Ақпараттық портал

экономикалық аймақтың әлеуеті артады

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов облысқа жұмыс сапары барысында Шу ауданындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына ат басын бұрды. Қазіргі таңда мұнда 9 инвестициялық жобаны іске асырып, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Премьер-Министр алдымен арнайы экономикалық аймақтың жоспарлары мен шетелдік инвесторлардың жобаларымен жан-жақты танысты. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өндірістік аумақта атқарылған шаруалар мен алдағы жоспарларды және өңірдің индустриалдық мүмкіндіктерін баяндады. Мұнан соң Үкімет басшысы арнайы экономикалық аймақта жобаларын жүзеге асыруға ниет білдірген инвесторлардың мәселелерін тыңдады. Кремний өндірісін қолға алып отырған қытайлық инвесторлар жылына 1,5 миллион тонна дайын өнім шығарып, он мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр екен. Құны 5 миллиард АҚШ долларын құрайтын жоба үш кезеңге бөлінген. Үшінші кезеңде поликремний мен күн батареяларын өндіруді мақсат еткен қытайлық инвесторлар өндірісті іске асыру бойынша көмір отыны, шикізат қоры секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешілгенін атап өтті. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов оларға өндіріс қажеттілігіне қарай жер мәселесін шешуге көмек берілетінін жеткізді.
Ал 2026 жылға дейін 500 мың тонна, 2030 жылға дейін 1 миллион тонна кальцилендірілген сода өндіруді көздеп отырған түркиялық инвесторлар өндіріс аумағына жақын елді мекендер болмағандықтан темір жол торабының қажеттілігін алға тартты. Логистика мәселесін шешіп берумен қатар жобаның екінші кезеңінде газдың қажеттілігі болатынын да жеткізді. Үкімет басшысы түркиялық инвесторларға инфрақұрылым мәселесі толығымен шешілетінін, ол бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне нақты тапсырма беретінін айтты. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтағы мәселелер тұрақты бақылауында болатынын, мұндағы әрбір жобаның нәтижелі іске асуына Үкімет тарапынан және жергілікті әкімдіктен қолдау көрсетілетінін тілге тиек етіп, өңір өндірісінің өркендейтініне сенім білдірді.
Тағы бір айта кетерлігі, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында бастапқы кезде бұрын-соңды елімізде мүлдем өндірілмеген немесе аз көлемде ғана өндірілген әрі шетелдік және отандық инновация мен ғылыми-техникалық ізденістердің нәтижесінде өмірге келген экономикалық тиімділігі аса жоғары, экологиялық таза 7 өнім түрі шығарылатын болады деп жоспарланған еді. Олардың қатарында бұған дейін Қазақстан мен ТМД елдерінде аз көлемде шығарылып келген және соның салдарынан қажетті сұраныс көбінесе импорттау арқылы қамтамасыз етілетін каустикалық сода мен хлор, үштекті фосфор өндірілетіні айтылған. Алайда, уақыт өте келе аталған жобалардың басым бөлігі жүзеге аспай қалды. Осыған байланысты, облыс басшылығы «Тараз химиялық паркіне» тек химия бағытындағы емес, бұдан өзге де кәсіпорындарды орналастыру жөнінде шешім шығарған болатын. Жоғарыда атап өткеніміздей, қазіргі кезде мұнда түрлі бағыттағы бірнеше жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында, гербицид өндірумен айналысатын «ХИМ-плюс» ЖШС бар. Аталмыш серіктестік осыдан бірнеше жыл бұрын іске қосылып, өзінің дайын өнімін шығара бастаған. ТМД елдерінің ауыл шаруашылығы саласында үлкен сұранысқа ие бұл өнімдер нарықта айтарлықтай танымал бола бастады. Серіктестік өнімдері егіншілікке жарамды жерлерді арамшөптен арылтудағы тиімділігі мен экологиялық залалсыздығына байланысты ірі агроқұрылымдардың тарапынан үлкен қолдауға ие болған. Әзірге гербицид пен глифосат «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында шығарылатын жалғыз бренд болып отыр. Айта кету керек, дәл осындай өнім Павлодар облысы мен Степногорск қаласында ғана шығарылады екен. Серіктестік арамшөптерді жоюға арналған «Фараон голд» гербицидін сұйық түрінде, ал «Фухуа Глифосат 757» гербицидін түйіршік түрінде шығарады. Түйіршік түріндегі дайын өнім әсіресе Қытай елінде үлкен сұранысқа ие. Сонымен бірге шикізатты өңдеп, дайын өнімді шығарып, оны қаптауға дейінгі жұмыстардың барлығы осында атқарылады. Өнімді қаптауға арналған жабдықты дайындайтын құрылғыны Италияның «TECHNE» компаниясынан алдырған. Қазіргі таңда дайын өнімді сақтауға арналған бірнеше қойма бар.
Экономикалық аймақта «ХИМ-плюс» ЖШС-нен бөлек, «QAZSUGAR Co» серіктестігі соғатын қант зауыты, натрий цианидін өндіретін «Altynalmas Reagents» ЖШС, геосинтетикалық мембраналарды өндіретін «Qazgeomax» ЖШС сынды бірқатар серіктестіктер бар. Одан бөлек, экономикалық аймаққа қызығушылық танытып отырған инвесторлардың да саны артып келеді. Аталмыш кәсіпорындар өз жұмысын бастағанда мыңдаған адамға тұрақты жұмыс орны ашылатыны белгілі. Оған қоса, химиялық парктің шығарған өнімдері негізінде өңіріміздегі көптеген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмысы жаңаша қарқын алатыны да сөзсіз. Айта кету керек, Шу ауданы аумағындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы сияқты мегажобаның жүзеге асырылуы жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, инфрақұрылымын, халықтың әл-ауқат деңгейін біршама өзгертіп, айтарлықтай оң өзгерістердің орын алуына әсер етеді. Сондай-ақ, экономикалық аймақтағы барлық кәсіпорын толық қуатында іске кіріскенде өңірімізбен қатар тұтас республиканың экономикалық өсімге қол жеткізуіне үлкен серпін беретіндігі даусыз. Ал, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов аудандағы жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовке өндіріс саласына қатысты бірқатар тапсырмалар беріп, инвесторлардың жұмысына сәттілік тіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.