Ақпараттық портал

Эхинококкоз немесе жылауық құрт кеселі

Эхинококкоз аурушаңдығы халық арасында кездесетін –созылмалы түрде өтетін ауыр ағымды әлеуметтік маңызы бар, табиғи ошақтық биогельминтоз.
Жылауық құрт кеселі – адам мен мал ағзаларына құрт ұрықтарының түсуінен пайда болатын дерт. Ол көбінесе аңдар мен ауыл шаруашылығы малдарынан, ит, мысықтардан жұғады. Көзге әрең көрінетін жылауық құртының ұзындығы 2мм ден 1см-ге дейін болады. Олар иттің, қасқырдың, түлкінің аш ішегінде өсіп өнеді де, солардың дәреті арқылы суды, шөпті, жерді ластайды және қоршаған ортада ұзақ уақыт өсу қабілетін жоғалтпай сақталады.
Бұл құрттар адам ағзасына аң терілерін пайдаланғанда, ит пен мысықты ұстағанда қолды жумай тамақ ішкенде адам ағзасына түседі. Асқазанға түскен жылауық құрттың ұрығы сыртқы қабығынан айырылып ішек қатпарларына енеді, содан әрі қан тамырларына түсіп, бауыр, өкпе, бүйрек, ми және басқа ағзаларға барып ұялайды. Уақыт өткен сайын құрт өсіп өне бастайды. Сырқаттың белгісі біліне бастайды, құрт өскен жердегі ағзаның қызметі бұзылады.
Егер науқас адам уақытында дәрігерге көрініп анықтап емделмесе, уақытылы ота жасатып тез арада жылауық құрт қалтасын алдырып тастамаса, ол ұлғая келе жарылып, науқастың өміріне қауіп төндіреді. Бір ауру итте 200 мыңға жуық жылауық құрттың ұрықтары болады. Ал сырқат ит күніне қоршаған ортаға яғни үйдің айналасына, аулаға мыңдаған жұқпалы жылауық құрт ұрықтарын шашады. Ол ұрықтар шөптермен су арқылы малға, тамақ пен су арқылы адамға жұғады.
Ауру таратушы иттерді бұл аурудан сақтандыру жолдары қиын емес. Ол өлген малдардың етін, үйде сойылған малдардың жылауық құрт ұясы орналасқан ағза мүшелерін, өкпе бауырларын итпен мысықтарға жегізбей терең шұңқырларға көміп немесе өртеп жіберген дұрыс.
Эхинококкоз ауруының алдын алу мақсатында иттерді құжаттандырып, ветеринарлық емдеу мекемелеріне көрсетіп, дәрі беру қажет, ал шаруашылыққа пайдасы тимейтін бұралқы иттерді құрту шаралары жасалу қажет. Адамдар итпен қарым-қатынаста болғанда жеке бас гигиенасын сақтауы тиіс. Малдарды тек арнайы мал соятын орындарда ветеринар маманының бақылауымен сойып, зақымдалған малдың мүшелері анықталған жағдайда өртеу қажет.
Өз денсаулығымыз, өз қолымызда екенін ұмытпайық!

Б.Сматулла,
Жамбыл бөлімшелік көліктегі
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының
жетекші маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.