Ақпараттық портал

Бала тілі дұрыс шықсын десеңіз…

Қазіргі кезде балалар тілінің шығуының кешігуі, не дыбыстарды айталмайтын балалар саны өте көп. Әдетте тілдік кешігуде баланың интелектісі мен есту қабілеті бұрынғысынша сақталады. Тілдік дамудың кешігуі түрлі себептерге байланысты. Ол тілдік сөйлеу аппаратының зақымдануынан немесе ми қабаттарының ауруға шалдығуынан пайда болады. Тілдік дамудың кешеуілдеу белгілері әртүрлі болса да, мұндағы басты мақсат – біреу. Ол баланың сөздік қорын қалай болғанда да әдеттегі деңгейге жеткізуге тырысу, сол үшін ата-ананың ұшан-теңіз еңбек етуіне тура келеді. Бұл міндетті шешу сөзсіз оңай емес. Бірақ ата-ана да, ұстаз да өздерін оптимистік жағдайда ұстауы тиіс. Әрине, ең оңай жолы логопед маманына тапсыра салуға болар еді. Бірақ бір ғана маманның күші жете бермейді, қосымша үйден ата-ана да өз баласына логопед болуы тиіс.
Бұл үшін не істеу керек? Ең алдымен уақытты босқа өткізіп алмаған жөн. Бала жасы өскен сайын нәтижеге жету жолы да алыстай береді.
Сол үшін төмендегі кеңестерді ұстанып, әр ата-ана орындаған жөн.
-Әр іс-әрекет кезінде өз балаңызбен сөйлесіңіз. Мысалы, тамақ жасау кезінде, үй жинап жүргенде, ойнағанда, серуенге шыққанда және т.б. не істеп жатқаныңызды, не көргеніңізді, бала не істегенін, басқа адамдар не істеп жатқандарын және баланың не көріп отырғанын айтып отырыңыз.
-Қалыпты темпте, интонациямен, асықпай сөйлесіңіз.
-Баламен тек қана дұрыс тілде сөйлесіңіз, «бала тілін» ешқашан қолданбаңыз.
-Балаңыздың барлық сұрақтарына шыдаммен жауап беріңіз, сұрақ қоюын мадақтаңыз.
-Құрастырылған сөздерді, сөйлемдерді дұрыс қолданып айтыңыз. Сіздің сөйлеміңіз баланың сөйлемінен 1-3 сөзге ұзын болу керек.
-Ашық сұрақтарды қойыңыз. Бұл балаңыздың жауап бергенде бірнеше сөздерді қолдануға итермелейді. Мысалы: «Ол ойнап отыр ма?» дегеннің орнына «Ол не істеп отыр?». Егер де бала жауабында қиналса, сұрақты қоя отырып «немесе» деген сөзді қолданыңыз. Мысалы: «Бала секіріп тұр ма немесе жүгіріп бара ма?».
-Баланың сөйлеуіне және сұрақтарға жауап беруіне мүмкіндік үшін, уақытты кішкене созып тұрыңыз.
-Сізді қоршаған дыбыстар мен дауылдарды тыңдаңыз. Балаға айтыңыз: «Тыңдашы, ит қалай үретінін, ал бұл желдің дауылы» және т.б. Ал сосын сұраңыз «Бұл не?» Бұл иттің үруі, желдің дауылы.
Cалтанат Қалыбай,
«Әсем» бөбекжай бақшасының логопеді.
Төле би ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.