Ақпараттық портал

Образды сомдаған көкем…

Кәсіби маман болу үшін ең алдымен азамат болу парыз.
(Автор).

Бала шақтан кеудеңде таласты үміт,
Қаныңда жоқ әу бастан оғаш қылық,
Өз күшіңмен өрледің Тұңғыш көке,
Бақытыңды сәтімен қаластырып.
Әлдекімдер жоғалтса ұят-қисарын,
Жолға салдың түзетіп мін қиқарын.
Тасығанның талқандап тас қамалын,
Мұңды жанның маңдайын сан сыйпадың.

Иә, жақсы адамнан жаттық жерімейді. Ол қашан да арына адал, намысына берік. Жалпы, қазақ жақсы мен жайсаңға тапшы емес. Елдің қадірін біліп, төрелі сөздің төркінін ұққан даналар тарих беттерінде қаттаулы. Осындай даналардың жолын қуып, әке мен шеше дарытқан адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген асыл азамат – Тұңғышбай көкем.
«Асыл туған адамның, алтын жетпес нарқы бар» дейді дана халқымыз. Жақсыны жатқа санамайтын қазақ жаны жайсаң адамды асылдың сынығына, айдынның тұнығына балап жатады. Бұл қанымызға сіңген құнды қасиет.
«Шексіз… Көкке зейін салсаң, өзіңнің айналадан алған сансыз ақпараттан туған сұрағыңа жауап табарың сөзсіз-ақ» деген екен бір ғұлама. Кеше ғана «Планеталар парадын» тамашалаған едім. Дәл сол тізбектеліп өткен планеталар көрінісі біздің әлі де ғарышта емес, қасымыздағы адамдарды толық біліп,танып жүрмегеніміздің айғағы.
Көкемнің мәдениеттегі жетістіктерін әріптестеріндей жаза алмасымды білемін. Сонда да ол кісінің 1980 жылы шыққан «Гонцы спешат» фильміндегі Әбілқайыр ханның образын ұлтымызға қанық жеткізгені құндылық. Көкемнің кәсіби туындыларына сансыз залдар мен алаңдар куә. Ал, фантастика мен тылсым күштің ғажаптығына жетектеп, ойыңды мәдениеттің шексіз кеңістігіне шарықтататын «Заблудившийся» фильміндегі ғажап образы шәкірттеріне үлгі. М.Әуезов театрының сахнасына алғашқы шығарылған «Абылай хан» (Ә.Кекілбаев) спектаклінен соң кездескенімде көкемнің әлі де сол ғасырда, хан образында аялдағанына таң қалдым. Оның сахнадағы тұлғасына, әсіресе Абылай хан рөлін сомдауына таңырқамау мүмкін емес. Атқа отырысы, қалың қабағы мен басын шұлғуы сол ғасырлардың ұлыларымен араласып, кездесіп отырғандай күйге бөлейді.
Әлі де шығады деген үмітім өшпеген «Феникс» туындысын дайындағанда көкеміздің алдын ала техникалық ғылымды, ғарыш әлемінің физикалық, астраномиялық күштерін танып,сипаттамаларын керемет меңгергеніне тағы да таң қалдым. Ән орындағанының өзі қандай ғажап! Кейбіреулер сахнадан көрерменге жотасын көрсетсе, ыңғайсыздау-ау. Ал көкем шексіз кеңістікке Апаллонша шарықтап барып, қасымызға қайта оралады…
Барлық қимылымен жүрегінің дүрсілін тыңдаушыға қалай жеткізгенін елестеткен боларсыздар.
Мәдениет саласына баға беруден аулақпын. Мамандар айтар, жазар. Сонда да осы тұста М.Жванецкийдің мына сөзі ойыма оралды: «Мен мәдениет министрінен қорықпаймын, министрдің мәдениетінен қорқамын». Қандай салада болмасын мәдениет алдыңғы шепте болса, қоғамдағы бірталай қадам олқылықсыз боларына сенімім мол. «Мәдениетті азамат барлық жерде мәдениетті» десек, осы қанатты сөз Тұңғышбай көкеме арналғандай.
Кездесу мен мерекелерде көкемнің өзін байсалды, парасатты ұстауы өзін ұстағанынан емес, оның табиғатынан, жаратылысының солай қалыптасуынан деп білемін. Менмұндалап, жарқырап көрініп тұрғаны сол себептен. Мақтағаным емес, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегенім.
«Нағыз қыран мәңгі ардақтап, өтер болар өз көгін,
Өзіңді өзің ұмыта біл, бақыты үшін өзгенің»-дейді Мұхтар ағам.
Көкемнің көп адамға тірек болып, рухани көтермелегені баршаға белгілі.
Міне, осылай көкемнің шексіз қасиеттеріне таң қалып, оның жәй адам еместігіне көзім жеткен. Осы дәуірде, мына ғаламда, бір уақыттарда осы кісімен бірге болғанның өзі қандай баға бергісіз байлық. Баяғыда біреу «Менің көршім Абылай ханның атқосшысы» деген екен. Көкемді құшағыма алып, амандасқанымның өзі ғажаптың ғажабы.
Аудармасын айтсам, мағынасын келтіре алмай қалармын деген оймен В.Маяковскийдің мына ұлы сөзінің түпнұсқасын жаздым: «… гвозди бы делать из этих людей, крепче бы не было в мире гвоздей». Бұл сөз тікелей Тұңғышбай көкем секілді жандарға арналып жазылған шығар деген ой келеді.
Әділ Несіпбаев,
шәкірті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.