Қала бюджеті үш есеге артты
Шу қаласы елдің ірі теміржол торабы ретінде белгілі. Мұнда 45 мыңнан астам адам тұрады. Жылдан жылға қала өсіп, дамып келеді, оның инфрақұрылымы да жақсаруда. Жуырда Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындылары бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы айтты. Оның айтуынша, қала бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артып, яғни 326 млн теңгеден 938 млн теңгеге дейін ұлғайды. Оның 520 млн теңгесі мамыр айында облыстық бюджетті нақтылау барысында бөлінді.
Қала 8 массивке бөлінген. Атап айтсақ, олар Қант зауыты, Тоғай, Жанқұлиев, Батыс, Горгаз, Жайсан, Жетісу, Қосқұдық. Мұнда шешуді қажет ететін көптеген мәселелер бар. Оларды тұрғындар БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде жиі көтереді. Мәселен, қаладағы ең өзекті мәселелер бойынша кәріз және ағынды сулар жүйесі көш бастап тұр. Бүгінгі таңда кәріз жүйелерінің 86 пайызы тозған. Осы жүйені қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге аудандық бюджеттен 45 млн теңге бөлінді. Оң қорытынды алынған жағдайда ол 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде ұсынылатын болады. Бюджеттен қаражат берілген кезде сарқынды суларды жинау орны қаладан 12 шақырым қашықтыққа ауыстырылады және арнайы сүзгілермен жабдықталады. Сонымен қатар, биыл аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімімен кәріз жүйесінің қауіпті аймақтарын қоршау жұмыстары жүргізілетін болады.
-Қала тұрғындарын электр қуатының жиі сөнуі де алаңдатады. Себебі электр желілерінің 70 пайызы қанағаттанарлықсыз күйде. Сонымен қатар, қолда бар 3 қосалқы станция қаланы қажетті электр энергиясымен қамтамасыз ете алмайды. Бұл мәселені шешу үшін қазіргі уақытта Жанқұлиев тұрғын алабында төртінші қосалқы станцияны іске қостық. Аталған объектіге техникалық қызмет көрсетуді облыстық “Жамбыл жарық саудасы” ЖШС жүргізеді. Қосалқы станция іске қосылғаннан кейін Қосқұдық шағын ауданындағы су мұнарасы да жұмыс істей бастады, бұл қаланың тағы 8 мың тұрғынын орталық су құбырына қосуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, жақын арада Жанқұлиев тұрғын алабындағы Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс, Сайбөкен және Ақкербез көшелеріне электр желілері тартылатын болады, – деп атап өтті қала әкімі.
Қалаішілік жолдарды жөндеу мәселелері де өзекті мәселелердің үштігіне кіреді. Шу қаласында ұзындығы 204,2 шақырым болатын 313 көше бар. Бүгінгі таңда олардың 181-де асфальт жабыны жоқ. Осы мәселені шешу мақсатында ағымдағы жылы ұзындығы 24 шақырым болатын 27 көше жөнделді. Оның ішінде 17 көшеге асфальт төселді, 7 көшеге қиыршық тас төселді, үш көшеге тротуарлар жүргізілді. Қазіргі уақытта Сәтбаев көшесінен орталық базарға, Паровоз монументінен теміржол вокзалына және Ақарыс көшесіндегі жаңа тұрғын үйлерге қарай жаяу жүргіншілер жолдарының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда екі көшеде тротуарлардың құрылысы аяқталды. Баяндамашының айтуынша, 2024 жылы 30 көшені жөндеу жоспарланған. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Осы ұсыныстардың негізінде бюджеттен қолдау болған жағдайда ұзындығы 23 шақырым болатын 30 көше жөнделеді. Сондай-ақ, алдағы жылға арналған жоспарда алты көшеде ұзындығы 5,6 км жаяу жүргіншілер тротуарларының құрылысы қарастырылған.
– Соңғы жылдары қатты нөсер жаңбырдан кейін қала жолдарындағы ой-шұқырларда шалшықтар пайда болатыны белгілі. Сондықтан біз қаланың бес учаскесінде, атап айтқанда Сәтбаев – Түйебеков көшелерінің қиылысында, Орталық базардың жанында, Әбдікерімов көшесінде, сондай – ақ вокзал маңындағы аумақта жаңбыр суын жинауға арналған жүйені орнатуға 22,9 млн теңге жұмсадық,-деді Е.Нұралиев. Қалада 119 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 34-і мемлекеттік бағдарлама бойынша жөнделді. Ағымдағы жылы Абылайхан 7/3, Абылайхан 9, Абылайхан 14, Сәтпаев 203, Сейфуллин 1-3 көшелеріндегі үйлерді жөндеуге 167 млн теңге бөлінді. Осы жобалар бойынша мердігерлер анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алдымызда тұрған міндеттердің бірі көп пәтерлі үйлерді табиғи газға қосу болды. Қазіргі уақытта 119 көппәтерлі тұрғын үйдің 65-і пропан баллондарын тамақ дайындау үшін пайдаланады. Қалған үйлер табиғи газға қосылған. Биыл газ құбырлары он сегіз 5 қабатты, он бір 4 қабатты, сегіз 2 қабатты үйлерге жеткізілді. Жыл соңына дейін ішкі жүйелер жүргізіледі. Бұдан бөлек, коммуналдық меншіктегі Жетісу шағын ауданындағы 75 пәтерлі 5 қабатты үйді және С. Сейфуллин көшесіндегі жатақхананы табиғи газға қосу бойынша жұмыстарға бюджеттен 65,2 млн теңге бөлінді. Жұмыстар биыл аяқталады. Нәтижесінде, тағы 91 үй табиғи газға қосылады.
