды тетіктердің бірі. Осыған орай, мемлекттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінуінің себебі – оның іскерлігін ғана емес, айналасындағыларға деген құрметі мен ізетін де жетілдіру болып табылады. Себебі, мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігіне және жүріс-тұрысына қарай қазіргі қоғамда халықтың атқарушы билік жайлы көзқарасы мен оған деген сенімі қалыптасатыны да белгілі. Соған сәйкес, мемлекеттік қызмет саласында істейтін азаматтардың тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы одан сайын жетілдіре түсу мақсатында ҚР Президентінің 2022 жылғы 22-ақпанындағы №814 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілген болатын. Жаңа редакцияда Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген. Олар – адал ниетілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және тұтынушыға бағдарланушылық. Айта кету керек, мемлекеттік қызметшілерге мұндай талаптар бұрынғы кодексте де қойылған. Бірақ, Кодекстің жаңа редакциясында ашықтық және тұтынушыға бағдарлану қағидаттарын сақтау талаптарына басымдылық берілген. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да әдеп кодексін ұстануы міндетті және кез келген ортада өзін іскерлік стильге сай ресми түрде ұстауы міндеттелген. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші еліміздегі тілдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әділ де заңды шешімдер қабылдауы, жалған ақпарат таратпауы, сын айтқаны үшін біреуді қудаламауы және мемлекеттің меншігін тек қызмет бабында пайдалануы қажет. Мемлекеттік қызметті – мәртебелі де мерейлі міндет дейтін болсақ, мемлекет өз қызметтерін мемлекеттік органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне сай көрсетеді. Мұндағы мақсат та міндет те біреу, ол – тұтынушылардың құқығын қорғау, заңды мүдделерін қанағаттандыру әрі сапалы қызмет көрсету. Мемлекеттік қызметші болу зор құрмет екені белгілі. Сондықтан қызметшінің осынау кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болғаны абзал. Әсіресе, қазіргі таңда жаңа ақпараттық технологиялар мен БАҚ еркіндігі туған шақта мұндай қасиет әрбір азаматта болуы қажет. Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Қоғам, мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді. Қоғам адамдардың қауымдастығы болғаннан кейін мұнда адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, әр ортада белгілі-бір этиканы сақтайды. Этика – дегеніміз тәртіп сақтау ережелері. Ол қоғамда белгілі-бір нормаларға сай өмір сүретін қағидалардың жалпы жиынтығы. Ал бұл нормалар адамдарың мораль және адамгершілік қасиеттерінің болуымен тығыз байланысты. Мораль және адамгершілік туралы ілім этика (әдеп) болып табылады. Сондықтан этикет этика ілімінің негізінде қалыптасқан, яғни адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, адамдардың бір-біріне нұқсан келтірмейтін қоғамда тәртіп сақтау ережелері қалыптасты. Белгілі бір тәртіпсіз өмір сүру мүмкін емес, себебі егер қоғамда белгілі-бір этика сақталмайтын болса, адамдардың арасында қатынас хаосқа айналып кетуі мүмкін. Сондықтан әр қоғамда адамдардың тәртібін адами тұрғыда бақылайтын, теріс қылықтарды азайтатын белгілі бір нормалар жиынтығы құрылған. Мысалы: үлкендерге құрмет көрсету, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, т.б. этиканы сақтау өмірдің әр саласында әртүрлі. Этиканы қызмет бабында сақтау өте маңызды мәнге ие. Соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің этикасы басты назарды аудартады. Мемлекеттік қызметкер әртүрлі қоғам мүшелерінің өкілдерімен жұмыс істейтіндіктен, аса үлкен дайындықпен қызмет атқаруы тиіс. Қызмет орнында өзін-өзі ұстай білу, сыртқы бейнесі мен киім үлгісі тәртіпке сай болуын қадағалау, қимыл-әрекеттерін әңгіме кезінде басқара білу, анық әрі түсінікті, жүйелі түрде сөйлей білу – осылардың барлығы қызметкердің кәсіби этикалық құндылықтарына және жалпы қабылданған этика жүйелеріне жатады. Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметте және күнделікті өмірде жүріс-тұрыстарының стандарты. Еліміздің ертеңі мен бүгіні мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар-ождан және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, адалдықтың ақ туын абыроймен ұстауымыз керек. Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен күнделікті өмірдегі жекелеген факторлар мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр. Сондықтан мемлекеттік басқаруды жаңаша ұйымдастыру – Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты фактор болып саналады.
Айсулу Нурумова,
Шу аудандық қазынашылық басқармасының
бас маман-бас қазынашысы.