Табиғатты аялайық, адамзат!
Адамның іс-әрекеттерінің тікелей табиғатқа әсер етуін антропогендік факторлар деп атайды. Жер тарихында адамның пайда болуының өзі ең ірі эволюциялық өзгеріс деп есептелінеді. Алғашқы кезде адам санының аз болуы және табиғатқа табыну дәстүрінің болуына байланысты адамның табиғатқа әсері онша байқала қоймады. Бірте-бірте адам санының артуы, жаңа жерлерді игеруі, табиғат байлықтарын кеңінен пайдалануы нәтижесінде адамның табиғатқа ықпалы арта түсті.
XXI ғасыр – экологиялық проблемалардың өршіп тұрған заманы. Бұл проблема бүкіл дүние жүзін қамтыған. Қазірден қолға алмасақ, бұл үлкен мәселелердің пайда болуына себепші болады. Сол проблемаларға тап болған, әрі күресіп келе жатқан елдердің құрамына Қазақстан да жатады.
Қазақ халқы ежелден-ақ табиғатпен біте қайнасып, оның қайнарларына бас қойып, тәңірі тарту еткен тамашаға тәнті болып қана қоймай, тазалығына ден қойған. Қазақтың көшпелі өмірінің өзінде табиғатты пайдаланумен қатар, оны аялаудың, қорғаудың тамаша үлгілері қалыптасқан. Осы арқылы болашақ ұрпақ бойына табиғатпен етене жүруді сіңіріп отырған. Қазіргі дүниежүзілік ғылыми-техникалық прогресс пен адам әрекеті табиғаттағы тепе-теңдікті бұзып, болашақ ұрпақтың алдына ғаламдық экологиялық проблемаларды тудыруда. Табиғаттың байлығын қажеттілігімізге жүйелі жаратудың орнына кейінгі жылдары оған жаппай үлкен қауіп тудыратын факторлардың өршуіне себепші болып отырмыз. Ядролық, экологиялық, биологиялық қарулардың сыналуы, ормандардың оталуы, аң мен құстардың есепсіз жойылуы, адамның ақыл-ойын аздыратын арақ пен есірткінің таралуы – осы экологиялық апаттың көзі болып табылады.
Шын мәнінде туған еліміздің экологиялық ахуалы қандай екенін көпшілік біле бермейді. Неге десеңіз, экологиялық ақпаратты игеру үшін экологиялық білім керек. Қазақстанның экологиялық ахуалына қысқаша талдау жасағанда мынаны байқауға болады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша құнарлы жерлердің 25-30 пайызы жарамсызданса, Павлодардағы ірі өндіріс орнының зиянды экологиясы айтпаса да түсінікті. Ал Каспий теңізінің 268 млн гектар жағалауы су астында қалып, олардың мұнай өнімдерімен ластануы одан ары етек алуда. Семей полигоны жайлы көп айтылады, әйтсе де халыққа әкелген зардабы жайлы маңызды шешім табылған жоқ. Әсіресе, Азғыр мен Тайсойған полигондары қамтып отырған 1,4 млн га жер радиоактивті ластануда. Оңтүстік Қазақстандағы экологиялық жағдайлар Арал өңіріне тән Әмудария мен Сырдария бассейнінің 2 млн га жерін шөлге, жарамсыз жерге айналдырды. Осы өңірдегі 300 млн га сексеуіл ормандары құрып кетті. Шу-Мойынқұм, Балқаш-Алакөл, Ақдала аймақтарының да экологиясы мәз емес. Әсіресе, Қапшағай, Тасөткел су қоймаларының салынуы, суды көп қажет ететін күріш, техникалық дақылдардың егілуі — суармалы жерлердің тозуына әкеп соқты. Айта берсең, таусылмайтын мәселелер. Бірақ, адамдар орын алып жатқан проблемалардың себепшісі өзі екенін біле ме?
Анығырақ білу үшін бір елді мекенді мысал ретінде қарастырайық. Ол өзіміздің Шу ауданымыз болсын. Соңғы жылдары Шу ауданының экологиясының басты проблемасы – ауаның ластануы, автомобильдердің шығуы және өндірістік түтін болып табылады, бұл әсіресе қала орталықтарында көрінеді. Көмір, вольфрам, алтын, сурьма сияқты қатты қазбаларды өндіру де экологияға залалын тигізеді. Кен өндіру кезінде жоғары температура қолданылады, яғни көмірқышқыл газының шығуы орын алады. Су объектілерінің ластануы да ойлантарлық жайт. Көптеген адамдар бұл туралы ойламайды. Адамдар ойларына келгенше жерге де, суға да қоқыс тастай береді. Суға түсетін пластик баяу ыдырайды (шамамен 100-ден 1 мың жылға дейін). Өндірістік ағынды сулар су жануарлары мен қосмекенділерге, соның ішінде адамдарға қауіп төндіреді. Ормандарды кесу де экологияға зиян келтіреді, өйткені ағаштар атмосфераны тазартады және оларсыз таза ауа болмайды. Каналдарға судың келмеуі, өзеннің тартыла бастауы да экологиялық проблемалардың айқын көрінісі. Шудың каналдарына Қырғызстаннан келетін су бөгеттерінің тартыла бастауы айналып келіп адамдардың өздеріне зиянын тигізіп жатыр. Тұрғындар бау-бақша, егін алқаптарын суғаруға су таппау үстінде. Бұл мәселеден біз дүниежүзі елдерінің экологиялық проблемалары бір-бірімен тығыз байланысты екенін ұғамыз. Бірақ, әлі де кеш емес. Қоршаған ортаны қалпына келтіруге көмектесетін жолдар бар. Әр адам жерге көмектесе алады. Ағынды суларды тазарту, таза энергия көздеріне көшу, өндіріс қалдықтарын азайту, пластмассаны сұрыптау және қайта өңдеу, пластикалық ыдыстарды қағазға ауыстыру секілді әрекеттер арқылы біз өзіміз тұратын жерімізді түрлі проблемалардан сақтай аламыз.
Жалпы айтқанда, «Табиғаттың адамсыз күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» демекші, қоршаған ортаны қорғау – біздің борышымыз.
Тоғжан Тоқтаболат,
А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның 10 «Б» сынып оқушысы.