– Біз қаланы балалар ойын алаңдарымен қамтамасыз етуге тырысамыз. Биыл төрт жерде жалпы сомасы 52,2 млн теңгеге балалар ойын алаңдары мен көше воркаутына арналған алаңдар орнатылды. Атап айтқанда, халық санының өсуі байқалатын Қант зауытының шағын ауданындағы Үкілі Ыбырай және Тимирязев көшелерінде арнайы алаңдар салынды. Сонымен қатар, біз дәл осындай ойын алаңдарын тағы екі жерге орнатуды шештік, өйткені олар орталықтан алыс. Сондай-ақ, Сәтбаев көшесіндегі 159 көппәтерлі үйдің ауласында балалар ойын алаңы мен көше воркаутына арналған алаң салынды. Бүгінде бұл жұмыстар толығымен аяқталды, нысандар пайдалануға берілді. Келесі жылы бюджеттік мүмкіндіктерге сүйене отырып, осындай алаңдардың санын едәуір арттыруды жоспарлап отырмыз. Ал биылғы жылдың соңына дейін “Жібек жолы” мектеп-лицейі волейбол және баскетбол алаңдарымен жабдықталады, – деді қала әкімі.
Теміржол вокзалының ғимараты мен аумағын жөндеу мәселесі де өзекті болып қала береді. Негізгі ғимараттар “Қазақстан темір жолы” АҚ балансында тұрғанына, ал вокзалға іргелес жатқан жерлер қалаға жататынына қарамастан, осы аумақтарды жөндеу және абаттандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға қаражат көзделген. Жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланып отыр. Бұл қаланың сәулеттік келбетіне оң тұрғыда әсер етеді. Шу қаласы бойынша қоқыс жинаумен екі жеке серіктестік “Шу сервис” және “Greencity” айналысады. Қаладағы әрбір үй аталған мердігерлермен келісімшарттар жасау арқылы осы қызметті пайдалана алады.
– Тариф аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 5 мамырдағы №248 шешімімен бекітілген және бір қоқыс контейнері үшін 2953 теңгені, көппәтерлі үйлердегі бір адамға 391 теңгені, жеке тұрғын үйлер үшін бір адамға 493 теңгені құрайды. Қала орталығынан қоқыс шығаруды “Шу сервис” ЖШС, Қант зауыты және Тоғай мөлтек аудандарынан “Greencity” ЖШС жүзеге асырады. Сондай-ақ, біз қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмысын жүйелеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселе қалдықтарды өңдеумен айналысатын жеке инвесторға сенімгерлік басқаруға беру арқылы шешілетін болады. Алдағы екі айда осы жобаны іске асыруды бастауды жоспарлап отырмыз. Қоқыс жәшіктерін жаңартуға да назар аударылады және жыл соңына дейін біз олардың көпшілігін ауыстырамыз. Ал 2024 жылдан бастап қоқыс жәшіктерін орналастыру үшін алаңдарды кезең-кезеңімен ретке келтіруді бастаймыз. Бүгінгі таңда санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында қала әкімшілігі қаланың негізгі көшелерінің бойына ақылды бейнекамералар орнатты. Осы құрылғылардың көмегімен біз қала ішіндегі көзге тұрпайы қоқыс полигондарын жоюға қол жеткіздік, сол арқылы тәртіп бұзушыларға әкімшілік айыппұлдар салынды. Біз осы ақылды камералардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз, – деді Е.Нұралиев.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаланың 16 қауіпті учаскесінде 32 жасанды жол кедергілері орнатылды. Сонымен қатар, үнемделген қаражат есебінен 222 жол белгісін орнату қарастырылған, тиісті жұмыстар жүргізілуде . Қаланың үш жерінде жаяу жүргіншілер проекторлары орнатылған. Бұл проекторлардың ерекшелігі-олар түнде алыстан көрінеді. Бүгінгі таңда қала бойынша жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алуға 7055 өтінім тіркелген. Азаматтардың тілектеріне қарай әкімдік “оңтүстік-батыс” жаңа шағын ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (электр желісі, ауыз су, газ) жүргізілген учаскелерді бөлуді жоспарлап отыр. Бір мезгілде 590 азамат үшін жер учаскелерін беруге құжаттарды ресімдеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Спикер қалада әлеуметтік мәселелер қалай шешілетіні туралы айтып берді. Ресми дерекке сүйенсек, Шу қаласындағы жұмыссыздық деңгейі 1,4 пайызды құрайды. 2023 жылдың 8 айында “Ұлттық жоба” шеңберінде белсенді жұмыспен қамту шараларына 796 адам тартылды, тұрақты жұмыс орындарына 541 адам жұмысқа орналастырылды, Жастар практикасы бойынша 6 адам, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 190 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 23 адам жіберілді. Қайтарымсыз гранттарды 7 адам алды. “Күміс жас” бағдарламасы бойынша 19 адам, “Бірінші жұмыс орны” бағдарламасы бойынша 10 жас жұмысқа орналастырылды. Қалада 14 мектеп бар, оның ішінде 12 мемлекеттік және 2 жекеменшік. Оларда 9140-тан астам оқушы оқиды. Бес мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондай-ақ, 3 жаңа мектеп салу қажет, Мұратбаев атындағы мектепке қосымша құрылыс қажет. Сонымен қатар, 2024 жылға Тоғай және Жанқұлиев шағын аудандарында 600 орындық екі жайлы мектеп салу жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласында проблемалық мәселелер бар. Қалалық емханада терапевт, педиатр, кардиолог, окулист, лор, невропатолог мамандықтары бойынша дәрігерлер жетіспейді. Брифинг соңында Е.Нұралиев журналистердің сұрақтарына мардымды жауап берді.
Төкен Еркінов.