Медиацияның мақсаты – татулық пен тұрақтылық
«Медиация» термині латынның «mediare», делдалдық ету деген сөзінен шыққан.
Медиация – үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі. Аталған үшінші тарап ретінде медиаторды танимыз, ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, сонымен бірге тараптардың дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады.
Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады. Азаматтар, сондай-ақ заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады.
Қазақстанда «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Бұл заң ҚР медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды.
«Медиация туралы» Заң қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі етерлік, ұмытыла бастаған жақсы салт-дәстүрін қалпына келтіруге жасалған игі қадам десек те болады. Сондай-ақ, даулы мәселені оңтайлы шешудегі баламалы тәжірибе ретінде медиация тәсілін қолдану сот ісіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болмақ. Екі тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілетін келіссөз рәсімі азаматтардың құқықтық мүдделерін қорғайтындығы сөзсіз анық.
Медиация тәсілі сот жүйесіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден – бір жолы, яғни, тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Бұл рәсімде дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы береке-бірлікті сақтау мәселесі көзделеді.
Медиацияны жүргізу қағидаттары: еріктілік; құпиялық; өзара сыйласушылық; тараптардың тең құқылығы; медиатордың бейтараптығы мен әділдігі және рәсімнің ашықтығы.
Медиацияның мақсаты – татулық пен тұрақтылық, дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
Шу аудандық сотында татуласу рәсімдерін мейлінше көп қолдануға ықпал етіп, азаматтар арасында дау туындаған жағдайда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бітімге шақыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері татуластыру рәсімдерімен 190 азаматтық іс қаралып, өз өндірісінен қысқартылды. Оның ішінде, 29 іс бойынша тараптар бітімгершілік келісімге келген. 153 іс бойынша дау медиаторлардың қатысуымен шешілді, ал 3 іс бойынша дау партисипативтік рәсіммен реттелді.
Бұл сот тәртібінде қарастыруға тиіс даулардың санын қысқартып, сот жүктемесін төмендетіп, судьялардың күрмеуі қиын істерге көбірек ден қоюына жағдай туатынының бір көрінісі.
Ермек Оразқұлов,
Шу аудандық сотының
судьясы.